Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы IV Бизнесті қорғау жөніндегі форумда ҚР бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Марат Ахметжановтың сөзінше, мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында бизнеске проблемалар туындап жатыр.
«Бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында бизнеске проблемалар туындап жатыр. Біз бұл саланы зерделедік. Мемлекеттік органдар тиесілі соманы дер уақытында төлемей кәсіпкерлердің құқықтарын бұзатындығы анықталды. Мұндай мысалдар өте көп. МЖӘ өңірлік жобаларын жобалауда жүйелілік жоқ. Маусымда «Атамекен» жанындағы кеңесте бұл проблеманы егжей-тегжейлі талқыладық. Мұндай фактілер толықтай алғанда инвестициялық ахуалға және МЖӘ институтының дамуына теріс әсерін тигізеді», - деді бас прокурордың орынбасары.
Сөз арасында ол Маңғыстау облыстық білім басқармасы Ақтау қаласында салынған балабақша үшін жеке серіктестің алдында 100 млн теңге төлеуі тиіс болғанын айтты. Алайда мемлекеттік серіктес жеке серіктестің алдындағы бұл берешегін 1 жылдан кейін ғана өтеген.
«Бас прокуратура барлық деңгейдегі әкімдерге МЖӘ жобаларын белгіленген тәртіппен олардың жүзеге асырылуына түгендеу жүргізуге, МЖӘ шарты жасалғандығы туралы шешім қабылданған кезде және одан ары жүзеге асыру барысында қоғамдық бақылауға шығару мүмкіншілігін зерделеуге тапсырма беруді ұсынады», - деді Ахметжанов.