Астанада қайырымдылық қаржысын жымқыру ісі бойынша Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін соттағы жарыссөз кезінде жәбірленушілер мен олардың өкілдері сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жарыссөз барысында "Kaspi Bank" АҚ-ның өкілі Айдар Ксенбаев пікір білдіріп, айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді.
Құрметті сот және сот процесінің қатысушылары. Қазіргі уақытта Қайрат Перизат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Тергеу мен сот процесі барысында істің барлық мән-жайы анықталды. Айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Бұл – қылмыстық іс материалдары, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары және сараптама қорытындылары арқылы расталған, – деді Ксенбаев.
Ол Kaspi Bank су тасқынынан зардап шеккендерге қайырымдылық көмек ретінде айыпталушылар тіркеген ұйымның есепшотына 620 миллион теңге аударғанын еске салды.
"Kaspi Bank" АҚ Қазақстан Республикасы халқын су тасқынына байланысты қолдау мақсатында аталған қоғамдық бірлестік шотына 620 миллион теңгені өтеусіз аударған болатын, – деді банк өкілі.
Ол мемлекеттік айыптауды қолдайтынын айтып, азаматтық талап арыз жолдады:
Жоғарыда айтылғандарға сәйкес, Қайрат Перизат пен Ғайни Алашбаеваны кінәлі деп тануды сұраймын. Оларға қатысты жазалау шарасы бойынша прокурордың ұсынысын қолдаймыз. Сонымен қатар Қайрат Перизат пен Ғайни Алашбаевадан Kaspi Bank пайдасына келтірілген 620 миллион теңге көлеміндегі материалдық шығынды өндіріп беруді сұраймын, – деді Айдар Ксенбаев.
Сондай-ақ, ол тергеу кезінде тәркіленген мүлікті залалдың орнын өтеу үшін жәбірленуші тарапқа беру туралы өтініш білдірді:
Қойылған талапты қамтамасыз ету және материалдық шығынның орнын өтеу мақсатында тергеу барысында тәркіленген жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жәбірленушілер пайдасына беруіңізді сұраймын, – деді Kaspi Bank өкілі.
Бұған дейін Перизат Қайрат Kaspi Bank өкіліне қалай қысым көрсеткені белгілі болды.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды.
Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған.
Бұған дейінгі сот отырыстарында зардап шеккендердің қатарында қайырымдылық қорларының өкілдері, кәсіпкерлер, педагогтер мен жұмыссыз азаматтар бар екені белгілі болды. Тергеу мәліметінше, "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қорына азаматтар өз еркімен 30 мыңнан 200 миллион теңгеге дейін қаражат аударған. Олардың ішінде Kaspi Bank тарапынан аударылған 620 миллион теңге де бар.
Астанада өткен бүгінгі сот отырысында прокурор садақадан сән-салтанатқа өткен Перизат Қайраттың әрекетін атап өтті. Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайратқа 10 жыл, анасы Алашбаеваға 8 жыл түрме жазасын сұрады.