Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан өтпелі экономикасы бар елдер арасында таза ТШИ өсу қарқыны бойынша бірінші орында.
Мұндай деректер БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) «Инвестициялар жөніндегі дүниежүзілік баяндамасында» көрсетілген деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
COVID-19 пандемиясының әлем экономикасына теріс әсеріне қарамастан, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан өтпелі экономикасы бар 17 елдің және теңізге шыға алмайтын 34 елдің ішінде таза тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) көлемінің ең жоғарғы өсімін көрсетті, - делінген хабарламада.
Бүкіл әлемде олардың жалпы көлемінің 2005 жылдан бері ең төменгі көрсеткішке дейін үштен бірге қысқаруы аясында Қазақстанда өткен жылға қарағанда таза ТШИ 34,9%-ға көп тартылды.
Пандемиядан туындаған экономикалық дағдарыс әлемдегі халықаралық сауда-экономикалық қатынастардың құрылымына айтарлықтай өзгерістер енгізді. Бұл ТШИ ағындарында да көрініс тапты.