Қазақстан есірткімен қалай күресіп жатыр?

26 Маусым 2021, 10:10
28190
Бөлісу:
Қазақстан есірткімен қалай күресіп жатыр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін, яғни 26 маусым күні - Есірткі қылмысына қарсы күрес күні. Осыған орай, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов заңсыз есірткі айналымының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

 

- Бақытжан Кәдірбекұлы, нашақорлықтың және есірткі бизнесінің алдын алу бойынша Ішкі істер министрлігі тарапынын қандай шаралар қабылданып жатыр?

2018 жылы есірткі нарығына ден қою мақсатында Мемлекет басшысының қолдауымен жаңа психобелсенді заттарды бақылауды жеңілдететін нормалар қабылданды, оның тиімділігін біздің шетелдік әріптестеріміз және бейінді халықаралық ұйымдар мойындады.
 

Нәтижесінде соңғы бірнеше жылда ең қауіпті синтетикалық есірткілерді алу көлемі 50 еседен артты (2018 жылы 1,8 кг-дан 2020 жылы 100 кг-ға дейін).

Есірткіні жарнамалау мен насихаттағаны үшін, оның ішінде граффити-суреттер мен QR-кодтар арқылы жауапкершілік көзделетін қылмыстың жаңа құрамы енгізілді.

Қабылданған шаралар аясында дәстүрлі есірткілерді таратуды жетілдіре отырып, олардың синтетикалық аналогтарымен алмастыру байқалады.

Сонымен қатар өткен жылы біз алғаш рет есірткі өндіретін жасырын есірткі зертханаларының ауқымды желісіне тап болдық.

Ресейлік әріптестеріміздің көмегімен Алматы және Батыс Қазақстан облыстарындағы ең ірі есірткі өндірісін жолға қойған трансұлттық ҰҚТ-ны құрықтадық.

Бұл жұмыс осы жылы да жалғасуда, осылайша, Қарағанды облысында трансұлттық ҰҚТ қызметінің жолы кесілді, Алматы қаласында ресейлік әріптестерімен бірлесіп «мефедронды» жеткізу арнасына тосқауыл қойылды.

Онлайн режимде қолжетімділікті шектеуге мүмкіндік беретін «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі енгізілді және нәтижелі пайдаланып келеміз. Есірткі құралдарының таралуы туралы ақпаратты қамтитын аккаунттар мен басқа да ресурстарды бұғаттау бойынша жұмыс жалғасуда. Қазір олардың саны 740-тан астам сайтты құрады.

Сондай-ақ ағымдағы кезеңде есірткі қылмыстарын тіркеудің оң серпіні байқалады. 2000-нан астам есірткі құқық бұзушылығы, оның ішінде 961 есірткі қылмысы, 654 өткізу фактісі анықталды. 1 тонна 303 кг есірткі, оның ішінде 3,5 кг героин, 294,7 кг гашиш тәркіленді.

Есірткі бизнесі саласындағы 5 ҰҚТ қызметі жойылды, олардың көшбасшылары мен қатысушыларына қатысты 10 қылмыстық іс қозғалды. 10 есірткі зертханасы, 32 кг синтетика тәркіленді, 198 өткізу тоқтатылды.

Мәселен, Алматы полициясы бір ай бұрын тұрақты есірткі желісін жойды. Оның құрамында 21 жастан 30 жасқа дейінгі 10 жас бар. Осы істі тергеу барысында оның қатысушыларына ҚР ҚК-нің 262-бабының 1-бөлігі және 2-бөлігінде көзделген ҰҚТ-ны құру және оған басшылық етті деген айып тағылуда.

 

- Есірткі айналымы қай өңірде өршіп тұр?

- Статистикалық деректерге сәйкес бүгінгі таңда еліміздің аумағында интернет ресурстары арқылы таралатын синтетикалық есірткілер айналымының өсуі байқалады. Әсіресе, Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында осындай фактілер көп кездеседі.
 

Алайда, «дәстүрлі» деп аталатын каннабис тобындағы марихуана, гашиш сияқты есірткілер де Жамбыл, Қызылорда облыстарында жиі кездеседі.

 

- Есірткінің адам денсаулығына зиянын, қаупін айтып өтсеңіз, жастар неге әуес болып келеді?

- Зиянсыз есірткі мен психоактивті зат жоқ екенін атап өткен жөн.

Ал жалпы салдарына тоқталар болсам, олар жүйке жүйесінің зақымдануы, энцефалопатия (мидың зақымдануы, психоз), полиневропатия (нервтердің зақымдануы, паралич), бауырдың зақымдануы, жүрек-қан тамырлар аурулары және т.б.

Қазіргі уақытта жастар синтетикалық есірткіге көп әуестенеді. Оның бірнеше себебі бар, біріншіден ол жай қызығушылық, екіншіден ол «есірткі емес» жай ғана таблетка, одан ештеңе болмайды деген түсінік қате, үшіншіден халық арасында «ауыр» және «жеңіл» деп есірткіні бөліп қарау және жастардың гаджеттер, телефондардың көмегімен интернет желісінде есірткі жарнамалайтын және сататын ресурстар арқылы есірткіге оңай қолжетімділік және арзан бағасы оны есірткінің ішінде ең танымал етіп отыр.

«Интернет-дүкендер» негізі Telegram мобильді қосымшасы арқылы құрылады, оларды кез келген смартфонға жүктеуге болады.

Көп жағдайда жастарға есірткі жарнамасын жабыстырушы немесе курьерлер жұмысын ұсынады. Бұл әрекеттердің барлығы қылмыспен жазаланады және ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейтінін атап өткен жөн.

Тағы да бір себеп, синтетикалық есірткілер көп жағдайда арзан болып келеді.

 

- Балалардың қатысуымен болған заңсыз есіркі айналымымен қалай күресіп жатырсыздар? Оқу орындарымен бірлесіп қандай жұмыстар атқарылып жатыр, сол тақырыпқа тоқталып өтсеңіз?

Есірткі қылмыстары профилактикасының тиімді жүйесін ұйымдастыру - ішкі істер органдарының басым бағытарының бірі.

Жыл сайын қоғамдық есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыру мақсатында елімізде бірнеше мыңдаған түрлі профилактикалық іс-шаралар өткізіледі, оларды өткізуге полицейлермен қатар, жергілікті атқарушы орган мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады.

Осындай іс-шаралардың аясында полицейлер мен медицина қызметкерлері, мектеп ұстаздарымен бірге нашақорлықтың денсаулыққа тигізетін зияны, әлеуметтік-құқықтық салдары, есірткінің түрлері, бала есірткімен әуестенген жағдайда оны қалай танып білуге болатындығы туралы түсіндіру әңгіме жұмыстарын, дәрістер жүргізеді.

Жекелеген қажет жағдайда арнайы психолог, нарколог мамандардың қабылдауына, оңалту орындарына жібереді.

Қазіргі таңда нашақорлық профилактикасы карантиндік шектеулерді ескере отырып жүргізіліп жатыр. Соның салдарынан, көптеген іс-шараны онлайн форматқа көшірдік. Десек те осы жылы 1830-дан астам интерактивті сабақтар, акциялар, семинарлар, оқушыларға арналған онлайн сайыстар және отбасылық сайыстар өткізілді.

Заманауи есірткі мәселелері бойынша ата-аналарға арналған бейнедәрістер және колледждер мен ЖОО студенттеріне арналған есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары туралы дәрістер жергілікті жерлерге жолданды.

 

- Бақытжан Кәдірбекұлы, есірткі заттарын насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін қандай жауапкершілік көзделген?

- 2020 жылы күшіне енген Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа баптарға сәйкес есірткіні насихаттау немесе жарнамалау үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Егер осы қылмыс топпен, бірнеше рет, білім ұйымдарында немесе адам көп жиналатын орындарда, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе электрондық ақпарат ресурстарын пайдаланып, қызметтік жағдайын пайдаланып жасалса, онда 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.
 

Өткен жылы аталған баптар бойынша 138 сотқа дейінгі тергеу қозғалды. Оның ішінде 106 қылмыстық іс есірткі жарнамасы фактісі бойынша, 32 қылмыстық іс интернет-ресурстарын қолдану арқылы есірткі өткізу (сату) фактісі бойынша. Осы жылы есірткі жарнамасының 55 фактісі, Интернет жүйесі арқылы есірткі өткізудің 42 фактісі тіркелді.

Сондай-ақ Электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі өткізу 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады. Электронды ресурстар арқылы есірткі қолдануға көндіру 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеледі. Олардың көмегімен есірткі өндірісінде пайдаланылатын заттардың айналымы үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Аталған қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылғанын атап өткен жөн.

- Бақытжан мырза, маңызды ақпарат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз!
 

Өзгелердің жаңалығы