Кәсіпкер, әнші, блогер, таксиске қиын болды. Мобильді ақша аударымдары қалай тексеріледі?

20 Қаңтар 2023, 10:19
23972
Бөлісу:
Кәсіпкер, әнші, блогер, таксиске қиын болды. Мобильді ақша аударымдары қалай тексеріледі?
Фото: atpress.kz

Елімізде енді кәсіпкер, блогер, әнші, таксист және басқа да барлық азаматтың мобильді ақша аударымдары қатаң тексеріле бастайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биылдан бастап қай санаттағы азаматтардың мобильді аударымдары тексеріле бастайды? Бұл жұмыс не үшін жүргізіліп жатыр? Салықтар қайда жұмсалады? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын тексеріп көрейік.

2023 жылдан бастап салық органдары азаматтардың мобильді аударымдары туралы ақпаратты тексереді.

2022 жылғы 1 наурыздан бастап салық заңнамасына тиісті өзгерістер енгізілген болатын. 

Банктерде жедел аударымдар енгізілгеннен кейін адамдар мобильді ақша аударымдарын жиі қолдана бастады. Қарапайым азаматтарға арналған жедел аударымдар кәсіпкерлік қызметте де жиі қолданыла бастады. 3 ай қатарынан ай сайын әртүрлі 100 және одан да көп адамнан ақша аударымдарын алған адам тәуекел аймағында болады. Яғни ай сайын 100 не одан да көп адамнан ақша түскен жағдайда. Олар туралы мәліметтер Мемлекеттік кірістер органдарына беріледі.

Жеке тұлға тіркеу есебіне тұруға және салықтарды төлеуге не болмаса аударылған қаржының не себепті аударылғанын түсіндіруге міндетті болады. Төленген салық мектеп салу, зейнетақы төлеу, көпбалалы аналарға көмек көрсету, елді абаттандыру сияқты әлеуметтік маңызды қажеттілікке жұмсалады.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева ақша аударымдарын бақылау мәселесін түсіндіріп берді.

Егер жеке тұлға мобильді аударымдарды кәсіпкерлік мақсатта қолданса, онда әрине ол дұрыс емес. Бастапқы кезде шотты ашқан кезде азаматтар банк карталарын жеке қажеттілікке пайдалану үшін ашқан болатын. Ұлттық банктің тиісті қаулысы бар. Бұл шоттың барлығы жеке пайдалануға арналған. Яғни ол кәсіпкерлік табысты алуға пайдаланылмайды. Бірақ кейбір кәсіпкерлер жеке мақсатқа ашқан шотын кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып отырғаны белгілі. Ол себепті бір жағынан «көлеңкелі экономикамен» күрес, ал екінші жағынан салықпен толық қамту мақсатында мобильді аударымдар бақыланады, - деп айтты МКК ресми өкілі.

Кімнің «переводы» тексеріледі?

Аударымдарды бақылау 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

І кезең - 2023 жыл. Мемлекеттік қызметкерлер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары (зайыптары) бойынша ақпарат беріледі. 

ІІ кезең - 2024 жыл. Бюджеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары (зайыптары), квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары (зайыптары), бойынша ақпарат беріледі. 

ІІІ кезең - 2024 жыл. 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайлары (зайыптары), дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары (зайыптары) бойынша ақпарат беріледі. 

ІV кезең - 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап халықтың қалған барлық санаты бойынша ақпарат беріледі. 

2023 жылы екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар 1-кезеңнің тұлғалары бойынша мәліметтерді ұсынуды жоспарлап отыр. 

Бұйрық жобасы жеке тұлғалардың, адал салық төлеушілердің жеке аударымдарын қозғамайды және салық мониторингін жүргізу кезінде тиімділікті арттыруға, Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын сақтауға және салық төлеуден жалтарудың алдын алуға бағытталған. 

Елорда тұрғыны Аягөз Мұратқызы мобильді ақша аударымдарын бақылауға қарсы екенін айтты.

Оның ішінде қарапайым адамдар көп болады. Салық төлеу әлеуметтік жағдайы онсыз да мүшкіл тұрғындарға салмақ түсіреді. Себебі қалада тұратындардың басым бөлігі пәтерді жалдап тұрады. Қазір ешкім қолма-қол ақша да ұстамайды. Мысалы, 3 айда 100 адамға аударымды кез келген адам жасауы мүмкін. Ол дүкенге, таксиге, аптекада ақша аударып, қызмет алуы мүмкін. Мысалы, күнделікті таксидің құнында аударым арқылы жібереді. Ондай салық енгізілсе, таксиске де, жолаушыға да әсер етеді. Сондықтан түкірік үшін 69 мың теңге сияқты, бұл да халықты тонаудың бір құралы деп білемін, - деп пікір білдірді елордалық.

Өзгелердің жаңалығы