Кәсіпкерлер үшін көкесінің емес, мемлекеттің қолдауы маңызды

20 Қазан 2020, 12:47
1832
Бөлісу:
Кәсіпкерлер үшін көкесінің емес, мемлекеттің қолдауы маңызды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бизнесмендер үшін артында көкесінің емес, мемлекеттік қолдаудың тұрғаны маңызды. Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте өткен онлайн брифингте El tiregi өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының іскерлік кеңесінің мүшесі Жазира Дүйсенбекова айтты.

Оның айтуынша, сыйбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ең негізгі бенефициары ол кәсіпкерлер. Парақорлықтың көбі осы саламен байланысты. Сондықтан жемқорлықтың алдын алу шараларын кәсіпкерлер қос қолдап қолдайды. Өйткені олар үшін байланыстарына сүйенгеннен, пара бергеннен гөрі мемлекеттің қорғауында болған тиімдірек.

Кәсіп бастаушылар нарықтағы ойын ережесінің әділ екенін байқаса, бизнесін кеңейтуге деген ниеті пайда болады. Жалпы елдегі кәсіпкерліктің аясы кеңейеді. Қоғамда кәсіп бастаудың басты кедергісі қадағалаушы органдар тарапынан жасалатын қысым мен парақорлық деген ұғым қалыптасқан. Бұл стереотипті жою үшін әлі ұзақ күресуіміз керек, - деді ол.

Жазира Дүйсенбекованың пікірінше, бизнесменді парақорлыққа итермелейтін нарықтағы, кәсіпкерліктегі жағдай. Егер бұл алаң әділ әрі таза болса, онсыз да салық пен өзге де төлемдерден көз ашпайтын кәсіпкердің олай шығынданып несі бар.

Дегенмен соңғы жылдары нарықта шағын және орта бизнестің артып келе жатқанын байқаймыз. Бұдан шығар бір қорытынды бар. Стартап, жеңілдетілген несие алу деңгейінде жемқорлық жоқ десе болады. Өйткені шағымдар өте аз. Ал тендер, мемлекеттік сатып алуға қатысты көп нәрсе айтуға болады. Жемқорлықтың көбі осында, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы