- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Кәсіпкерлер неге мемлекеттік органдармен соттасуға мәжбүр? – «Атамекен» негізгі мәселелерді атады
Кәсіпкерлер неге мемлекеттік органдармен соттасуға мәжбүр? – «Атамекен» негізгі мәселелерді атады
«Атамекен» ҰКП-ға тоғыз айда 3,6 мыңнан астам өтініш түскен. Кәсіпкерлер қандай мәселелерге жиі шағымданады және қанша миллиард теңгенің мүддесі қорғалды?
2 Қараша 2026, 17:00
Қазақстанда жыл сайын 29 қазанда Кәсіпкерлер күні аталып өтеді. Биыл бизнес пен ҚР Үкіметі және мемлекеттік органдар арасындағы келіссөз жүргізу әлеуетін күшейту үшін құрылған «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына 13 жыл толды. Осыған орай, шағын, орта және ірі бизнестің мүддесін қорғайтын бұл ұйымның қызметіне қатысты Басқарма төрағасының орынбасарын әңгімеге тартқан едік.
– Гүлнара Қадіржанқызы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеті – бизнестің құқығы мен мүддесін қорғау, сондай-ақ кәсіпкерлердің заңнамалық әрі өзге нормативтік ережелерді қалыптастыру процесіне кеңінен қатысуын қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда, биыл Палатадан көмек сұраған кәсіпкерлер саны қаншалықты артты?
– Соңғы тоғыз айда бізге 3605 өтініш келіп түсті. Бұл өткен бір жылдың көрсеткіші – 3778 өтінішпен жобалас. Палатаның көмегіне деген қажеттілік әлі де жоғары болып отыр.
Өтініштердің сипаты әртүрлі. Кейбір мәселелерді қарапайым қатені түзету арқылы-ақ шешуге болады. Мысалы, «KALSIT.KZ» ЖШС тіркеу кезінде қателік кетіп, ҚҚС бойынша есепке қойылған, соның салдарынан бизнестің жұмысына кедергі келтірілген. Палатаның араласуынан кейін мәселе оң шешімін тапты.
Дегенмен, жүйелі мәселелер де бар. Жер қатынастары соңғы жылдары ең өзекті мәселелердің бірі болып қалуда. Кәсіпкер жер учаскесін алады, құқығын рәсімдейді әрі оны игеруге айтарлықтай қаражат салады. Арада біраз жыл өткен соң, мемлекеттік органның жер бөлу кезінде жіберілген заңбұзушылықтары анықталады да, оның салдары бизнеске ауыртпалық түсіреді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер айтарлықтай зардап шегіп отыр. Палатаның бірнеше рет жасаған мәлімдемелеріне қарамастан, мәселе жергілікті атқарушы органдар мен Жер ресурстарын басқару комитеті деңгейінде жүйелі түрде шешілмей келеді. Сондықтан, нақты өтініштер бойынша қорғау жұмыстарымен қатар, біз құқық қолдану тәжірибесі мәселесін де көтеріп жүрміз. Жыл соңына дейін жер даулары бойынша тәжірибені жинақтап, жалпы, оның ішінде депутаттық корпус үшін де ұсыныстар дайындамақпыз.
– Бизнес қызметіне жиі араласатын мемлекеттік органдарды атап өтсеңіз.
– Палатаға түскен өтініштерге сәйкес, мемлекеттік тапсырыс берушілерге, жерді бақылау органдарына, мемлекеттік кіріс органдарына және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарына қатысты көп сұрақ туындайды. Қаралған өтініштердің жартысына жуығын сатып алу, жер қатынастары, салықтар және санитарлық бақылау мәселелері құрайды.
Биылғы жолдауда Мемлекет басшысы бизнеске әкімшілік қысымды азайту қажеттілігін айқын атап өтті. Ұлттық палата үшін бұл, ең алдымен, кәсіпкерлерді негізсіз талаптар мен заңсыз шешімдерден қорғауды білдіреді. Бизнес өтініштері және Бас прокуратура мен Бизнес-омбудсмен бірлесіп есептейтін Әкімшілік қысым индексі бізге қайталанатын мәселелерді анықтауға және оларды шешу мәселесін көтеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қолжетімділігін кеңейтуді де тапсырды. Бұл – өте маңызды мәселе, себебі бізге келіп түсетін өтініштердің басым көпшілігі осы салаға қатысты. Жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдетумен қатар, қатысудың әділ шарттарын, уақтылы қабылдау мен төлем жасауды қамтамасыз ету маңызды. Мемлекеттік тапсырыс беруші алдындағы міндеттемелерін орындаған кәсіпкер өз ақшасын сот талқылауына шығармай, алуы тиіс.
Әзірге, бүгінде бизнес өз құқығын көбіне сотта қорғауға мәжбүр. Жоғарғы Соттың мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында әкімшілік талап-арыздар саны 15%-ға, ал бизнес тарапынан қойылған талап-арыздар 11%-ға өсті. Кәсіпкерлердің қанағаттандырылған талап-арыздарының үлесі 53,4% болды. Бұл мемлекеттік органдар жұмысының әлсіздігін көрсетеді.
Жалпы тоғыз айда 2758 өтініш қаралған. Олардың 1413-інде немесе 51,2%-ында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Өтелген залал мен алды алынған шығындар көлемі 35,45 миллиард теңгеге жетті.
ҰКП үшін нақты бір өтініш бойынша табылған оң шешімнің жағдайды өзгертуге көмектесуі өте маңызды. Сондықтан, біз қайталанатын бұзушылықтар бойынша Бас прокуратурамен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесе жұмыс істеп, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі мәселесін көтереміз. Көптеген мәселелерді кәсіпкерді бір мекемеден екіншісіне жіберумен айналыспай, түйткілдің түпкі мәніне үңіле отырып, бір мемлекеттік орган аясында-ақ шешуге болады.
– Қай өңірден шағымдар көп түседі?
– Өтініштердің айтарлықтай бөлігі Ұлттық палатаның орталық кеңсесіне келіп түседі. Өңірлер арасында Алматы, Астана қалаларында, Қарағанды, Ақмола және Қызылорда облыстарында өтініштер көп тіркеледі.
Дегенмен, біз алдымен шағымдардың мазмұнына қараймыз. Мысалы, өткен жылы Ақмола облысында өтініштердің 30%-дан астамы жер қатынастарына қатысты болды, ал республикалық орташа көрсеткіш 10,3% болды. Бұл бізге қандай мәселелерге ерекше назар аудару керектігін анықтауға мүмкіндік береді.
Өңірлік палатаның міндеті – кәсіпкерлерге көмектесу және жергілікті жерде шешілмейтін мәселелерді уақтылы көтеріп отыру. Егер мәселе әртүрлі облыстарда қайталанатын болса, Ұлттық палата оны орталық деңгейге шығарып, ел бойынша бизнес үшін өзгерістер енгізуге ықпал етеді.
– Сот істері барысында «Атамекен» палатасы Түркістан облысындағы «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (ЖШС) нақты қандай қолдау көрсетті?
– Бұл іс бойынша сот актілері қабылданып қойған. Компания кассациялық шағым түсіріп, сот оны қарауға алды. Сондықтан, қазір даудың мәні бойынша пікір білдіру орынсыз болар еді. Біз «ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 1-бабының сот төрелігін тек соттардың жүзеге асыруы және судьялардың тәуелсіздігі туралы ережелеріне сүйенеміз.
Заңгерлік көмек көрсетуге келер болсақ, Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы апелляциялық сотта компанияның мүддесін білдірді. Кассациялық шағым кезеңінде Ұлттық палата бұл жұмысты жалғастыруда: сарапшы кәсіпорын мүддесін сенімхат бойынша қорғап жатыр, сондай-ақ қосымша заңды уәждер әзірленді.
Кәсіпкерлердің құқығы мен мен заңды мүддесін қорғау, соның ішінде сотта олардың атынан сөйлеу – ҰКП-ның негізгі функцияларының бірі. Бұған қоса, соттардың өздері Палатаны әкімшілік істерге мүдделі тарап ретінде, ал азаматтық істерде дербес талап қоймайтын үшінші тарап ретінде жиі тартады. Мұндай істерде біз бизнес-қоғамдастықтың біртұтас ұстанымын білдіреміз, себебі бір істе туындайтын мәселе көптеген кәсіпкерге қатысты болуы мүмкін.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында палата 279 сот ісіне қатысты. Осы істердің 134-інде шешімдер кәсіпкерлердің пайдасына қабылданып, 15,84 миллиард теңгеге мүліктік құқық қорғалды.
Мысалдар көп қой. Мәселен, «K-Oil» бойынша кәсіпорынды күшіне енбеген нормативтік актінің негізінде салықтық тексерулер кестесіне енгізуді болдырмауға қол жеткіздік. «Ультрамедтех KZ» кәсіпорнын жосықсыз жеткізуші деп танудан қорғап, тауардың қабылдануына қол жеткізілді. «Қайнар-АКБ» бойынша кәдеге жарату алымын өндіріп алудан бас тартты, аппеляция шешімді күшінде қалдырды.
– Кәсіпкерлердің құқығын қорғау үшін қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша қандай ұсыныстар жасалды?
– Ұлттық палата бизнес мүддесіне қатысты заң жобалары мен басқа да нормативтік құқықтық актілерді талдауға бастан-аяқ барлық кезеңдерде атсалысады. Атап айтқанда, заң жобасын әзірлеу алдындағы құжат – Реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын қараудан бастап, оны Әділет министрлігі жанындағы Заң шығару қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарында талқылауға, сондай-ақ заң жобасын талқылайтын Құрылтайдың жұмыс топтарына да қатысады.
Атамекеннің сараптамалық жұмысына барлық бизнес субъектілері, 200-ден астам салалық қауымдастықтар қатысады.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында ҰКП бизнес мүддесін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша шамамен 2963 сараптамалық қорытынды шығарды, оның ішінде заң жобалары бойынша 66 сараптамалық қорытынды бар. Біз үшін жаңа ережелердің кәсіпкерлердің жұмыс істеу жағдайларын ескеруі және негізсіз шектеулер жасамауы маңызды.
– Биылғы Жолдауда Президент жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу міндетін қойды. Ол палата үшін қаншалықты маңызды?
– Бұл тұрғыда Ұлттық палата үшін жекеменшікті қорғау, шарттық қарым-қатынастардың тұрақтылығы және құқықтық айқындлық аса маңызды. Кәсіпкерлердің шағымдарына сүйене отырып, біз шешімдер мен мәмілелерді көп жылдардан кейін қайта қарау қандай салдарларға әкелетінін көріп отырмыз. Азаматтық заңнаманы жаңарту кезінде бұл мәселелерді ескеру қажет.
Біздің сараптамалық жұмысымыздың нақты нәтижелері бар. Мысалы, Қаржылық мониторинг агенттігінің тізілімін жүргізу ережелерін талқылау кезінде Палата күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсі сотпен толық анықталғанға дейін олар туралы ақпараттың жариялануына қарсы болды. Компаниялар үшін бұл беделден айырылу, қаржыландырудан және келісімшарттардан қол үзу қаупін тудырады. Біздің сараптамалық қорытындымызды қарастырғаннан кейін ҰКП ұстанымы ескерілді: осы жылдың мамыр айында бекітілген ережелерде тізілімге енгізуге негіз ретінде түпкілікті кінәлі деп тану туралы үкім белгіленді.
Негізсіз қылмыстық қудалауға қарсы кепілдіктер айрықша маңызға ие. Бас прокуратурамен бірлесіп, біз Қылмыстық кодекске және Қылмыстық-процестік кодекске енгізілетін түзетулерді әзірлеуге қатыстық. Қылмыстық кодекстің 31-бабында басшылар мен қызметкерлерді тек кәсіпорынның ұйымдық құрылымына және кәсіпкерлік қызметке байланысты қылмыс жасауына байланысты қылмыстық топ ретінде тануға тыйым салатын кепілдік белгіленген. Бұл қылмыс жасау мақсатында қасақана құрылған ұйымдарға қолданылмайды.
Қазіргі таңда «Атамекен» өкілдері Әділет министрлігі алаңында Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекстерінің жаңа нұсқаларын дайындауға қатысуда. Кешегі Жолдауда Мемлекет басшысы экономикалық қылмыстарды әрі қарай да қылмыстық жауапкершіліктен босату қажеттілігін тағы да атап өтті. Осыған байланысты біздің ұстанымымыз – шаруашылық даулар мен қылмыстардың ара-жігін ажырату, прокурорлық және соттық қадағалауды күшейту.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерді қорғау заңсыз қызметтен қорғауды да қамтиды. Пайдалы қазбаларды заңсыз қазу және өндіру үшін жазаны күшейту туралы заң жобасы академиялық кеңесшілер мен тәжірибелі заңгерлердің көмегімен әзірленіп, Әділет министрлігіне ұсынылды. Адал жер қойнауын пайдаланушыларды қорғау мақсатында «Заңсыз кен өндіру» атауымен жеке қылмыс, сондай-ақ қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті нақтылау ұсынылды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, айыппұлдарды белгілеу кезінде заңбұзушылықтың ауырлығын, бизнес санатын және оның қайталанануын ескеруді, анық емес талаптарды нақтылауды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, рұқсаттар мен лицензияларды қайтарып алуға және тоқтата тұруға байланысты кейбір жазаларды қайта қарау мәселесін көтеріп жатырмыз. Жауапкершілік іс-әрекетке сай белгіленуі керек, бұл әсіресе кәсіпорынның жұмысын жалғастыруы жазаға тікелей байланысты болған уақытта аса маңызды.
– Бизнесті негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғауда қандай нәтижелерге қол жеткізілді?
– Мұндай қорғаудың бір тетігі – Бас прокуратура жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобы. Оның қарауына кәсіпкерлердің бизнес дәйектері мен құқық қорғау органдарының шешімдерін тексеруді қажет ететін өтініштері алынады.
2025 жылы осы жұмыстың аясында 16 қылмыстық іс қаралды. Кәсіпкерлердің дәлелдерін ескере отырып, тоғыз қылмыстық іс тоқтатылды, ал жетеуі бойынша құқық қорғау органдарына қадағалау бұйрықтары шығарылды.
Бұл жұмыс биыл да жалғасын тапты. Тоғыз ай ішінде Палата хаттарының негізінде бес іс бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді: үшеуі тоқтатылып, біреуі ақтау үкімімен, ал екіншісі прокурорлық қадағалау есебімен және тергеулермен аяқталды. Үш қылмыстық істің екеуі Республикалық адвокаттар алқасымен бірлескен жұмыс нәтижесінде тоқтатылды.
Мысалы, өндірістік кәсіпорынның өтініші бойынша оның дәлелдері Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қайта қарауына берілді. Нәтижесінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылып, шектеулер алынып тасталды және өндірістік кешендегі жұмыс қалпына келтірілді.
Енді бір жағдайда апелляциялық сотқа кедендік жіктеу, экспорттық лицензиялау, табысты есептеу және дәлелдемелердің қабылдануы мәселелері бойынша заңды өтініш ұсынылды. Оған қатысты айыптау үкімі жойылып, компания директоры ақталды.
Тағы бір апелляциялық шағымда заттай дәлелдеме ретінде танылған тез бұзылатын тауарларды сату тәртібі туралы мәселе көтерілді. Кәсіпкердің дәлелдері негізді деп танылды, ал прокуратура қадағалау актісін шығарып, тексерулерді бастады.
Бизнес үшін бұл шешімдер жұмысты тоқтатпау, өндірісті жалғастыру және жұмыс орындарын сақтау мүмкіндігін білдіреді. Сондықтан кәсіпкердің дәлелдеріне уақтылы және объективті құқықтық баға беру маңызды.
– Ұлттық палата инвесторлардың құқығын қорғау және инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы кедергілерді жою үшін қандай жұмыстар атқарады?
– Инвестор үшін жоба барысында үкіметтің шешімдері мен келісімшарттық міндеттемелердің сақталуы маңызды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында инвесторлармен бірізді және үйлесімді жұмыс істеу қажеттілігін атап өтті. Ұлттық палата үшін бұл – инвестиция салған және болжамды жағдайларда жұмысын жалғастыра алатын кәсіпорындардың құқығын қорғаудың нақты мәселелері.
2026 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына отандық инвесторларға жүйелі қолдау көрсету функциясын бекіткен бірқатар институционалдық шара жүзеге асырылды. 5 мамырда Премьер-Министр Палатаны отандық инвесторлар үшін «бір терезе» ретінде белгілейтін хаттамалық тапсырма шығарды. Осы жұмыстың бір бөлігі ретінде Палата жүйелі мәселелерді қоса алғанда, отандық бизнестің алдында тұрған өзекті түйткілдерді талдайды әрі өңдейді және оларды шешім қабылдау үшін Үкімет Әкімшілігінің Ұлттық инвестициялық қызмет орталығына жібереді.
15 мамырда «Атамекен» ҰКП, «Kazakh Invest» және «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың инвестициялық жобаларын жүйелі сүйемелдеу бойынша ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойды.
19 маусымда Кәсіпкерлік кодекс пен Ұлттық палата туралы Заңға инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді ұйымдастыру, отандық инвесторлар пул қалыптастыру және инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулын қалыптастыруға қатысу кезінде инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның ҰКП-мен өзара іс-қимыл тәртібін бекітетін өзгерістер енгізілді. 28 шілдеде Палата, Kazakh Invest және «Бәйтерек» холдингінің өзара іс-қимыл регламентіне қол қойылды, ол қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың рәсімдік тәртібін анықтайды.
Инвесторлардың өтініштері бойынша Бас прокуратураның Инвесторларды қорғау комитетімен ынтымақтастық орнаттық. Жақында болған мысал – қостанайлық «S.M.F.-System» тоқыма емес материалдар фабрикасы». Кәсіпорынға өндірістік кешеннің электрмен жабдықтау объектісі 15 жылға сенімгерлік басқаруға берілді. Алайда, уәкілетті орган келісімшартты мерзімінен бұрын бұзу туралы екі рет хабарлама жіберген.
Бірінші хабарлама прокуратураның араласуынан кейін қайтарып алынды. Содан кейін қайтадан хабарлама жіберілді, алайда бұған дейін органның өзі жазбаша түрде келісімшартты бұзуға негіз жоқ екенін растаған болатын, ал кәсіпорында трансформаторлық қосалқы станцияны ауыстыруға келісімі бар еді.
Ұлттық палата Инвесторлардың құқығын қорғау комитетіне жүгінді. Өтінішті қарау қорытындысы бойынша қайтадан жіберілген хабарлама да қайтарып алынды. Кәсіпорынның жасалған шарт бойынша құқығын қорғауға қол жеткізілді.
Біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қатысатын Бас прокуратура жанындағы Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі сараптамалық кеңесте жүйелі мәселелерді көтереміз. Шілдедегі алғашқы отырыста жобалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасы және инвестициялық саладағы мемлекеттік органдардың жұмыс көрсеткіштері талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылданды.
Мұндай ынтымақтастық бізге кәсіпорындар тап болатын нақты мәселелерді шешуге және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тосқауыл болатын кедергілерді жоюға мүмкіндік береді.
– Палата «Заң мен Тәртіп» қағидаты шеңберінде кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың құқығын бұзудың алдын алуға көмектесу үшін қандай жұмыстар жүргізеді?
– Бұл жұмысқа құқықтық білім беру және адал кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастыру кіреді. Кәсіпкерлердің өз міндеттерін түсінуі, заңға бағынуы және құқығын қорғай білуі маңызды. «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету бойынша 2026 жылдың іс-қимыл жоспарында «Адал кәсіпкер» акциясы көзделген. Ол салықтық тәртіпті, әлеуметтік жауапкершілікті, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауды және бизнестің тұтастығын бағалауды, одан әрі субсидиялар, гранттар және басқа да қолдау түрлерін алу кезіндегі жеңілдіктерді қамтиды. Мақсат – жауапты бизнес тәжірибелерін мойындау және кәсіпкерлер үшін қосымша мүмкіндіктер жасау.
Құқықтық сауаттылықты арттыру үшін біз шілде айында тұрақты вебинар платформасын іске қостық. Біз айына кемінде екі рет мемлекеттік органдар өкілдерімен, адвокаттармен және сарапшылармен кездесулер өткіземіз. Бұған дейін атқарушылық іс жүргізуді, жоспардан тыс тексерулерді, әкімшілік іс жүргізудегі қорғанысты, тауар белгілерін және монополияға қарсы тергеулерді талқылап үлгердік. Онда кәсіпкерлер өз жағдайларына қатысты түсініктемелер алып, сұрақтар қояды.
Республикалық адвокаттар алқасымен бірлесіп, біз тінту, тәркілеу, жауап алу және ұстау кезінде қабылданатын шаралар бойынша нұсқаулықтар дайындадық. 1 қазанда оларды вебинар барысында кәсіпкерлер мен өңірлік палаталарға ұсындық. Мемлекеттік органдармен онлайн кездесулерді жалғастырып, түсініктемелерді ыңғайлы уақытта алу үшін әлеуметтік желідегі «Atameken. Business Qorgau» парақшасына адвокаттармен және заң кеңесшілерімен бірге жазбалар дайындап жатырмыз.
Соттардағы «Атамекен» кабинеттерін дамытуды қолға алдық. Олар Ақмола және Ақтөбе облыстарында жұмыс істейді, сондай-ақ Астана мен Қызылорда қалаларында да ашылды. Онда кәсіпкер сот ғимаратында отырып-ақ кеңес ала алады. Осы кабинеттер арқылы тараптардың келісімге келуіне ықпал етуді дамытып жатырмыз.
Біздің міндетіміз – мәселе бизнес үшін ауыр зардаптарға әкелмес бұрын заңгерлік көмекке қол жеткізуді қамтамасыз ету. Уақытында түсіндіру қателіктерді болдырмауға, мемлекеттік органдардың әрекеттеріне тиісті түрде жауап беруге және өз құқығын қорғаудың заңды жолын таңдауға көмектеседі.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Ең оқылған:
- Астанада көлігіне балағат сөз жазған жүргізуші 10 тәулікке қамалды
- Астанада 5–7 қараша күндері көлік қозғалысы шектеледі
- Дастан Сәтбаев жарақатына байланысты «Бернли» сапынан тағы да шығып қалды
- Гүлісхан Нахбаева: Адами капиталға салынған инвестиция – Қазақстанның болашағына салынған инвестиция
- 1 қарашаға арналған валюта бағамы жарияланды
Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ