Қазақ әліпбиіне арналған конференция өтті

30 Сәуір 2021, 22:20
1678
Бөлісу:
Қазақ әліпбиіне арналған конференция өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақ жазуының реформасы және жаңа әліпбиі» атты онлайн форматтағы республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті, Ғылым комитеті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен жария талқылауға (ашық нормативтік құқытық актілер порталы, egov.kz) ұсынылған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшірудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президенті жарлығының жобасына байланысты 2021 жылдың 30 сәуір күні «Қазақ жазуының реформасы және жаңа әліпбиі» атты онлайн форматтағы республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференция әліпби реформасының барысын қалың көпшілік, сарапшы қауымға таныстыру, жүзеге асыру барысын талқылау, талдау, түсіндіру, тиімді шешімдерді анықтау мақсатында ұйымдастырылды.

Ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызы Каринова қатысып сөз сөйледі.

Конференцияда «Әліпби жобалары: салыстырмалы талдау», «Жаңа әліпбидегі и мен у әріптері», «Жаңа әліпбидегі кірме сөздердің жазылуы», «Ономастикалық атаулардың жазылуы» тақырыптарында ғылыми баяндамалар жасады. Конференцияға қатысушылар осы баяндамалар мен жалпы әліпби нұсқасы бойынша өзара пікір алмасты.

Іс-шара барысында конференцияға қатысушылардан блиц-сауалнама алынып, нәтижесі шығарылды. Оған жасы жағынан әрқилы, сонымен бірге әртүрлі әлеуметтік мәртебеге ие 473 адам қатысқанына қарасмастан, «Жетілдірілген әліпбиге көзқарасыңыз?» деген сауалға 61,5 пайызы қолдап бір кісідей қызу қолдау білдірді. Жалпы мұндай ынтымақтастықты көзқарас конференция барысында айқын салтанат құрды деуге болады. Пікірталасқа түскендердің дені ұсынылған жобаға сыни ұсыныстан гөрі, өз кәсіби ойларын ортаға ашық сала отырып: «Заңдық тұрғыдан қабылдаудың осы күнге дейін созылып келе жатқаны несі?» деген сауал төңірегінде топтасты, - делінген ақпаратта.

Онлайн конференцияға мемлекеттік органдар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, филологтар мен тілтанушы-ғалымдар, ЖОО оқытушылары, зерттеушілер, баспа қызметкерлері, қазақ тілі мен әдебиеті және басқа пәндердің мұғалімдері, студенттер, магистранттар мен докторанттар, БАҚ, әлеуметтік медиа өкілдері қатысты. 

Модератор Әділбек Қаба күн тәртібіндегі мәселе бойынша ой білдіремін деушілерге еркін мінбер ұсынды. Салиқалы ой қозғаған республикалық ғылыми конференция қорытындысында қатысушылар талқыланған әліпби жобасын бір кісідей қолдады.

Жалпы халықтық талқылаудан өткен әліби жобасы Ұлттық коммиссия отырысына ұсынылады.


Өзгелердің жаңалығы