Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қостанайлық «Карнавал» ансамблі мерекелік бағдарламамен ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауытта болды.
Машина жасау саласының кез келген кәсіпорнында кадрлар тапшылығы бар екені баршаға мәлім. «АгромашХолдинг KZ» кәсіпорны өкілдері атап өткендей, бүгінде осы мәселені шешудің бірден бір жолы – балалық шақтан бастап осы мамандықтарға қызығушылықты ояту. Ал білім мекемелері болашақ мамандықтар туралы білімдерді жасақтаудың алғашқы кезеңі.
Біздің мақсат – қарапайым тілде балаларға зауыт мамандықтарының қыр-сыры, мүмкіндіктері мен еңбектің нәтижелері туралы мағлұмат беру. Осылайша, біз жұмысшы мамандықтары туралы көбірек ақпарат беріп, зауыттың тыныс-тіршілігімен таныстырып, қондырғылар мен техникаларды көрсету арқылы балалардың болашақта таңдайтын мамандықтар тізімін кеңейтеміз, - дейді компанияның вице-президенті Динара Шукижанова.
«АгромашХолдинг KZ» кәсіпорнының есігі болашақ мамандық иелері үшін әрдайым ашық. Сондықтан да өнеркәсіп ошағы шығармашылық ұжымның ұсынысын қабыл алып, өнерпаздарға өнер көрсету үшін жуырда ашылған Локализациялық орталықты ұсынды.
Қостанайлық «Карнавал» би ансамблінің жетекшісі Шамиль Фахрутдиновтің айтуынша, зауыт жұмысшылары алдында алғаш рет өнер көрсеткендіктен жас өнерпаздарда аздап қобалжу да болған. Шығармашылық ұжым «Өнерім саған, Тәуелсіз Қазақстан!» ұранымен бірқатар мерекелік бағдарлама ұйымдастыру мақсатын жыл басында жоспарлаған.
«АгромашХолдинг KZ» - Қазақстанның ірі және маңызды кәсіпорындарының бірі. Сондықтан да осы жерде өнер көрсету біз үшін тек мақтаныш емес, сонымен қатар толғаныс та бар. Балалар үлкен зауыттан керемет әсер алды. Бұған дейін жұмысшылар алдында өз өнерімізді көрсетудің сәті түспеген еді. Әлемнің 17 елінде болсақ та, мұндай көрермендермен алғаш кездесіп отырмыз, - дейді Шамиль Фахрутдинов.
Қостанайлық «Карнавал» ансамблі зауыт жұмысшыларымен тілдесіп қана қоймай, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мерекелік бағдарламасын ұсынды. Өйткені әр қазақстандық үшін Тәуелсіздік күні – ұлттық бірлік пен келісім нышаны.
Биыл «Карнавал» ансамбліне 34 жыл толады. Осы жылдар аралығында Конституцияның қабылданғаны, елорданың ауысуы сияқты еліміздің барлық тарихи кезеңін бірге өткердік. Қазақстан менің бойыма сенімділік ұялатып, сенімді адамдармен қоршады. 30 жыл бойы осындай қолдаудың құны теңдессіз деуге болады. Бұл отандық кәсіпорындармен ынтымақтастық жолының алғашқы қадамы деп ойлаймын. Балалар осындай еңбекқор адамдарды көріп, осы іспеттес өнеркәсіп орындарында еңбек етуге келсе деген тілегіміз бар, - дейді Шамиль Фахрутдинов.