Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай облысында 500 мыңнан астам тұрғынға вакцина егу жоспарланған. Бүгінге дейін 100 мыңға жуық адам екпе салдырған.
Қостанайда тамақтану орындары арасынан алғашқылардың бірі болып «Глория» мейрамханалар желісінің жұмысшылары вакцина салдырды. Ұжым болып шешім қабылдап, дәрігерлерді жұмыс орнына шақыртты.
Сәуір айында бірінші компонентін алып, мамырда екінші дозасын салдырдық. Жұмыста барлығы 20 адамбыз, бірақ денсаулық жағдайына қарай 5 адам егілген жоқ. Бұл біріншіден, өзіміздің, сосын қонақтардың қауіпсіздігі үшін маңызды, - дейді кәсіпкер Гүлвира Құдайқұлова.Оның айтуынша, жұмысшылардың денсаулығы күнделікті бақыланады. Мейрамхананы Ashyq жүйесіне қосуды жоспарлап отыр.
Қоғамда әртүрлі пікір бар. Түптеп келгенде, вакцина – коронавирусты тоқтатудың жалғыз жолы. Ол үшін бәріміз екпе салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру керек. Одан бөлек, сақтық ережелерін де естен шығармаған абзал. Көпшілік баратын орындарда маска тағып, қолымызды бірнеше рет жуу керек. Мейрамханамызда қауіпсіздік ережесі, вакцина алудың пайдасы жазылған жадынамалар бар, - дейді Гүлвира Құдайқұлова.