Қарсыласты «өлтіруге» де, өзіміз «өлуге» де дайын болдық – бас бапкер

24 Мамыр 2021, 11:00
2952
Бөлісу:
Қарсыласты «өлтіруге» де, өзіміз «өлуге» де дайын болдық – бас бапкер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Хоккейден Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Михайлис әлем чемпионатында Финляндия құрамасын жеңгеннен кейінгі әсерімен бөлісті.

Хоккейден Қазақстан құрамасы Латвияда өтіп жатқан әлем біріншілігінде екінші матч қатарынан буллитте қарсыласынан басым түсті. Бұл жолы қазіргі әлем чемпионы Финляндия құрамасын жеңді.

Біз матчтың басында-ақ жеңіске жететінімізге сендік. Мақсатымыз да сол еді. Басқа оймен айдынға шығудың да мәні жоқ деп ойлаймын. Команда біртұтас ұжым ретінде өздерін көрсете алды. Әрқайсысы жүрекпен ойнады. Қарсыласымыз өте мықты ұжым. Бізді қателесуге мәжбүрледі. Бірнеше ұтымды комбинация ұйымдастырды. Матч бойы Финляндия басымдық танытты. Бірақ біз қол қусырып қарап отырмадық. Соңғы секундқа дейін және буллиттегі соңғы соққыға дейін өзімізге сендік, - дейді Юрий Михайлис.

Ол әлем чемпионатында топ жаруға да дайын екеніне, мұндай сенсациялар әлемдік спортта болып тұратынына тоқталды. 

Әрине, бәрі мүмкін. Даррен Диц тек чемпион болу үшін келгендерін айтты. Қазақстан халқы бізді қолдап отыр. Германия Олимпиада чемпионы атанады деп ешкім ойлаған емес. Бізде ондайға дайынбыз. Жігіттердің барлығы жан беріп ойнап жатыр, - дейді бас бапкер. 

Ол құрама мүшелерінің әлем чемпионатында бар күштерін салып ойнауға дайын екендерін, жеңіс үшін айдында өлуге де дайын екенін айтты. 

Жігіттердің құлшынысы керемет. Олар айдында өлуге де, қарсыласты өлтіруге де дайын. Финляндияның демалыс уақыты көбірек болды. Біз түнгі екіде жатып, түстен кейін қайта ойнадық. Осындай сәтте шаршағанды көрсетпей, мінез таныту аса маңызды. Әрбір ойыншыың ішкі резерві болады. Ел үшін ойнаған кезде ешқандай шаршау байқалмайды. Біз көптеген компоненттер бойынша қарсыластан әлсіз болдық. Алайда айдындағы талас-тартыс пен мінез жағынан қалыс қалмадық, - дейді Юрий Михайлис.

Енді Қазақстан құрамасы 25 мамырда АҚШ құрамасымен кездеседі.

Өзгелердің жаңалығы