Таразда тұрмыстық қатты қалдықтардың 11%-ы сұрыпталды

22 Шілде 2021, 12:19
3146
Бөлісу:
Таразда тұрмыстық қатты қалдықтардың 11%-ы сұрыпталды

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласы аумағындағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында бастау алған «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында биыл шаһар маңындағы 28 гектар аумаққа 35 000 түп тал көшеті отырғызылды.

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев жеткізді. Ол айтқан деректерге жүгінсек, Жамбыл облысы орталығы аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметі бәсекелестік ортаға берілген. Бұл қызметпен 8 мекеме айналысады екен.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстарына жалпы 56 бірлік техника қызмет көрсетуде. 8 мекеме 150 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді. Күл-қоқыс алаңшаларынан күнделікті шығарылатын тұрмыстық қатты қалдықтардың орташа көлемі 760-800 текше метрді құрайды. Тараз қаласында 328 тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған алаңшалар бар, олар 1 510 дана жәшікпен қамтылған, - деп атап өтті Асхат Қамқабайұлы.

Оның сөзіне қарағанда, тозығы жеткен қоқыс жәшіктерін ауыстыру мақсатында екі жыл бұрын 321 дана контейнер сатып алынса, былтыр бұл 1 700 қоқыс жәшігімен толықтырылған.

Шенеунік өткен жылы 50 алаңша ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өткенін де мәлімдеді. Ал биыл қоқыс алаңшаларын жөндеу жұмыстарына 50 млн теңге қаржы қаралып, 65 алаңша жөнделмек.

Биыл жергілікті мәслихаттың есебінен тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтау-әкету бойынша норманы есептеуге 6 182 мың теңге қаражат қаралды. Сәуірге дейін қалада 68 400 текше метр тұрмыстық қалдықтар жинақталды. Оның ішінде: 7 524 текше метр қалдық бөлек жиналып, сұрыпталды. Бұл жалпы қоқыстың 11 %-ын құрайды. Сондай-ақ 2021 жылғы көктемгі тазалықтың екі айлығы барысында екі мәрте жалпы сенбілік ұйымдастырылып, 9 200 адам қатысты, - деді А.Есеналиев.

Ол Тараз қаласының ішінде 4 800 қылқан жапырақты тал көшеті отырғызылып, 18 шақырым арық жүйелері тазаланғанын атап өтті. Саябақтар мен скверлердің тұрақты түрде тазалығы жергілікті әкімдік тарапынан күнделікті бақылауда екен. Сонымен қатар қала аумағындағы кездейсоқ қатты қалдықтар орны болып табылатын 78 нысандағы қалдықтарды тазалау жұмыстары жүргізілген.

Биыл қала аумағында арық жүйелерін ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында 56 млн теңге қарастырылған болатын. 45 млн теңгеге «Түйте суы» ЖШС-мен, қант зауыты алқабын ағын сумен қамтамасыз ету үшін «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалымен келісім-шарт жасалып, нақты шаралар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қала аумағындағы коммуналдық меншіктегі арық жүйелеріне шлюздар орнатылуда. Қазіргі кезде жұмыстардың 55 %-ы аяқталды, - деді Асхат Қамқабайұлы.

Тараз қаласы аумағындағы 50 шақырым болатын арық жүйелеріне лоток салу және каналдарды тазалау мақсатында жобалау құжаттары жасақталып, 3 жылдық жоспар құрылыпты. Осы құжатқа сәйкес экономика және бюджеттік жоспарлау мекемелеріне қаржылық өтінім жолданған.

Қалалық әкімдік тарапынан облыс орталығының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр деп есептеймін, - деп түйіндеді сөзін А.Есеналиев.

Өзгелердің жаңалығы