Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде Елбасының «Ел үміті» және «Қамқорлық» бастамалары аясында ұйымдастырылған қабілетті балалар мен жастарды қолдауға және инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты онлайн-форум өтті.
Елордада өткен форумға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаева, «Ел үміті» және «Қамқорлық» бастамаларының қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев қатысты.
Форумның басты қатысушылары «Ел үміті» бастамасының - «Елбасы медалі» жобасы, «Ел мақтанышы» сыйлығы, ауыл оқушылары арасында өткен «Мың бала» олимпиадасының жеңімпаздары болды.
«Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» форумын Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырды. Елбасы «Қамқорлық» бастамасын іске асырудың маңыздылығына назар аударды.
Бүгінгі таңда еліміздің сегіз өңірінде ашылған ауруханалар жанындағы оңалту орталықтары мен мектептер жанындағы инклюзияны қолдау кабинеттері үздік жабдықты пайдалана отырып, жыл сайын бес мың балаға тегін кешенді оңалту көрсетуге мүмкіндік береді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Ел үміті» және «Қамқорлық» бастамаларының жобалары іс жүзінде қоғамымыздың қажеттіліктеріне толық сәйкес келетіндігін дәлелдеді. Алдын ала қорытындылар бұл бастамалардың елеулі саяси және әлеуметтік әсерін көрсетті.
Форум соңында даму ерекшеліктері бар балаларға арналған 8 оңалту орталығының ашылу рәсімі өтті. Орталықтарды құруды Нұрсұлтан Назарбаев қоры өңірлік әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асырды. «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ» АҚ орталықтарды арнайы жабдықтармен қамтамасыз етті.
Әр орталықта 13-тен астам кабинет бар. Олар ЕДТ және механотерапия, бальнеотерапия, эрготерапия, физиотерапия, логопедия, дефектология, БКБ терапия залдары, шунгитті және тұзды бөлмелер. Осылайша, бұл орталықтар жыл сайын даму ерекшеліктері бар 5 мың балаға көмек көрсете алады, онда саны 30-дан астам әр түрлі кешенді қызмет түрлері тегін көрсетіледі, - делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.