Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қарқаралы қаласына кіре берісте Қарқабат анаға арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Бабадан балаға жеткен аңыз бойынша Қарқабат ана есімі елге ұран болған өте дана адам болыпты. Ол өзінің ақыл-парасатымен, адамгершілік қасиетімен халықтың ыстық ықыласына бөленіп, шынайы құрметіне ие болған екен. Сол жаугершілік заманда дана ана халықтың басын біріктіріп, жауға қарсы жұмылдырған. Елдің арасында дау-дамайға жол бермей, татулық пен бірлікке ұйытқы бола білген. Қарқабат ананың ұрпақтары арасынан көптеген танымал адам шыққан. Солардың бірі – қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, - деп жазды Қасымбек.
Қоладан құйылған ескерткіштің авторы – қарағандылық мүсінші Бейбіт Мұстафин.
Аты аңызға айналған Қарқабат ананың Қарқаралы жерінде бой көтерген еңселі ескерткіші жас ұрпақты отаншылдық пен бірлікке, ынтымақ пен татулыққа шақыратын тамаша өнер туындысы болып табылады, - деп жазды ол.