Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли айтты.
Ресми өкіл Атырау облысында Каспий теңізі жағалауындағы қамыстың жануын жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы журналистерге берген сұхбатында баяндады.
Мәліметтерге сәйкес, өрт сөндірушілер теңіз маңындағы өртті 5 күннен бері сөндіріп жатыр.
Атырау облысында Каспий теңізі жағалауында 5 тәулік бойы қамыс және құрғақ шөптің өртену дерегі тіркелді. Қазіргі күні Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті өртті сөндіру шараларын күшейтілген режимде жүргізіп жатыр. Өртті ауыздықтау үшін ең алдымен «Қазәуеқұтқару» АҚ-тың тікұшағымен барлау жүргізілді. Өрттің көлемі, сондай-ақ, тікұшақпен 22 рет аспаннан су төгіліп, 66 тонна су өртті сөндіруге құйылды, - деп атап өтті Талғат Уәли.
ТЖМ-нің хабарлауынша, Атырау облысы ТЖД-нің жеке құрамының 55 қызметкері өрт ошағына барды.
Өкінішке қарай, теңіз маңайы қамысты және батпақты жер болғандықтан техникамен бару мүмкін болмай отыр. Бүгінгі күні өрт сөндірушілер жаяу барып, аспалы өрт сөндіру құралдары және шырпылдақ арқылы өртті өшіруде. Өртенген аумақ 1,5 гектарды құрайды. Оның 1,2 гектары толығымен ауыздықталды. Шамамен 0,3 га аумақ әлі де жанып жатыр. Қазіргі таңда Атырау облыстық ТЖД-нің жеке құрамы қызметкерлері өрт сөндіру жұмыстарын жалғастыруда, - деді ол сұхбатында.
Министрліктің ресми өкілі атап өткендей, өрт сөндірушілер күндізгі уақытта өрт сөндіру жұмыстарымен айналысса, түнде өрт ошағынан қашық жерде шатыр құрып, таңғы уақытта қайта өрт сөндіруге кірісіп жатыр.
Бірақ қазіргі таңда өрт теңізге қарай жылжуда. Ешқандай ауылға, адамдарға төніп тұрған қауіп жоқ. Себебі өрт болған жерлер ауылды жерлерден шалғайда орналасқан, - дейді Талғат Уәли.
Ол өрттің шығу себебі жайында айта кетті.
Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына Lada автокөлігінің өртенуі себеп болған. Анықталған ақпараттар бойынша автокөлік өртенгеннен кейін өрт құрғақ шөптерге және қамыс өсімдіктеріне тиіп, жайылып кеткен. Қазіргі таңда өрттің басым бөлігі сөндірілді. Толығымен сөндірілгенде қосымша хабарлайтын боламыз, - деді өз сөзінде ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
Айта кетейік, Lada автокөлігінің не себепті өртенгені анықталып жатыр.