"Кассетасы айналып кеткен магнитофонға ұқсап". Депутат шенеуніктің жауабын сынады

Бөлісу:
"Кассетасы айналып кеткен магнитофонға ұқсап". Депутат шенеуніктің жауабын сынады
Фото: mssi.kz

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин шағын қалалардың проблемасын көтеріп, тозып бара жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мен бәсекелестікті дамыту туралы емес, керісінше осыдан бәсекелестіктен зардап болған мәселе туралы айтқым келіп отыр. Мысалы, қалаларды күтіп ұстау, баптау, жол жөндеу, гүлзарларды, скверлер мен бақтарды баптап, күтіп ұстау мәселелері бұрын кеңес уақытында "Зеленострой" сияқты мекемелерде болатын. Олар әкімшілікке бағынатын. Кейін 15-20 жылдың көлемінде осы саланы бәсекелестікке бердік. Қазір қалалар тозып барады. Әсіресе кіші қалалар, - деді депутат.

Сатыбалдин тендер өткізудің қиындықтары бар екенін жасырмады. Депутаттың айтуынша, оны жеңіп алғаннан кейін де мекемелердің толып жатқан шаруалары бар. Өйткені 100 мың адам тұратын қаланы 1000 шақырым жердегі басқа қаладағы кәсіпкер ұтып алады да, техникасы жоқ не адамы жоқ. Осылай жүргенде күз болады. Сөйтіп қардың үстіне асфальт төсеп жатқан жағдайларды да көріп жүрміз.

Депутат қазір осы сала дамымай отырғанын айтып, "Жұмысты қайта қалпына келтіру үшін әкімдікке бағынатын мекеме ашуға бола ма?" деп сұрады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов қазір мекеме құруға мораторий бар, оны құру үшін президенттен рұқсат алу керегінін айтты.

Қазіргі таңда бізде "Таза Қазақстан" бағдарламасы бар. Осы акция аясында Президент әкімшілігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Шағын қалаларда 200-ге жуық мемлекеттік кәсіпорын құрылған, - деді ол.

Депутат Ерболат Сатыбалдин сұрағына жауап ала алмағанын айтып, мәселенің шешімін қайта сұрады.

Мен сұрағыма жауап алған жоқпын. Мен президенттің мораторийі тұрғанын айттым ғой. Сол себепті, біріншіден, басқа жолы бар ма деп сұрадым. Екіншіден, "Таза Қазақстанның" қалаларда жол салуға еш қатысы жоқ. Бақтарды, скверлерді күтіп ұстауға, ағаштарды отырғызуға еш қатысы жоқ. Мысалы, ақшаны баптап, күтіп жетіліп кетуіне 5 жыл керек. Ал тендер жыл сайын ойнатылады. Бір жылы бір фирма ашылады, келесі жылы басқа фирма ашылады. Енді нәтижесінде ешқандай саябақта жаңару жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Мен сізге осы туралы айттым. Мен сізден соны құрудың мүмкіндігі бар ма, соны сұрадым, - деді Мәжіліс депутаты.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетовтың сөзінше, бәсекелестік дамымаған жерде ғана құруға болады.

Депутат агенттік өкілінің жауабына қанағаттанбай, қайта пікірін білдірді.

Кешіріңіз, сіздің жауабыңыз белгілі болды ғой. Сіз кассетасы айналып кеткен магнитофонға ұқсап, қайта-қайта айтып отырсыз. Мәселе мынада, жақсы, мемлекеттік мекеме құруға болмайды. Бірақ әкімдіктің қатысуымен ЖШС құруға болады ғой. Осындай жолдарды қарастыруға болатынын сұрап тұрмын. Одан кейін бәсекелестік ортаға барып, жетісіп жүрген жоқпыз. 15-20 жылда кішкентай қалалардың бәрі тозып кетті. Сенбесеңіз, Балқашқа, Сәтбаевқа, Жезқазғанға барып көріңіз. Кейінгі 15 жылда жайқалған бірде-бір ағаш көрмейсіз. Суаратын жүйелердің жөнделіп, су ағып тұрғанын көрмейсіз. Қазір жолдың бәрі қармен еріп кетті. Осының бәрі бәсекелестік ортаға бергеннен болды. Өйткені әкімдікке бағынбайды. Әкімнің ешқандай құзыреті жоқ. Жолды жөндеудің тендері тамыз-қыркүйекте бітеді. Олар жолды жөндеп біткенде желтоқсан болады. Сөйтіп көктемде жол қармен бірге қайтадан ериді. Бұл жүйелі проблема. Осыны шешудің жолы бар ма десем, сіз маған "Таза Қазақстан", мораторий деп отырсыз. Мен оның бәрін білемін, - деді Ерболат Сатыбалдин.

Өзгелердің жаңалығы