Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында 15 832 шетелдік азамат еңбек қызметін жүзеге асыруда.
ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 658 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 430 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Тартылған ШЖК-нің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 302 адам және 1 058 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 1 728 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде – 1 656 адам тартылды.
Қазір Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1770 жұмыс беруші бар. Оларда 455 мыңға жуық Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл жалпы жұмысшылар санының 96%-ын құрайды. Еңбекші мигранттар шығатын негізгі елдер келесі: Қытай – 3459 адам, Өзбекстан – 1 693 адам, Түркия – 1 621 адам, Үндістан – 1 145 адам, Ұлыбритания – 1 038 адам, - делінген ақпаратта.
Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді. 2020 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,32%-ды немесе 29,3 мың бірлікті құрады.