Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін еліміздің ғалымдары кәсіби мерекелерін атап өтіп жатыр. Биыл отандық ғалымдардың саны 22 мыңнан асты. Осыдан ұлттық ғылым саласының жыл сайын жаңа сатыға көтеріліп келе жатқанын аңғаруға болады. Бүгінгі мақаламызда отандық ғылым саласындағы өзгерістер мен жаңалықтарға тоқталамыз.
Қазақ ғылымының тарихы
Қазақ ғылымының сан ғасырлық тарихы бар. Қазақ өнертапқыштар әр заманда да болған. Олар бірнеше таспа қайыстан көмкеріп қамшы өріп, ішек пен ағаштан түрлі аспаптар жасап, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын, тұрмыстағы құрал-саймандарын көрсетіп кетті. Қазақтың жазық даласында кесенелер мен күмбездер орнатып, күннің түсуіне қарай жылынатын сәулет өнерінің ірі жетістіктері – моншалар құрылысын ойлап, іске асырған.
Ыбырай Алтынсарин ұшақ жоқ заманда жазып кеткен «тастан сарай салғызатын, айшылық-алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын, адамды құстай ұшыратын» заман келді. Мұндай мүмкіндіктерді туғызған ғылымның дамуы екені сөзсіз.
ХХ ғасырда Қазақстан ғылымының дамуы академик Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты. Оны «Қазақ ғылымының атасы» деп те атайды. Сәтбаев жер қойнауының сиқырлы байлықтарын ашты. Ол Жезқазғандағы кен орындарын ашып, студент кезінде «Алгебра» оқулығын жазды, химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де және тарихшымен де, филологпен де өздерінің ғылыми тілінде сөйлесе білген нағыз ғалым болған.
ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың дамыған дәуірі. Адам арманы мен қиялындағы кез келген дүниені жасай алатын жағдайға жетті. Бір пульттің көмегімен алып машиналар басқарылады, шамдар жанып, қозғалтқыштар жүргізіледі. Алайда жаңа ғасыр жаңа Қаныштардың есімін әлі толық танытпады. Қазақстан көбінесе неміс, кәріс, жамон, американдықтар ойлап тапқан техникаларды тұтынады.
Отандық ғылым саласының дамуы
Елімізде ғылыми кадрлар саны 22 665 адамды құрайды. Оның 36%-ы 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар, 39%-ы 35-54 жастағылар. Яғни айтарлықтай ғылыми әлеует бар. Бірақ ғалымдардың жалпы санын еліміздің бір млн халқына шаққанда тек бір мыңнан астам ғалымнан келеді.
Мемлекет басшысының қолдауының арқасында соңғы жылдары ғылым саласында ауыз толтырып айтатындай өзгерістерге қол жеткіздік. Ғылымды дамытуға арналған бағдарлама бекітіліп, ол қажетті ресурстармен қамтамасыз етілді. Бағдарламада біз негізгі міндеттерді айқындадық. Олар - 2025 жылға дейін ғылыми кадр әлеуетін арттыру, оңтайлы ғылыми экожүйені қалыптастыру, ғылымның экономикадағы үлесін арттырып, өнеркәсіппен байланыстыру және ғылымды басқаруды жетілдіру сияқты міндеттер, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.
Ғылым мен қаржы
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылымды қаржыландыру жүйесі өзгертілгенін айтты. Басты проблемалар – жалпы қаржыландыру деңгейінің төмендігі, қаржыландыру мерзімінің қысқа болуы. Оған қоса, конкурстар тек 3 жылда бір рет қана өткізілетін. Осыған байланысты ғалымдар осы конкурста грантты жеңіп алмаса, онда келесі 3 жылды тосуға мүмкіндік болмай, ғылым саласынан кетіп қалатын.
Біріншіден, ғылымды қаржыландыру көлемі 70 пайызға өсті. Екіншіден, конкурстар 3 жылда бір рет қана жарияланса, енді жыл сайын өткізіліп отыр. Үшіншіден, гранттардың жаңа түрлері енгізілді. Олар - жас ғалымдарға коллаборацияға, қысқамерзімді және жеке гранттар. Төртіншіден, нысаналы қаржыландыру тек қана нақты ғылыми техникалық міндеттерді шешуге бөлінетін болды, - деді БҒМ басшысы Үкіметте.
Сонымен бірге ғылымды қаржыландыру мерзімі бұрын 3 жыл болатын. Енді бұл мерзім 5 жылға дейін ұзартылды.
Жалақы өсті
Қазақстанда ғалымдардың орташа жалақысы өсті. Бұрын 152 мың теңге болса, енді ол 257 мың теңгеге өсіп, 1,5 миллион теңгеге дейін өзгеріп отырады.
Бұрын ғалымдардың жалақысы тұрақсыз болып, конкурстардың нәтижелеріне байланысты болатын. Енді қабылданған заңнамалық түзетулердің арқасында жетекші ғалымдардың (1 200 адам) жалақысы базалық қаржыландыруға қосылды.
Бұл ретте ғалымдарға төленетін қосымша авторлық сыйақының жалпы сомасы 338 млн теңгеге тең. Ал инновациялық жобаларды сатудан түскен табыс 16,3 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар 2021 жылы министрлік «Үздік ғылыми қызметкер» байқауын өткізді, оның нәтижесі бойынша 50 жеңімпаз 6 млн теңгеден сыйақы алды. Одан бөлек, докторанттардың стипендиясы 2019 жылы 82 000 теңге болса, енді биыл 195 000 теңгеге дейін өсті.
Ғылым саласындағы оң өзгерістер
- Базалық қаржыландыруға жетекші 1 200 ғалымның жалақысы енгізілді.
- 29 ҒЗИ-ға толық қамтитын тікелей қаржыландыру енгізілді (3 мыңнан астам адам).
- Ғалымдардың жалақысы өсті. Орташа – 257 мың теңге, ең жоғары – 1,5 млн теңге.
- «Үздік ғылыми қызметкер»: 2 000 АЕК (2021 ж. – 6 млн теңге) көлемінде 50 сыйлық беріледі .
- Ғылымды қаржыландыру 70%-ға артты.
- Конкурстар жыл сайын өткізіледі.
- Гранттың жаңа түрлері енгізілді – жас ғалымдарға, коллаборацияға арналған, қысқамерзімді және индивидуалды; Гранттар – ғалымдар идеясын қолдау, олардың құзыреттерін жетілдіру; Нысаналы қаржыландыру – нақты ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге арналған мемлекет тапсырысы.
- Қаржыландыру мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылды.
- Конкурстық рәсімдердің мерзімі 2 есе қысқарды.
- Конкурстық өтінім қосымшалары саны 2,5 есе қысқарды.
- 3 күн ішінде барлық өтінімді пысықтау мүмкіндігі берілді.
- Сараптама мерзімі 2 есе қысқарды.
- ҰҒК араласпай-ақ грант қаражатын бөлуде ғалымдарға дербестік берілді.
- Қаржыландырылатын жоба туралы барлық ақпарат, оның нәтижесі интернетте ашық қолжетімді.
Ғылыми жаңалықтар мен жобалар
Отандық ғалымдарымыздың әр салада ашқан жаңалықтары аз емес.
«Емдәмдік картоп»
Осыдан бірнеше жыл бұрын күлгін картоптың жаңа сортын ойлап тапқан болатын. Яғни қазақстандық ғалымдар Оңтүстік Америкада өсірілетін жабайы картопты күнделікті өмірде тұтынатын картоппен шағылыстыру арқылы өсірген. Нәтижесінде, селекционерлердің айтуынша, бұл картоп өзінің витаминдік құрамына байланысты қартаюды баяулатады және тіпті кейбір қатерлі ісіктерді емдеуде тиімді болуы мүмкін. «Емдәмдік картоп» немесе «аз калориялы картоп» кәдімгі сорттарға қарағанда 2 есе көп ақуызы бар, сондықтан ол диеталық болып есептеледі. Ғалымдар картоптың жаңа сорты нағыз қазақстандық брендке айналып, тек елімізде ғана емес, ТМД елдерінің нарығында да пайда болатынына сенім білдірген болатын.
QazVac қалай әзірленді?
Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында КВИ-ге қарсы отандық вакцина әзірленді.
Жасушалар биотехнологиясы зертханасының меңгерушісі Азиз Наханов вакцина жасаудың алғашқы кезеңімен таныстырған болатын.
Біздің институтта әзірленетін барлық вакцина жасушалы биотехнология зертханасында әзірленеді. Оның ішінде коронавирусқа қарсы вакцина да бар. Бұл лабораторияда вирустың жасушасын көбейту жүзеге асырылады. «Верос» WHO жасушасы вакцинаға қосуға арналған әлем бойынша дұрыс деп табылған материал. Вирус жасушаларын өсіретін арнайы бокстар бар. Жасушаны өсіру үшін +37 градус қажет. Сондықтан бөлменің ауа температурасы үнемі ыстық болып тұрады. Жасуша Африкадағы маймылдың бүйрегінен алынған. Оларды ыдыратып, бөліп сақтау жүзеге асырылады. Олар сұйық азоттың ішінде тұрса, жылдар бойы өлмейді. Вирустар өзге микробтар мен бактериялар сияқты кез келген денеде өспейді. Оларға тірі организм керек. Қазір заманауи қондырғылар алып жатырмыз. Жасушалар санын көбейту үшін арнайы құралдар бар, - деген болатын Әзиз Наханов.
Вакцинаның адамдарға дейінгі зерттеу сынақтары жануарларға жүргізілген болатын.
Проблемалар
- Ғылымға инвестиция тарту үшін ынталандыру шараларының жеткіліксіздігі, оның ішінде салықтық және кедендік преференциялар, «ұзақ» кредиттер, тәуекелдерді сақтандыру;
- Жергілікті проблемаларды шешуге ғылымды тартудағы өңірлердің әлсіз белсенділігі;
- Реактивтерді, реагенттерді және зертханалық жабдықтарды сатып алу ұзақтығы;
- Халықаралық келісімдер шеңберінде ғылыми жобаларға қатысу үшін арнайы бюджеттік бағдарламаның болмауы;
- Ғылымның өндіріс және бизнеспен әлсіз өзара іс-қимылы;
- Ғылымды цифрландыру деңгейінің жеткіліксіздігі.