Сенатор Бейбігүл Жексенбай шіркеу католиктердің Қазақстанда тұруына қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімді ҚР 2012 жылы ратификациялады. Ол екі елдің дінаралық диалогын дамытуға ықпал етті.
Осыған байланысты 1998 жылғы келісімді барынша тиімді іске асыру мақсатында католик шіркеуінің мүшелеріне Қазақстан аумағында тұруға рұқсат беру тәртібін нақтылау туралы қосымша келісім жасасу қажеттілігі туындағаны белгілі. Бұл құжат әрине Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз болады. Осы ретте жаңа талаптар бойынша католик шіркеуі мүшесінің ҚР-да тұрақты тұруға рұқсаты қандай жағдайда өз күшін жояды және оның рәсімдері қандай болмақ? – деп сұрады сенатор ІІМ өкілінен.
Өз кезегінде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев сенатордың сұрағына жауап берді.
Осы келісім бойынша шіркеу қызметшілері мерзімі біткенде бізге (ІІМ) мәлімет жіберсе, миссионердің визасының күшін жоямыз. Оны қызметінің аяқталуына 10 күн қалғанда жіберуі керек. Кейін ол 30 күннің ішінде елімізден шығып кетуі тиіс, - деп жауап берді Қожаев Сенатта.
Сөзінше, шіркеу католиктері елімізде қандай да бір бұзушылық әрекеттерін жасаса, заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.