Каспийде үрлемелі матраспен бір түн өткізген үш қыз аман-есен табылды

25 Шілде 2023, 21:50
1243
Бөлісу:
Каспийде үрлемелі матраспен бір түн өткізген үш қыз аман-есен табылды
Фото: baq.kz

Үрлемелі матрасқа жайғасқан үш қыз жағадан 22 шақырым алыстап кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үш қызды «Қазақтеңізкөлікфлоты» ЖШС «Сұңқар» кемесінің экипаж мүшелері тапты. Құтқару операциясының егжей-тегжейін мамандар айтып өтті.

Ақтаудан 51 шақырым жерде жағалауда демалып, одан үрмелі матраспен көк айдынға шыққан арулар жағаға уақытында бұрылмады. Салдарынан үрлемелі матрасты толқындар алып кеткен.

Оқиғадан 30 миль қашықтықтағы Ақтау портында жүк тиеу кезегін күтіп тұрған «Сұңқар» кемесі болды. Кеме капитаны Никитин Иван зәкірді шұғыл түрде шешіп, оқиға орнына жетуге бұйрық берді. Шамамен 2,5-3 сағатта діттеген жерге жетті. 25 шілдеде таңғы сағат 06:45-те жағадан 22 шақырым қашықтықта іздестіру - құтқару операциялары барысында «Сұңқар» кемесінің экипажы 2006 жылы туған екі қызды және 2004 жылы туған бір қызды тауып, құтқарды, - деп хабарлады «Қазақтеңізкөлікфлот» қызметкерлері.

Қыздар үрлемелі матраста толқындар арасында 9 сағаттан астам уақыт өткізді. Оларды жағадан шамамен 22 шақырым жерге алып кетті. Іздеу жұмыстары кезінде қараңғыда толқындар мен желден қиындық туындаған. Қыздар құтқарылып, кемеге көтерілгеннен кейін алғашқы медициналық көмек көрсетілді. «Сұңқар» кемесінің экипажына көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірілді. Енді экипажды наградаларға ұсыну жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Маңғыстауда үш қызды үрмелі матраста теңізге алып кеткені хабарланған болатын. Іздеуге тікұшақ жұмылдырылған.

Өзгелердің жаңалығы