Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Біз өзіміздің экспорттаушыларымыз үшін тағы бір тарифтік емес кедергіні алып тастадық. Еурокомиссия ҚазСтандартты шарап сертификаттау жөніндегі құзыретті органдар тізіміне енгізді. ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов осылай деп хабарлады.
Енді Қазақстанда шарапты Еуропаға экспорттау үшін VI-1 сертификаты берілетін болады. Бұл шешімге ЕО-мен сәйкестік сертификаттарын өзара тану туралы өте күрделі және ұзақ келіссөздердің нәтижесінде қол жеткіздік. Еуропада өзінің өте күшті шарап өндірушілер лоббиі қалыптасқан әрі олар өз нарығын белсенді қорғайды. Көп жыл бойы өндірушілеріміз Еуроодақ органдарынан сертификаттар алуға мәжбүр болып келді. Ал бұл аз ақша емес және әрбір өнім топтамасы уақытша болса да сақтау қоймасында тұрып қалғанының өзі - уақыт. Әрине, мұндай қиындықтар экспортқа кедергі келтіреді - деді министр өз жазбасында.
Ол біздің елдің тауар өндірушілерінің сертификаттарының танылуына қол жеткізу үшін зертханалық сынақтардың «еуропалық сапа» кепілдігін қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс атқарғанын айтты.
Еуропаға экспорттау үшін шарап пен жүзім шырынына барлық зерттеуді жүргізетін үш зертхана таңдап алынды. Осы үш зертхананың зерттеу нәтижесіне біз ҚазСтандарт беретін сертификатпен және де өз жауапкершілігімізбен кепілдік береміз. Енді Қазақстан шараптарын ЕО елдеріне жеткізу арта түсетініне сенімдімін. Қазір, өкінішке орай, Еуропаға экспорт көлемі аз, оны мүлдем жоқ деп айтуға болады. Өткен жылы 975 литр шарап - 8 мың долларға сатылды(!) - деді Бақыт Сұлтанов.
Айта кететін жай, Қазақстанда он шақты шарап өндіруші компания бар.
Ең үлкен және белгілі компаниялар – Бахус, Arba Wine, Winnac Elite, Silk Alley, Агровинпром және басқалар. Олар қазірдің өзінде жақсы шарап шығарады дегенді дәлелдейтін халықаралық мойындауға ие. 2021 жылдың тамыз айында Шэньчженде өткен G100 International Wine & Spirits Awards 15-көрмесінде QazTrade-Accelerator бағдарламасының қатысушысы Arba Wine компаниясы 3 қола медальға ие болды. Қараша айында бірнеше шарап өндіруші компаниялар өз өнімдерін Шанхай импорттық көрмесінде ұсынады - деді ол.