Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 22 қаңтарда сағат 15:00-де Көкшетау қаласының тұрғынынан ұрлық жасалғаны туралы арыз келіп түседі. Арызданушының айтуынша, сағат 10:00 мен 13:00 аралығында белгісіз бір адамдар үйдің құлпын бұзып, сейфтен 40 млн теңгені қолды қылған.
Полиция қызметкерлері дереу жедел іздестіру шараларын бастайды. Бейнебақылау камераларының жазбалары тексеріледі. 31 қаңтар күні құқық қорғау органдарының қызметкерлері бұрын істі болған күдіктілерді қолға түсіреді.
Қылмыстық топта 3 адам болғаны анықталды. Оның екеуі Көкшетау қаласының тұрғыны болса, үшіншісі көрші облыс тұрғыны. Олар бұған дейін Қылмыстық Кодекстің 175, 259-бабы бойынша сотталып, түрмеде жазасын өтеген.
Қылмыстық топты құрықтап, ұстаған кезде 10 млн теңге тәркіленді. Қазір ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 4-бөліміне сәйкес "Ұрлық" фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.