Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Республикасының атом саласында мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосқан маңызды мәселелер шешілді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Нәтижесінде Кеңес Одағы аумағындағы бірінші және ең ірі сынақ полигоны қызметінің жұмыс істеуі аяқталды. Бұл Елбасының халық мүддесі үшін қабылдаған батыл шешімі Қазақстанның қарусыздану, ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздік саласындағы өзінің жаһандық көшбасшылығын нығайтуға көмектесті – дейді Нұрлан Ноғаев.
Тарихи тұрғыдан алғанда, алғашқы атом бомбасы полигон аумағында 1949 жылы «Тәжірибе алаңында» сыналды.
Полигон аумағында 42 жыл бойы ядролық қарудың барлық түрлерінің жалпы алғанда 456 сынағы жүргізілді, бұл көптеген аумақтарға радиацияның таралуына әкелді. Полигонның жабылғанына қарамастан, оның аумағында ядролық сынақтар жүргізу үшін инфрақұрылым қалды. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан халықаралық қоғамдастықпен бірлесе отырып, ядролық қаруды сынаудың инфрақұрылымын және салдарын жою бойынша жұмыс жүргізді, полигонның бұрынғы әскери-өнеркәсіптік кешенін бейбіт мақсаттарға конверсиялауды жүзеге асырды – деді министр.
Өткен жылы жойғыш атмосфералық ядролық сынақтар өткізілген алаң – Семей полигонындағы «Тәжірибе алаңын» қауіпсіз жағдайға келтіру бойынша ең ауқымды және бірегей жобалардың бірі аяқталды.
Бұрынғы полигонның аумағы 18 300 шаршы километрді құрайды. Бұрынғы полигон жерлерінің радиоэкологиялық жай-күйін анықтау мақсатында, сондай-ақ оның ластанбаған бөлігін тиімді пайдалану үшін 2008 жылдан бері осы аумақта кешенді экологиялық тексеру жүргізіледі. Ағымдағы жылы осы зерттеуді толық аяқтау жоспарланып отыр. Зерттеу нәтижелері бойынша шектеуге жататын нормативтен тыс ластанған жерлер және шаруашылық айналымға беруге жарамды шартты таза жерлер айқындалатын болады – дейді Нұрлан Ноғаев.
Семей сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығына орай, Министрлік «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасын әзірледі.
Оның ережелерінде полигонның ластанған учаскелерінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және полигонның жарамды жерлерін шаруашылық айналымға беру үшін жағдайлар жасау көзделген. Семей сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл – бұл әлемдік қоғамдастықтың назарын ядролық қарудың таралу мәселесіне аударып, әлемді қалай қауіпсіз етудегі және «ұлттық трагедиядан – ядролық қарудан азат әлемге жету жолындағы ұлттық жетістікке жету» жолын өтудегі Қазақстанның үлгісін көрсетудің тағы бір мүмкіндігі – деді министр.