Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экология министрлігінің өкілдері биылғы жылдың қараша айында Көкшетауда өткізу жоспарланған Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының он жетінші форумы келесі жылы өтетінін мәлімдеді.
Жақында Мәскеуде өткен Қазақстан Экология министрлігінің басшысы Мағзұм Мырзағалиев пен Ресейдің табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козловтың кездесуінде осындай жоғары деңгейдегі іс-шараны өткізуге дайындық мәселелері талқыланды.
Экология, «жасыл» экономика, биоалуантүрлілік, трансшекаралық өзендер саласындағы ынтымақтастық тақырыптары талқыланатын форумға бауырлас екі елдің көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин қатысады деп жоспарлануда.
Бастапқыда бұл іс-шараны қараша айында өткізу жоспарланған болатын. Алайда, бүкіл адамзат үшін қауіп-қатер тудырған коронавирус індетіне байланысты форумды кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды.
Ашық дереккөздерден белгілі болғандай, біздің еліміз бен Ресей Федерациясының өңіраралық ынтымақтастығының алғашқы форумы 2003 жылы өтті. Содан бері ол тек екі елдің шекаралас аймақтарында өткізілді. Алайда, форумның Ақмола облысында өтуі ерекше жағдай, себебі ол Ресеймен шектеспейді.