Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты локдаун енгізілуі мүмкін бе? Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жауап берді.
Кеше ғана елімізде үндістандық штамның таралуы жайлы хабарланған болатын. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қазақстанда алдын алу шаралары қызу жүргізілуде.
Бүгінгі күні республика аумағында локдаун енгізуге байланысты ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпыз. Күн тәртібінде де жоқ. Кеше өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында Нұр-Сұлтан қаласында шектеу шараларын қабылдадық. Оның бәрі алдын алу шаралары деп айтуға болады. Нақты нысандарға, әсіресе, адамдар көп жиналатын орындар, қызмет көрсету салалары, сауда орталықтарына байланысты шаралар жүргізілетін болады, - деді ол.
Сондай-ақ, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында ел азаматтарының вакцина салдыруда белсенділік танытулары қажеттігін атап өтті.