Қазақстан мен Беларусьтің әскери ынтымақтастығы жаңа серпін алып жатыр

20 Қараша 2021, 17:33
749
Бөлісу:
Қазақстан мен Беларусьтің әскери ынтымақтастығы жаңа серпін алып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс ведомстволары арасындағы екі жақты әскери ынтымақтастық шеңберінде Беларусь Республикасынан келген Әскери академияның делегациясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетіне жұмыс сапарымен барды.

Сапардың мақсаты – жоғары оқу орындары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, әскери білім берудің ұлттық жүйелерін және қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы ғылыми-зерттеу қызметін жетілдіру.

Беларусь Республикасы Әскери академиясының өкілдері Ұлттық қорғаныс университетінің оқу-материалдық базасымен, ғылыми-зерттеу қызметімен, сондай-ақ оқу орнының даму перспективаларымен танысты.

Сапар аясында қол қойылған жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрларды бірлесіп даярлау және зерттеулер жүргізу туралы меморандум екі елдің қорғаныс ведомстволарының білім беру саласындағы ынтымақтастығына тың серпін берері анық.

Беларусь делегациясының басшысы генерал-майор Геннадий Лепешко Әскери академия түлектерімен кездесті. Ол офицерлердің алдында әскери-патриоттық тәрбие және бұл үрдістің офицер кадрларды даярлауға ықпалы жөнінде дәріс оқыды.

2013 жылғы 17 мамырда Қазақстан Республикасының әскери кадрларын даярлау туралы шартқа қол қойылғанын және еліміздің курсанттарын Беларусь Республикасының Жоғары әскери оқу орындарында оқытуға келісімшарттар жасалғанын атап өткен жөн. Беларусь елінде бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша ынтымақтастық кезеңінде Қазақстаннан 450-ден астам әскери қызметші білім алды.

Өзгелердің жаңалығы