Қаржы министрі шығыстардың өсуіне не себеп болатынын айтты

24 Тамыз 2021, 10:27
2862
Бөлісу:
Қаржы министрі шығыстардың өсуіне не себеп болатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «2022 - 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын ұсынды. 

Ол заң жобасы аясында шығыстар 2022 жылы 15,9 трлн теңгені құрайтынын айтты.

Шығыстар орта мерзімді кезеңге Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтарын ескере отырып қалыптастырылды.

2022 жылы шығыстар биылғы жылдың жоспарынан 577 млрд теңгеге ұлғая отырып, 15,9 трлн теңгені құрайды. Бюджеттің ағымдағы шығыстары келесі жылға 14,9 трлн теңге деңгейінде анықталды, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның баяндауынша, даму бюджетінің көлемі 2022 жылы 1 трлн теңге сомасында жоспарланып отыр.

Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Шығыстар құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50%-ды құрайды. Осылайша, 2022 жылы 2021 жылдың бюджетіне қарағанда әлеуметтік шығыстар 515 млрд теңгеге өсіп, 8 трлн теңге көлемінде жоспарланды, - деп толықтырды Қаржы министрі.

Ол Үкімет отырысында шығыстардың өсуі жыл сайынғы индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентінің ұлғаюына, сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақыларының көтерілуіне байланысты болатынын атап өтті.


Өзгелердің жаңалығы