Қармақшыда мұқтаж жандарға тегін киім тарататын орталық жұмыс істейді

27 Мамыр 2021, 14:27
2332
Бөлісу:
Қармақшыда мұқтаж жандарға тегін киім тарататын орталық жұмыс істейді
Фото: автордан

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қармақшы ауданында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды киім-кешекпен қамтитын әлеуметтік орталық жұмыс істейді.

Орталықтың ашылғанына 5 жыл болған. Келушілерге тегін киім үлестіретін орынға аудан тұрғындары көмек қолын созады.

2016 жылы құрылған «Мейірім» орталығы халыққа қайырымдылық көмек берумен айналысады. Мұнда жаңа туған балалар мен қарт кісілерге де қажетті киімдер бар. Қармақшы халқы менің орталығыммен жақсы таныс. Олар тұрмысқа қажетті түрлі заттар мен жиһаз, техникалық заттар мен киім-кешектерін осында тасиды. Кейбір әкелуге мүмкіндігі болмай жатқан тұрғындардың тауарларын өзім барып алып кетемін. Көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылардың қажетті заттары осы жерден табылса, одан артық қуаныш жоқ маған. «Бір қолың бергенді екінші қолың көрмесін» деген нақыл да бар. Мен бұл жұмысымды мақтан үшін істемеймін. Тек мұқтаж отбасылар осындай орынның бар екенін біліп жүрсін, жағдайы жақсы азаматтардан көмек бола ма деген ниетпен жүрген жерімде айтып жүремін. Әркім мұны әрқалай түсінеді, – дейді орталықтың жетекшісі Пернегүл Өтепова.

Былтыр пандемияның әсерінен жұмысы тоқтап қалған орталықтың қайта жандануына халық сұранысы себеп болған екен. Еңбегіне ақы алмайтын 66 жастағы Пернегүл Әбіләкімқызы мұқтаж адамдармен қатар, қайырымды жандардың да көп екенін айтады.

Жалпы Қармақшы ауданындағы зейнеткерлер, қарт кісілер, толық емес отбасылар, жалғыз басты аналар, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылар, көпбалалы аналарға тұрақты көмек көрсетіліп келеді. Жағдайлары төмен көпбалалы отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек мөлшері де артуда. Бүгінде өңірімізде 1474 көпбалалы ана есепте тұрады. Оларға қайырымдылық көмектен бөлек мемлекет тарапынан да нақты қолдау бар. Ал жерлесіміз Пернегүл апайдың мұндай игі іспен айналысып жүргеніне біраз болды. Орталық жұмысын ұйымдастырып, мұқтаж жандардың жанынан табылып жүрген ерікті анамызға көлік, ғимарат мәселесінде көмек беріліп келеді, - дейді аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы Айбол Қозыбақов. 

Өзгелердің жаңалығы