Қазақстан-Қытай шекарасындағы жағдайды жақсарту шаралары Үкіметте қаралуда

21 Желтоқсан 2020, 11:30
1750
Бөлісу:
Қазақстан-Қытай шекарасындағы жағдайды жақсарту шаралары Үкіметте қаралуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту, Сыртқы істер министрліктері Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінің өткізу мүмкіндіктерін арттыру бойынша шараларды әзірлеуде, деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі. 

Ұсынылған шаралар туралы ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кезекті кеңесте айтылды.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қытай тарапымен «Қалжат-Дулаты» және «Майқапшағай-Зимунай» өткізу пункттерін ашу туралы келіссөздер жүргізуде. Сондай-ақ, МКК қытайлық тарап қабылдайтын автокөлік құралдарының саны белгіленген бақылау-өткізу пункттері арқылы тауарларды өткізу тәртібін (регламент) айқындауды және жемістер мен көкөністерді тасымалдаушылар үшін «жасыл дәліз» ұйымдастыру қажеттілігін алға тартуда, - делінген хабарламада.

Айта кету керек, «Нұр жолы» бақылау-өткізу бекетінде контактісіз жүк тасымалы қытайлық тіркемелердің көлік-логистикалық орталығына кіруіне мүмкіндік беру арқылы жүзеге асырылды. Ағымдағы жылдың 10 қарашасынан бастап осы модель бойынша қытай тауарлары бар 538 көлік тіркемесі әкелінді, олар межелі аймақтарға өту үшін КЛО-да қазақстандық тасымалдаушылардың көліктеріне қайта жүктелді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қытай тарапы жүктерді КЛО-да контактісіз тасымалдау үшін тартқыштар санын көбейтуді сұрайды.

Комитет жүктерді «Нұр жолы» бақылау-өткізу бекетіндегі көлік-логистикалық орталықтан түсіргеннен кейін қайтып келе алмайтын қытай тіркемелерін қайтару механизмін әзірлеп жатыр. Сондай-ақ, «Нұр жолы» бекеті жұмыс уақыты ҚХР Мемлекеттік кеден қызметкерлерінің жұмысымен сәйкестендіріледі деп жоспарлануда, - деп жазды баспасөз қызметі.

Әлихан Смайылов тасымалдауға қатыспайтын автомобильдер мен көлік құралдарына кезекке тұруды болдырмау мақсатында ағымдағы жылдың 23 қазанында енгізілген электронды кезекті екі ай ішінде уәкілетті органдардың мәліметтер базасымен интеграциялауды тапсырды.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, ҚХР билігі қабылдаған шаралар сондай-ақ, Ресей, Моңғолия және Қырғызстанмен шекарада кіру режимінің күшеюіне әкелді. Ресей-Қытай шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттері де өте шектеулі режимде жұмыс істейді, бұл көбінесе шекара аймағында кептелістерге әкеледі.

Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жүк тасымалдау көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70% төмендеді. Айта кетейік, Қазақстан-Қытай шекарасындағы бес автокөлік бақылау бекеттерінің тек үшеуі ғана жұмыс істеуде. ҚХР жағынан «Дулаты» (Қазақстан жағынаннан - Қалжат) және «Зимунай» (Қазақстан жағынан - Майқапшағай) өткізу пункттері жабылды.

Өзгелердің жаңалығы