Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елорда әкімдігінің Facebook парақшасында «Ұлттық халық санағы 2021» тақырыбында өткен брифингте Ұлттық статистика бюросының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Жорабек Дауренов санақтың қалай ұйымдастырылатынын түсіндіріп берді.
Қазақстан Республикасының ұлттық санағы – бұл жалпы мемлекеттік іс-шара. Санақтың мақсаты – 10 жылдың ішінде демографиялық, экономикалық және әлеуметтік үрдістер туралы нақты расталған ақпарат алу.
Сонымен қатар халықтың білім деңгейі, неке, отбасылық құрамы, тұрғын үй жағдайлары, этнолингвистикалық құрамы мен қоғам талап ететін басқа да өзекті деректерді жинақтау. Бұл деректер еліміздің, оның ішінде әр аймақтардың, елді мекендердің жалпы жоспарлауы мен даму мақсатына қажет, - деді департамент басшысы.
Ол санаққа қазақстан тұрғындарының белсенді атсалысып, жалтармай, нақты расталған ақпараттарды берсе, онда жаңартылған деректер жинауға мүмкіндік туатынын айтты.
Санақты сапалы өткізу мақсатында екі кезеңге бөлінеді. Бірінші – дайындық кезеңі. Ол 1-30 маусым аралығында өтеді. Қазіргі күні бұл жұмыстар басталып кетті. Осы ретте тұрғын үй және тұрғын емес үйлерде адамдардың тұруын нақтылау. Бұл халықтан ауызша сауалнама арқылы өтеді.
Екінші кезең – мекен-жайлар мен онда тұратындардың санын нақтылау бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесі.
2021 жылғы санақтың басты жаңалықтарының бірі – 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн режимде өздігінен сауалнама толтыру мүмкіндігі болады. Жүйе 24 сағат бойы жұмыс істейді. Респонденттер санаққа қатысуы үшін өзіне ыңғайлы уақытты таңдауларына болады. Сондай-ақ сайтта бланк толтыруды тоқтатып, кейін оны қайта жалғастыруына да мүмкіндік бар. Одан бөлек, egov.kz платформасында электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы санақ өтуге болады, - деп түсіндіріп өтті Жорабек Дауренов.
Сонымен бірге мобильді азаматтар үшін Aitu қосымшасы арқылы санақтан өту мүмкіндігі бар.
Дәстүрлі жаппай санақ өткізу 1-30 қазан аралығында өтеді.