Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова колледждер арасында жүргізілген мониторингілеу қорытындылары туралы айтып берді.
Педагогтардың 43%-ының жылдық жүктемесі нормадан асатынын көрдік. Олар 1,5-нан 2-ге дейінгі мөлшерлемемен жұмыс істеген. Сонымен қатар бұл педагогтардың біразы соңғы 5 жылда біліктілікті арттыру курсынан өтпеген. Оқытушылардың жартысы оқыту кезінде цифрлық технология ретінде Whats’App, Zoom, Microsoft Teams, Skype қолданса, 9%-ы оқытуға арналған қашықтық технологияларды мүлде пайдаланбайды, - деді Гүлзат Көбенова.
Оның сөзінше, мониторинг жүргізген кезде колледждер Ұлттық білім беру деректер базасы арқылы іріктелді.
Дегенмен Ұлттық білім беру деректер базасында сәйкес келмейтін фактілер анықталды. Соның ішінде контингент, компьютерлер, интернет желісі бойынша. Мысалы, Атырау облысының Мақат мұнай және газ технологиялар колледжінде осындай факті анықталды. Қызылорда облысы Қазалы аграрлық-техникалық колледжі. Жалпы 11 колледжде, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында колледждерде компьютер мен интернет жылдамдығы бойынша талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталып отыр, - деп түсіндірді комитет төрағасы.
Айтуынша, мониторинг қорытындысы Білім басқармалары назарына жеткізілді. Сондай-ақ Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тарапынан ұсыныстар дайындалып, білім беру ұйымдарына жолданады.