Кәсіподақтар федерациясы президент сайлауына 200 млн теңге жұмсаған

12 Маусым 2019, 18:15
1438
Бөлісу:
Кәсіподақтар федерациясы президент сайлауына 200 млн теңге жұмсаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Қазақстан кәсіподақтар федерациясы кезектен тыс президент сайлауын қорытындылады. Бұл ұйым 9 маусымда өткен сайлауға Амангелді Таспиховты ұсынған болатын. 

«Қазақстан кәсіподақтар федерациясы 114 жылдық тарихында алғаш рет президент сайлауына ортақ кандидат ұсынды. Бұл біз үшін тарихи қадам болды. Екіншіден, біз сайлау науқаны кезінде жалақыны көтеру, табысты арттыру, әлеуметтік қорғау мәселесі, жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздік мәселесін көтердік. Бүгін президентті ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт өзге кандидаттардың да ұсыныстарын ескеріп, үкіметке, тиісті ведомстволарға орындау жайлы тапсырма берді. Оның арасында біз айтқан ұсыныс та бар. Бұл біздің халық үшін үлкен жетістік. Жақын арада қауіпсіздікке байланысты арнайы бағдарлама қабылданады деп жатыр. Көптен бері орындалмай, іске аспай тұрған «Еңбек кодексі» де жаңартылғалы жатыр. Осының бәрі кәсіподақ федерациясының президент сайлауына белсенді қатысуының арқасында болды деп есептейміз», - дейді Бақытжан Әбдірайым.  

Сайлауда Қазақстан кәсіподақтар федерациясы атынан түскен Амангелді Таспихов 1,98% дауыс жинаған болатын. Үміткердің сайлауалды штабын басқарған Бақытжан Әбдірайым аз дауыс жинағандарына өкінетіндерін айтты. 

«Әрине өкініш бар. Жинаған дауысымыз кәсіподақ мүшелерінің санынан аз болғанын білеміз. Бұл жерде өзімізден де кемшіліктер кетуі мүмкін. Бірақ жалпы қарайтын болсақ, біз көтерген мәселелердің өз шешімін тауып жатқанына қуанамыз. Болашақ президент сайлаулары бола береді. Біз өз бағдарламамызды дайындап, ұсыныстарымызды бере береміз», - дейді федерация төрағасы. 

Сонымен қатар, ол Қазақстан кәсіподақтар федерациясы сайлауда қаржы жұмсағандарын жасырған жоқ. 

«Президент сайлауы қарсаңындағы үгіт-насихат жұмыстарына біздің қалалық кәсіподақтар біраз қаржыларын жұмсады. Осы сайлауға 200 миллион жуық теңге жаратылды. Оның бәрі тек үгіт-насихатқа емес,оқулық, монография шығардық. Сосын оқу-әдістемелік құралымызды барлық бастауыш ұйымдарымызға таратып бердік», - дейді Бақытжан Әбдірайым.

Өзгелердің жаңалығы