«Қазақстан мұғалімі» жеңімпазына ақшалай сыйақы беріледі

28 Шілде 2021, 13:21
10518
Бөлісу:
«Қазақстан мұғалімі»  жеңімпазына ақшалай сыйақы беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығы аясында өтетін «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының жеңімпазына қанша қаражат берілетіні айтылды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте «Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры» ЖҚ төрағасы Ермек Мәжитов айтты.

Қор төрағасы атап өткендей, ТОП 50 мұғалім тәуелсіз академия қазылар алқасы арқылы іріктеледі. Олардың арасынан 10 финалист анықталып, «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығын тапсыру үшін шақырылады. Марапаттау рәсімі 24 қыркүйекте Алматы қаласында өтеді.

Жеңімпаз бен 10 финалист автоматты түрде «Әлем мұғалімі-2021» жаһандық сыйлығының номинанттары қатарына енеді. «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының амбассадоры мен жеңімпазы 10 мың АҚШ доллары қаражат көлемінде сыйақымен марапатталады. Жеңімпаздан бөлек 9 финалистке де бағалы сыйлықтар табысталады, - деді ол. 

Сондай-ақ биылғы жылы «Болашақ мұғалімі» атты жаңа бағыт іске қосылады.

Жоба аясында 10 ЖОО-дан педагогикалық кадрлар дайындайтын бағыттарда білім алатын жоғары курстардан 10 үздік студент іріктеп алу жоспарланып отыр. «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының иегері атағына ие болған 10 мұғалім олардың тәлімгерлері болады, - деп түсіндірді Ермек Мәжитов. 

Еске сала кетейік, конкурсқа қатысуға өтінімді www.teacherprize.kz сайты арқылы беруге болады. Сондай-ақ, «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығына қатысуға өтініштер қабылданып жатқандығы туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы