Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұзақ жылдар бойы Нидерланды Корольдігінің іскер топтары Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторлары болып келеді. Бұл ынтымақтастық екі ел басшылығының арқасында нығая түсуде. Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Жұмағалиев осылай деді.
Нидерланды Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Амре Карстенс мырзамен бірге, Нидерланд-Қазақстан бизнес қауымдастығының өкілдерімен дәстүрлі кездесу өткіздік. Қатысушыларды еліміздегі саяси және экономикалық реформалар, сонымен қатар қолайлы инвестициялық жағдай құру бойынша қабылданған шаралармен таныстырдық - дейді елші.
Оның сөзіне қарағанда, кездесу барысында дәстүрлі энергетика мен ауыл шаруашылығында ғана емес, сондай-ақ жасыл энергетика, көлік, медицина, фармацевтика және т.б. салаларда ынтымақтастықты нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеуге келіскен.
Екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін елшілік барлық қажетті қолдау көрсетуді жалғастырады. Сонымен қатар, Куанышбек Есекеев Нидерланд-Қазақстан бизнес қауымдастығының құрметті төрағасы болып тағайындалды. Оның қатысуы екі ел бизнесмендерінің ынтымақтастығын нығайтуда оң әсер беретініне сенімдімін - деді Асқар Жұмағалиев.