Қазақстан экономикасында 5 жылда не өзгереді?

18 Қараша 2021, 10:26
1626
Бөлісу:
Қазақстан экономикасында 5 жылда не өзгереді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев «Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы» заңы аясында алдағы 5 жылдағы ел экономикасына болжам жасады.

2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,9% деңгейінде болжанып отыр. Бұл көрсеткіш 2026 жылы 5,2%-ға дейін жетеді. 5 жыл аралығында жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсу қарқыны 4,8%-ды құрайды, - деді министр.

Ерғалиев атағандай, экономиканың сапалы өсуінің негізгі драйверлерінің бірі және оның тұрақтылығының негізгі факторы - шикізат емес сектор. Өңдеу өнеркәсібі орташа алғанда 4,1% деңгейінде өсіп, тау-кен өндіру өнеркәсібінің өсу қарқыны 3,9%-ды құрайды.

Алдағы жылы мұнай өндіру көлемі 87,9 млн тоннаны құрап, 2026 жылы 107,4 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Мұнай өндіру көлемінің өсуі 2023 жылы Каспий құбыр консорциумы қазақстандық учаскесі бойынша қуатын арттыру есебінен күтіліп отыр. Сонымен қатар орташа жылдық өсім ауыл шаруашылығында 5%-ды, құрылыста – 3,9%-ды құрайды. Ал қызмет көрсету өндірісі орташа алғанда 5,4%-ға өседі, - деді ол.

Ерғалиевтің баяндауынша, келесі жылы номиналды жалпы ішкі өнім 87,1 триллион теңгені, ал халықтың жан басына шаққандағы көлемі
10,7 мың долларды құрайды. Осы көрсеткіштер 2026 жылы 119,9 триллион теңгеге және 14,2 мың долларға дейін өседі.

Сондай-ақ 2022 жылы тауарлар экспорты мен импорты 60,1 және 40,8 миллиард долларға сәйкес деңгейінде болжанып отыр. 2026 жылға дейін 79,8 және 43,4 миллиард долларға дейін ұлғаяды.

Сауда балансының сальдосы 19,3 миллиард доллардан 36,4 миллиард долларға дейін өседі.

Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі келесі жылы 4-6% деңгейінде сақталады. 2023-2024 жылдары – 4-5%, 2025-2026 жылдары – 3-4% аралығында анықталған.

Өзгелердің жаңалығы