Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алымқадыр Бейшеналивпен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында ведомство басшылары 2022-2024 жылдарға арналған «Алматы-Бішкек» экономикалық дәлізінің референс зертханаларын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды.
Пандемия зертханалық қызметті дамытудың ерекше маңыздылығын және оны түбегейлі өзгерту қажеттілігін көрсетті. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, зертханалардың деңгейі халықаралық стандарттарға сәйкес келуі тиіс. Денсаулық сақтау министрлігіне санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың кемінде 12 зертханасын жоғары технологиялық жабдықпен жарақтандыру тапсырылды. Референс зертханаларды дамыту жөніндегі Жоспарға қол қою біздің елдеріміздің зертханалық қызметтерін нығайтуға және жетілдіруге деген ұмтылысымызды растайды, - деді Алексей Цой.
Айта кету керек, жоспар елдердің референс зертханаларының инфрақұрылымын жетілдіруге, кадрлық әлеуетті арттыруға, референс зерттеулерінің сапасын қамтамасыз ету және стандарттау шеңберіндегі елдердің өзара іс-қимылына бағытталған ұйымдастырушылық сипаттағы іс-шараларды қамтиды.
Кездесу барысында Алексей Цой Қырғызстан Қазақстан денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзара іс-қимылды күшейтуге дайын басым елдердің бірі болып табылатынын атап өтіп, Қырғыз тарапына вакцинацияның электрондық паспортын танығаны үшін ризашылығын білдірді.
Бұдан әрі тараптар ақпарат алмасу және іс-қимылдарды үйлестіру бөлігінде Қазақстан мен Қырғызстанның санитариялық-эпидемиологиялық қызметтерінің ынтымақтастығын жалғастыруды, сондай-ақ Қырғыз Республикасына отандық белсенділігі жойылған QazVac (QAZCOVID-in ®️ ) вакцинасын жеткізу мүмкіндігі мәселесін талқылады.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлері кездесу барысында «Омикрон» нұсқасының таралуына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және эпидқадағалау; ҚР медициналық ұйымдарында Қырғызстан азаматтары үшін жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсету және Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындарында медициналық кадрлар даярлау бойынша ақпарат алмасуды жандандыруды талқылауға назар аударды.
Іс-шара соңында Алексей Цой қырғыз әріптесіне жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, оның болашақта тереңдеп, жанданатынына сенім білдірді.
Жұмыс сапары барысында Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алымқадыр Бейшеналив ҚР ІІМ жедел әрекет ету орталығында, «Астана» халықаралық қаржы орталығында, цифрлық үкімет және «СҚ-Фармация» кеңсесінде болды.