Балалар Евровидениесі: Өтінімдер 6 қазанға дейін қабылданады

29 Қыркүйек 2021, 17:50
14095
Бөлісу:
Балалар Евровидениесі: Өтінімдер 6 қазанға дейін қабылданады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан 19 желтоқсан күні Париждегі (Франция) La Seine Musicale концерт залында өтетін балалар Евровидениесі-2021 ән байқауына қатысады.

Осы орайда «Хабар» Агенттігі, Adam media және Мәдениет және спорт министрлігі «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауының Ұлттық іріктеуіне қатысуға өтінімдерді қабылдаудың басталғанын жариялайды.

Байқауға 9 жастан 14 жасқа дейінгі орындаушылар қатыса алады (финал уақыты кезінде, яғни, 2021 жылдың 19 желтоқсанда, үміткердің жасы осы көрсеткіштен асып кетпеуі керек).

Ұлттық іріктеу 4 кезеңнен тұрады.         

Бірінші кезең – өтінімдерді қабылдау. Қатысушыларға сауалнаманы толтырып, өзі орындаған әннің бейнежазбасын Ұлттық іріктеудің ресми сайтына jevision.khabar.kz жүктеуі керек. Өтінімдер 6 қазанға дейін қабылданады.

Екінші кезең – бұл халықаралық ән байқауларының жеңімпаздары мен танымал орындаушылардан құралған әділ-қазы алқаларының шешімімен ең мықты деген 30 қатысушыны іріктеу кезеңі.

Үшінші кезең - jevision.khabar.kz сайтындағы онлайн дауыс беру сатысы. Бұл кезеңде қазақстандықтардың әрқайсысы өзіне ұнаған қатысушыға дауыстарын бере алады. Онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша Ұлттық іріктеудің 12 финалисі анықталатын болады.

Төртінші кезең – Ұлттық іріктеудің финалы. Бұл кезеңде еліміздің ең танымал деген композиторларының қатысушыларға арнап жазған арнайы әнін орындау арқылы, 12 финалист әнді шебер орындау жағынан жарысқа түседі. Әділ-қазылар алқасының берген бағасы мен SMS дауыс беру нәтижесінде жеңімпаз анықталатын болады. Ең көп ұпай жинаған финалист Парижде өтетін «Junior Eurovision Song Contest» Халықаралық ән байқауында Қазақстан атынан байқауға қатысатын болады.

Қазақстан аумағында Junior Eurovision Song Contest сайысы «Хабар» телеарнасында трансляцияланады. 

Қазақстанның қатысуна қатысты келіссөздер ұзақ уақыт жүргізілді. Біздің сайысқа төрт жыл қатарынан қатысып келе жатқанымызға және EBU-дың қауымдастырылған мүшесі болып тағайындалғанымызға қарамастан, әр кезде өзіміздің техникалық жабдықталу, телевизиялық қамтылу және осындай ауқымды халықаралық іс-шараларды трансляциялау тәжірибесі бойынша белгілі бір талаптарға сәйкес келетіндігімізді растауымыз қажет. Еліміздің танымал конкурсқа өз қатысушысын ұсынуға тағы да мүмкіндігі бар екеніне қуаныштымыз. Барша қазақстандықтарды белсенді болуға және ортақ жеңіске жету үшін өз үлестерін қосуға шақырамыз, - деді «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина.
Биылғы 19-шы Junior Eurovision Song Contest балалар ән байқауына 19 ел қатысады. Олар: Албания, Армения, Әзербайжан, Болгария, Франция, Грузия, Германия, Ирландия, Италия, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Солтүстік Македония, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Испания және Украина.
Биыл Mezzo тобы «Жаңа толқын-2021» музыкалық байқауында төртінші орын алса, Рухия Байдукенова «Славян базары» байқауынан Гран-при алып келді. Балалар Евровидениесінде де жақсы нәтиже көрсетеміз деп сенемін, - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов.
Байқауға Қазақстанның осымен төртінші мәрте қатысуы - «Хабар» Агенттігінің 2016 жылдан бері Еуропалық хабар тарату одағының (ЕВU) қауымдасқан мүшесі атануының арқасында мүмкін болып отыр.

Қазақстан сайысқа алғашқы рет 2018 жылы қатысты. Ол кезде байқауға Данэлия Төлешова «Өзіңе сен» әнімен қатысып, алтыншы орынға ие болды. 2019 жылы Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орын алды (қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орын).

2020 жылы пандемия салдарынан балалар Евровидениесі онлайн-форматта өтті. Өткен жылдың гранд финалында «Forever» әнін орындаған Қарақат Башанова он үш қатысушының ішінде екінші орынға ие болды.   

Өзгелердің жаңалығы