Касса аппараттарын қолдануға қатысты түсіндірме берілді

19 Мамыр 2022, 13:16
1722
Бөлісу:
Касса аппараттарын қолдануға қатысты түсіндірме берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде бақылау-касса машиналарын қолдануға қатысты түсіндірме берді.

Бақылау-касса машиналарын (БКМ) қолдану тәртібі Салық кодексінің 165-169-баптарында айқындалған. 

Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысу модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректерді тіркеу және беру функциясы бар БКМ мiндеттi түрде қолданылып жүргiзiледi.

Ақшалай есеп айырысу – қолма-қол ақша немесе төлем карточкаларын және мобильдік төлемдерді пайдалана отырып есеп айырысу арқылы тауарды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін жүзеге асырылады.

Осылайша, ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыру кезінде барлық салық төлеушілер БКМ қолдануға міндетті. Мына тұлғалар БКМ қолданудан босатылған:

1) жеке тұлғалар;

2) жеке сот орындаушылар, адвокаттар мен медиаторлар;

3) уәкілетті органмен келісу бойынша көлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен нысан бойынша билеттерді бере отырып, халыққа қызмет көрсетіп, қалалық қоғамдық көлікте тасымалдаушылар;

4) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі;

5) қызметі ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi жоқ жерлердегі салық төлеушілер;

6) екінші деңгейдегі банктер;

7) діни бірлестіктері;

8) ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желiсi жоқ жерлерде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысуларды қоспағанда, ақшалай есеп айырысулары кезінде Ұлттық пошта операторлары;

9) арнаулы мобильді қосымша («e-Salyq Business» мобильді қосымшасы) арқылы жүргізілетін ақшалай есеп айырысулар бойынша кәсіпкерлер.

Қызметін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi жоқ жерлерде жүргізетін кәсіпкерлер ақшалай есеп айырысуларды жүзеге асыру кезінде модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректер беру функциясы жоқ БКМ қолданады.

Аумағында ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілері жоқ Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктері туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырылады.

Төлемді қолма-қол ақшасыз тәсілмен, банктік шотқа аудару жолымен жүзеге асырған жағдайда БКМ қолдану бойынша міндеттеме туындамайды.

Бұл ретте БКМ қолданбаған кезде ҚР ӘҚБтК нормаларына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осындай заң бұзушылық бірінші рет жасалса, «ескерту» беріледі. Егер бір жыл ішінде қайталанып жасалса, онда салық төлеушінің кәсіпкерлік өлшемділігіне (шағын, орта, ірі) байланысты 15 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейінгі мөлшердегі айыппұл салынады.

Өзгелердің жаңалығы