Қасымбек: Қарқаралыны тұрақты орталық сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде

9 Қыркүйек 2021, 19:55
3441
Бөлісу:
Қасымбек: Қарқаралыны тұрақты орталық сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс басшысы Жеңіс Қасымбек бүгін жұмыс сапарымен Егіндібұлақ пен Қарқаралыда болды.

Егіндібұлақ тұрғындары ауыл проблемаларымен, оның ішінде бос уақытты өткізу мен спортпен шұғылдану үшін жағдай жасау мәселесімен бірнеше рет жүгінді. Ауылда мектеп пен Мәдениет үйі жөнделді. Аулалар абаттандырылып, балалар алаңдары орнатылуда. Көшелерге жарық тартылып жатыр. 100 орындық трибунасы, бокс, күрес, фитнес залдары және футбол алаңы бар Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Қазір металл конструкцияларын монтаждау және монолитті қабырғалардың құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысан 2022 жылы пайдалануға беріледі.«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша кентішілік жолдардың 70% орташа жөндеумен қамтылды. Жолдардың 50% - дан астамы асфальтталған. Мердігерге жұмысты қазан айының соңына дейін аяқтау міндеті қойылды, - деп жазды ол.

Қарқаралыда қаланы тұрақты орталық сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. Биыл ұзындығы 40 шақырым болатын «Жарлы – Қарқаралы» топтық су құбырының құрылысы басталады. Оны тарту жоспар бойынша 2023 жылы аяқталуы тиіс.

Жақында салынған төрт көпқабатты тұрғын үйді қарап шықтым. Кезекте тұрған 72 отбасы осы үйлерден пәтер алады. Биыл Қарқаралы ауданының 108 әлеуметтік жағдайы төмен отбасы баспаналы болады.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында М.Әдекенов атындағы ауыл шаруашылығы колледжінің жанынан 100 орындық жаңа жатақхана салынды.

Жергілікті туристік кластерді дамыту үшін жағалауды абаттандыру, экотуризмді дамыту мақсатында учаскелер бөлу жоспарлануда. Туристерді көптеп тарту үшін инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жақсарту маңызды. Әзірше «Қарағанды – Қарқаралы» республикалық жолының жағдайына көптеген шағымдар түсуде. Бұл мәселені министрліктің қарауына шығаратын боламыз, - деп жазды Қасымбек.


Өзгелердің жаңалығы