Қазақстанда киіктің саны азайса, бүкіл әлемде азаяды деген сөз - Күрішбаев

8 Сәуір 2021, 10:50
1229
Бөлісу:
Қазақстанда киіктің саны азайса, бүкіл әлемде азаяды деген сөз - Күрішбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасын талқылау кезінде сенатор Ақылбек Күрішбаев жануарлар әлемін қорғау туралы сөз қозғады.

Қаралып жатқан заң жобасына сәйкес басым туристік аумақтар ұлттық парктердің шегінде болуы мүмкін. Кезінде Елбасының тапсырмасымен құрылған ерекше қорғалатын аумақтардың басты міндеті - болашақ ұрпаққа мұра ретінде табиғаттың болмысы мен биоалуантүрлілігін сақтау, - деді ол.

Қазақстанда Қызыл кітапқа енгізілген жабайы жануарлардың 43 түрі, құстардың 57 түрі мекендейді.

Климаттың өзгеруі, қауыпты аурулар, антропогендік әсерлер олардың популяциясына кесірін тигізуде. Мәселен, 70 жылдары бізде шамамен 1 млн 300 мың киік басы болса, ал қазір олардың бар болғаны 334 мыңы ғана қалған. Оның үстіне киіктердің әлемдік популяциясының 90%-ы қазақ жерінде мекендейтінін ескеруіміз қажет. Яғни, Қазақстанда бұл киіктің саны азайса, бүкіл әлемде азаяды деген сөз. Қазір бізде 4 255 құлан, 14 650 қарақұйрық, 18 460 арқар және 914 тоғай кербұғысы қалып отыр, - деп атап өтті сенатор.

Күрішбаев атап өткендей, жабайы жануарлардың көптеген түрі (киіктер, құландар, қарақұйрықтар және т.б.) қоныс аударатын жануарлар түріне жатады. Сондықтан да туристік қызметтің, атап айтсақ, шамадан тыс шу мен қозғалыстың, құрылыс нәтижесінде табиғи ландшафтардың өзгеруі және басқа да жасанды факторлар жануарлар әлемінің тыныштығын бұзып, стресс тудырмауы аса маңызды.

Мысалы, жабайы жануарлардың көшіп-қонуы кезінде жүріп өтетін жекелеген учаскелерде темір жолдарын, автомагистральдарды салу кезінде біз «экодук» деп аталатын арнайы табиғи жағдайға жақын көпір (эстакадалар) немесе жерасты өткелдерін салуымыз керек еді. Өкінішке қарай, ондай экодуктар еш жерде жасалмады, бұл жануарлар әлемінің экожүйесіне теріс әсерін тигізуде, - деп түсіндірді депутат отырыста.

Ақылбек Күрішбаев ғалымдар мен эколог мамандардың қатысуымен ерекше қорғалатын аумақтарда туристік қызметті ұйымдастырудың ерекшеліктері бойынша арнайы заңға тәуелді құқықтық акт әзірлеуді ұсынды.

Еске сала кетейік, Сенаттың жалпы отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловазаң жобасын таныстырды.

Өзгелердің жаңалығы