Қармақшылықтар мемлекеттік қолдаудың арқасында жиһаз өндірісін дамытуда

19 Қазан 2020, 19:15
1643
Бөлісу:
Қармақшылықтар мемлекеттік қолдаудың арқасында жиһаз өндірісін дамытуда
Фото: автордан

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қармақшы ауданында мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жиһаз өндірісі дамып келеді.

Дүр Оңғар ауылының тұрғыны, кәсіпкер Тұрсын Төлепов жиһаз жасау туралы бизнес жоспарын осыдан алты жыл «Акниет» бағдарламасы арқылы iске асырыпты. Бағдарлама аясында 500 000 теңгелік грант жеңiп алып, кәсiбін бастаған. Ал екі жылдан кейін «Жұмыспен қамтy – 2020» бағдарламасына жүгініп, Өңiрлiк инвестициялық орталық арқылы 3 миллион теңге көлемінде несиеге қол жеткізіп, бизнесiн кеңейте түстi. Шағын кәсiбін ірi өндірiске айналдырyды көздеген кәсiпкер мұнымен тоқтап қалған жоқ. Биыл «Қарапайым затттаp экономикасы» бағдарламасы бойынша 8 миллион тенге несие қаражатын алды. Бүгінде жиһаз жасайтын құралдардың бәрі бар, әрі сапалы, жұмысы өнімді. Цехтың ғимараты да салынған.

Цехтың жұмысын қазіргі күні Тұрсынның інiсі Ермек Төлепов үйлестіреді. Оның айтуынша, тапсырыстар өз ауылынан ғана емес, ауданның басқа елді мекендерiнен де түседі.

Тұтынушының талғамынан шығу – басты міндетіміз. Тапсырыс берушінің өзімен жасалатын жиһаздың әуелі дизайнын келісіп аламыз. Дизайнның бәрі компьютерде жасалады. Шеберханамызда менен бөлек үш адам еңбек етеді. Тапсырысты уақытылы аяқтау үшін түнде де жұмыс істеуге тура келеді. Қазіргі күні адамдар жиһазды жай пайдаланып қана қоймайды, оның сәніне ерекше мән береді. Сондықтан біз тұтынушының көңілінен шығудың қамын жасаймыз. Бүгінде кәсіп бастау қиын емес. Оны қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар жеткілікті. Тек сол бастаған кәсібіңді табандылықпен жүргізе білуің керек, – деді Ермек Төлепов.
Шеберханадағы ұсталар жиһазға керек материалдарды Шымкент, Қызылорда қалаларынан алдыртады екен.

Тұтынушылардың айтуынша, жиһаздардың бағасы қалтаға қонымды.

Біз ас бөлменің жиһазын жасатып алдық. Сапасы да, сәнділігі де ұнады. Уәделескен уақытта дайындап берді. Келген адамдармен де жылы сөйлеседі, – деді Жосалы кентінің тұрғыны Күләйша Қарамырза.
Сонымен қатар, Қармақшы ауданы Ақтөбе елді мекеніндегі Құлназаровтар отбасысы да жиһаз жасауды қолға алған. «Бастау Бизнес» жобасымен 555 мың теңге шамасында грант ұтып, бизнесін дөңгелетуде.
Өзім ағаш ұстасымын. Бұрыннан осы шаруамен айнысатынмын. Бірақ ағашты оюлайтын кезде қиналатынмын, сол себепті станок керек. Зайыбым Әсем қайтарымсыз несие алды, соған құрал-жабдық алдық. Қазір жұмысы жеңілдеді, – деді Мұратқали.

Ерлі-зайыпты келешекке кәсібін кеңейткісі келеді.


Өзгелердің жаңалығы