Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президентінің «Алтын сапа» 15-ші мерейтойлық сыйлығымен марапаттау аясында «Ickep» сыйлығы және «Бизнес Кемелділік» – «Деловое совершенство» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігінің «Үздік сынақ» ынтыландыру сыйлығы, «АруАна» бизнесте тану» сыйлығының Гран-приі және Qazaqstan Project Management Awards -2021 ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды.
«Іскер» сыйлығы Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» байқауы және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына қатысушылар арасынан қызметінде табысқа қол жеткізген, тауарын үнемі жетілдіруге және оның сапасын жақсартуға ұмтылатын компанияларға беріледі. Байқауды 2015 жылы «Атамекен» ҰКП тағайындады.
Бас жүлде иегері Алма Арқабаева Шымкентте әйелдерді кәсіпкерлікке баулып, стартап-жобаларға қолдау көрсетеді. Кәсіпкер халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобалардан бөлек, денсаулыққа пайдалы табиғи өнімдерді шығарумен айналысатынын айтты.
7 жыл бойы әлеуметтік жобаларды жүзеге асырумен айналысамын. Біздің басты мақсатымыз - кәсіпкер әйелдердің басын қосу. Биыл өңірде 30 әлеуметтік жобаны жүзеге асырдық. Әйелдерге бизнесін дамытуға көмектесу мақсатында «Іс-қолдау» ресурстық орталығын аштық. Ал өзім «Асыл-арман» сауда компаниясының басшысымын. Денсаулыққа қажетті табиғи өнімдерді шығарумен айналысамыз. Бұл марапат тек менікі емес, Шымкент қаласының барлық іскер әйеліне алғысымды айтамын, - дейді Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.
Сыйлық жеңімпаздарының бірі «DANMARD» ЖШС атқарушы директоры Дилара Сандыбаева компанияның өсу мүмкіндігі бар екенін және «Іскер» сыйлығы одан әрі дамуға ынталандыратынын атап өтті.
Нарықта біздің компания 12 жылдан бері шатырлар, әскери киімдер мен жабдықтар, шұлықтар тігумен айналысады және біз өз өндірісімізге сенімдіміз. Осы жылдар ішінде өнім сапасын арттырып, еңбек жағдайларын жақсартып келеміз. «Алтын сапа» сыйлығын алғымыз келді, бірақ сәл жетпеді, бәсеке жоғары. Кәсіпорнымызды талдадық, біз тағы да «Іскер» сыйлығының ғана емес, «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты болуға тырысамыз, – деді компанияның атқарушы директоры Дилара Сандыбаева.
Байқауда марапатталған ірі кәсіпкерлік субъектісі - «КазФерроСталь» ЖШС (Алматы қ.).
Орта кәсіпкерлік субъектілері:
Aluminium of Kazakhstan» ЖШС (Алматы облысы).
«САПА СУ» ЖШС (Ақмола облысы).
«DANMARD» ЖШС (Нұр-Сұлтан қ.).
«Балмұздақ» (Түркістан облысы).
Шағын кәсіпкерлік субъектілері:
«Best Meat» ЖШС (Алматы облысы).
«Sultan Palase Hotel» ЖШС (Атырау облысы).
«Елена» тігін өндірісі» ЖШС (Алматы қаласы).
«ЭКОпром Павлодар» ЖШС (Павлодар облысы).