Кәсіптер мен құзыреттердің атласы негізінде оқыту бағдарламалары енгізіле бастады

3 Ақпан 2021, 16:07
2264
Бөлісу:
Кәсіптер мен құзыреттердің атласы негізінде оқыту бағдарламалары енгізіле бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасындағы жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласын еліміздің жоғары оқу орындарымен және колледждерімен белсенді интеграциялауды жалғастыруда.

Қазіргі уақытта тау-кен металлургия, мұнай-газ және IT салалары үшін білім беру бағдарламалары әзірленуде.

Қазақстандық еңбек нарығы үшін әзірленген жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы экономиканың 9 негізгі саласын қамтиды және жаңа, трансформацияланатын, сондай-ақ жойылып бара жатқан кәсіптер мен құзыреттерді біріктіреді. Атлас – бұл экономика салаларын дамытудың әлемдік трендтерін ескере отырып, халықаралық тәжірибеге негізделген және форсайт-зерттеу шеңберінде өндіріс, мемлекеттік органдар, салалық қауымдастықтар және т. б. өкілдері атынан салалық сарапшылардың қатысуымен жүргізілген зерттеулердің қорытындысы.

Негізгі салалар үшін жүргізілген жұмыстардың арқасында (мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм, құрылыс, тау-кен металлургия саласы) таяудағы 5-10 жылға кәсіптердегі өзгерістер болжанып, сондай-ақ 239 жаңа, 95 трансформацияланатын және 129 жойылып бара жатқан кәсіп айқындалды.

Отандық еңбек нарығының трендтері мен перспективаларынан қалыс қалмау үшін Еңбекмині мен БҒМ атласты Қазақстанның жоғары оқу орындарымен және колледждерімен интеграциялау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

2021 жылғы 21 қаңтарда БҒМ-нің Атлас нәтижелерін ескере отырып өзектендірілген «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің жіктеуішін бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрығы қабылданды.

Мәселен, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі Атлас негізінде «Пилотсыз авиациялық жүйелерді техникалық пайдалану жөніндегі техник-механик» жаңа біліктілігі бойынша эксперименттік білім беру бағдарламасын әзірлеуде, ол бойынша Дон тау-кен байыту комбинаты үшін кадрлар даярланады.

«Astana polytechnic college» жоғары колледжі «Киберқауіпсіздік» бағыты бойынша бағдарлама әзірлеуде, «Семей» колледжі «Оператор VR AR MR» бағыты бойынша, Атырау Мұнай және газ университеті келесі бағыттар бойынша студенттерді оқытуға дайындалуда: «Мұнай-газ саласының жаңа жағдайларындағы басқару»; «Ақылды кен орны, үлкен деректер және жасанды интеллект»; «Мұнай-газ саласындағы жаңа материалдар технологиялары»; «Мұнай-газ саласындағы техниканы қашықтан басқару»; «Техникалық қызмет көрсету мен жөндеудегі болашақ технологиялары».

Бұдан басқа, Атырау мұнай және газ университеті Қазақстан-Британ техникалық университетімен бірлесіп, биыл «Жабдықтың сенімділігі және болжамды аналитикасы жөніндегі инженер» және «Пилотсыз ұшу аппараттарының операторы» деген 2 мамандықты сынақтан өткізетін болады.

Жаңа білім беру бағдарламалары еңбек нарығының нақты сұраныстарына жауап ретінде кадрларды даярлау жүйесін өзгерте алады және қысқа мерзімде сапалы кәсіби кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.

Электрондық еңбек биржасы порталында Жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласымен танысуға болады.

 

Өзгелердің жаңалығы