Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?

22 Сәуір 2021, 14:10
3521
Бөлісу:
Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қордай ауданына арнайы ұйымдастырылған пресс-тур аясында былтырғы жанжалдан кейін ауылда қандай өзгерістер болғанын көріп, білдік. Масаншы, Сортөбе ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, онда атқарылған істерге қанықтық.

 

                                                             Тыныштық керек

 
Тұрғындар былтырғы қақтығыстан үлкен сабақ алып, бейбіт өмірдің маңызын түсінген. Ауыл ақсақалдары жастарды ынтымаққа, ауызбіршілікке шақырып, осы жолда жұмыс істеп жатыр. Қаракемер ауылының тұрғыны Ерғазы Боршаев қазір дүнген ұлты өкілдерімен қарым-қатынастары жақсара түскенін айтады.

Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?

Дүнгендермен бұрын да достық қатынаста болғанбыз, қазір де жақсымыз. Дін жолында жүрген жастар араласып тұрады, жақында дүнген жастары біздің ауылға келіп, ағаш отырғызды. Бәрі бір-бірін ауылға шақырып, сыйласып жүр. Жастар арасында түрлі спорттық ойындардан сайыстар өтіп тұрады. Жанжалдан кейін ауыл ақсақалдары бірнеше рет мешітте бас қостық, қарым-қатынасымыз жақсы. Алдағы уақытта жастар да тығыз байланыста болады деп ойлаймын. Бейбітшілікте, ынтымақта өмір сүруіміз керек. «Ырыс алды – ынтымақ» дейді. Ауызбіршілік болмаса, ештеңе болмайды, - дейді ауыл тұрғыны. 

Масаншы ауылдық округы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бедер Двумаров та былтырғы жағдайдан сабақ алып, қазір дүнгендер мемлекеттік тілді меңгеруге бет бұрып жатқанын айтады.

Біздің ауылдық округте 4 мектеп бар, оның бірі 2009 жылы ашылған қазақ мектебі, қалғандарында орыс-қазақ аралас сыныптары бар. Қазір қазақ сыныбына барып жатқан оқушылар саны көп, енді біраз уақытта дүнген балалары мемлекеттік тілді жақсы меңгеріп шығады деген ойдамын. Жастардың тіл үйренуіне көп көңіл бөліп отырмыз. Пандемияға байланысты жиын өткізе алмаймыз, дегенмен оны мешіт арқылы жүргізудеміз. Жастар ол жерге көп жиналады, сол жерде қазақша уағыз айтып, татулыққа, бейбітшілікке шақырамыз. Ол үшін мешіт имамдары да қазақша үйреніп жатыр, - дейді ол.

Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?

Жаңарған ауыл


Масаншы ауылында былтырғы жанжалдан кейін қираған нысандардың барлығы қалпына келтірілген. Көшелер жөнделіп, жаңа мектеп салынып жатыр. Жаңа аллея бой көтеріп, демалыс аймағы, спорттық және ойын алаңының құрылысы жүруде. Ең бастысы, табиғи газ тартылған. Ауылдың қаладан еш айырмашылығы жоқ десек болады. Әр үйге ауыз су мен ыстық су тартылған, интернеті бар. 

Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?

Қордай ауданы әкімдігінің мәліметінше, Масаншы, Бұлар батыр және Аухатты ауылдарында төтенше жағдай кезінде 65 нысан зардап шеккен, оның арасында 46 тұрғын үй, 18 кәсіпкерлік, 1 шаруашылық нысаны бар. Оған қоса 62 автокөлік қираған. Бүлінген нысандарды қалпына келтіруге 213 млн теңге жұмсалған. Сондай-ақ аздап зардап шеккен 103 нысан, яғни әйнегі сынғандар  да толығымен қалпына келтіріліпті. Оның 71-і демеушілер, 32-сі өз қаражаты есебінен жасалған.

Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?

Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет 2020 жылы ауданның инфрақұрылымын жақсарту бойынша  390 жобаға 35 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінгенін айтады. Соның арқасында көп жылдан бері халықтың арманына айналған газ тарту мәселесі шешімін тауыпты.

27 елді мекенді газдандыруға 11 млрд теңге жұмсалды. Қазір аудан тұрғындарын 95 пайызға газбен қамтыдық. Сондай-ақ жол мен инфрақұрылымды жөндеуге 6,9 млрд теңге бөлінді. Жаңадан жол төселіп, ескірген көшелер қайта қалпына келтірілді. Абаттандыру жұмыстары іске асырылып, екі су қоймасын салу шешімі қабылданды, - деді аудан әкімі.


Көрсетілген көмек


Қақтығыс кезінде қайтыс болған азаматтардың отбасыларына және зардап шеккен тұрғындарға мемлекет пен демеушілер тарапынан осы күнге жалпы 133,4 млн теңге көмек көрсетіліпті. 

Қайтыс болған 11 азаматтың отбасына асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар тағайындалып, бүгінге дейін 7,2 млн теңге төленген.

Үйлері өртенген 38 отбасына 530 200 теңгеден біржолғы көмек  берілген, жалпы сомасы 20,1 млн теңгені құрайды. Одан бөлек, қайтыс болған және қамауда отырған азаматтардың отбасыларына аудан тұрғындары тарапынан жалпы 105,7 млн теңгеге материалдық, гуманитарлық көмек көрсетіліпті.

Сондай-ақ Қордай оқиғасына байланысты қамауда отырған 33 сотталушы азаматтың жақын туыстарына жалпы 25 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілген. Оның 10 млн теңгесі материалдық көмекке жұмсалса, 15 млн теңгеге азық-түлік алынған.

Сондай-ақ, Қаракемер ауылының қамауда отырған 8 баланың ата-анасына өтініштеріне сәйкес демеушілер есебінен 3,8 млн теңгеге үйлеріне газ пештері орнатылып, табиғи газ жүргізілген және 8 млн теңгеге материалдық көмектер көрсетіліпті.

Аяғы сынған зейнеткер Төлеген Құдашбаевқа демеушілер есебінен 1,5 млн теңгеге материалдық көмек көрсетіліпті, 600  мың теңгеге үйіне газ пеші орнатылып табиғи газ кіргізілген.

Күдікті ретінде қамауға алынып, тергеу изоляторында қайтыс болған Б.Қибаевтың отбасына демеушілер есебінен 3,5 млн теңгеге Өтеген ауылынан тұрғын үй сатып алып беріліпті және 3 млн теңге материалдық көмек берілген.


Ауыл тіршілігі


Ауыл тұрғындары қазір көктемгі егіс жұмыстарына қызу кірісіп кеткен. Тұрғындар негізінен шөпті өсімдік пен көкөніс егеді. Ұлтарақтай жердің өзін тиімді пайдаланады. 

Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?

Қордай ауданы әкімдігінің Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділет Қаспақбаев биыл аудан бойынша 134 810 гектарға егістік алқабын егу жоспарланғанын айтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мың гектарға артық.

Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?

Жаздық масақты дақылдарды егу 89 750 гектар жерге жоспарланған. Осы сәтте оның 90 пайызы егіліп қойған. 43 мың гектар жерге арпа себілді. Көктемгі егістік жұмыстарына мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілген. Ол арзандатылған дизель отыны, литрі 160 теңгеден екі оператор ауданға тегін жеткізіп береді. Бұл нарықтағы бағадан 12-18 пайызға төмен. Оған қоса көктемгі дала жұмыстарына тыңайтқыш-минерал заттар беріліп жатыр, - деді ол.

Бөлім басшысының айтуынша, аудандағы қожалықтардың техникасы 60 пайызға жаңартылған.

Шаруалар лизинг арқылы жаңа техника алып, ескісін ауыстырып жатыр. 2020 жылы жоспарға сәйкес 150 жаңа техника алынды. Ал, биыл бірінші тоқсанда 51 техника алынды. Ауданда екі мыңнан аса шаруа қожалығы бар. Олар негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Тек Масаншы ауылында 40-тан астам қожалық бар, олар көкөніс егеді,-дейді Ә.Қаспақбаев. 

Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?

Бір байқағанымыз, ауыл тұрғындары ауласындағы ұлтарақтай жердің өзін тиімді пайдалануға тырысады. Бақшасына жылыжай салып, егістік жұмысын тоқтатпайтындары да бар екен.

Масаншы ауылының тұрғыны Шерба Химамов бақшасындағы 15 сотық жерге көкөніс егумен айналысады. Көктем шыққалы екінші өнімін алып отыр екен. 

Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?

Негізінен шөп өсімдіктерін, шалғам (редиска), картоп, сарымсақ өсіремін. Өнімді сату үшін ешқайда бармаймын. Адамдар өздері келіп осы жерден сатып алады. Көктем шыққалы екінші өнімді алып үлгердім, үшіншісін егіп қойдым, - дейді қария.


Қазақ тілін үйренгіміз келеді...


Былтырғы жанжалда дүнген ұлты өкілдерінің қазақша сөйлей алмайтыны және әскерге бармайтыны сынға алынған болатын. Қазір бұл мәселе бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Сортөбе ауылындағы «Достық» балабақшасы қабырғасында қазақ тілін үйрететін курс ашылыпты. Оған жастармен қатар ересектер де барып, тіл үйренуде.

Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?

Балабақшаның меңгерушісі Ибибо Хеджер қазір курсқа 27 адам келіп тіл үйреніп жатқанын айтады.

Тіл үйрету курсында қазір екі топ бар. Тұрғындардың тіл үйренуге деген ынтасы жоғары. Курсты жүргізіп отырған оқытушыларға алғыс айтамын. Өзім де тіл үйреніп жатырмын, маған қазақ тілі ұнайды, - дейді ол. 

Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?

Сондай-ақ 2020 жылы аудандағы өзге ұлт өкілдерінің әскерге бару көрсеткіші 30 пайызға артыпты. Ауыл ақсақалдары жастардың әскерге баруға әрдайым үндеп отыратындарын айтады. Жақында ғана әскерден келген Арафат Мабор Отан алдындағы борышын ешкімнің күштеуінсіз, өз еркімен атқарып келгенін айтады.

Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?

Әскерде тәртіпке бағынуды үйрендім. Әскер болу ұнады. Десанттық шабуылдау бөлімінде болғандықтан көктен парашютпен секіруді үйрендім. Былтыр дүнген-қазақ қақтығысы болғанда әскерде едім. Оны естігенде шынымен құлазыдым. Бірақ қасымдағы қазақ, әзербайжан, орыс, ұйғыр, орыс достарым маған қолдау көрсетті. Ондай жағдай қайталанбас үшін барлық ұлт өкілдері бір-бірімізді сыйлап, құрметтей білуіміз керек, -дейді ол.

Сонымен қатар ауылда Имамдар үйі ашылыпты. Ол жерде имамдар қазақша уағыз айтуға дайындалып, басқа діни ағымдарға қарсы тұрудың қыр-сырын үйренеді екен.

ҚМДБ-нің Жамбыл облысы бойынша Бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев Қордай ауданында 62 мешіт бар екенін және онда 91 дін қызметкері жұмыс істеп жатқанын айтады. Оның 59-ы дүнген ұлты өкілдері екен. 

Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?

Имамдар жамағатқа «Отанды сүю – иманнан» дегенді әрдайым айтып отырады. Жақында имамдар үйі ашылды. Мұнда халықты тура жолға шақыратын имамдар білімін жетілдіреді. Сондай-ақ имамдардың түрлі діни ағымдарға қарсы тұруы үшін кеңестер беріледі. Қазір мұнда имамдарға семинар ұйымдастырылуда. Оған Алматыдан республикалық ақпарат насихат тобының мүшесі келіп дәріс өткізуде. Одан бөлек дүнгендер тұратын ауыл мешіттері имамдарына қазақ тілінен сабақ өтуде. Имамдар жұма намазында қазақ тілінде уағыз айтуға машықтануда. Олар бірінші сатыдан өтіп, екінші сатыда білімдерін жалғастырып жатыр, - дейді ол.  

Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?

Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін Қордайда не өзгерді?

Ауыл халқы бейбітшілікте өмір сүрудің қадірін терең түсінген. Былтырғыдай қан төгістің болғанын қаламайды, бір-бірін сыйлап, ынтымақта өмір кешуді жөн көреді. Аудан басшылығы ұлттар арасындағы достық қатынасты нығайту бойынша жұмыстар жалғасын таба беретініне сендірді. 


Өзгелердің жаңалығы