Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттер туралы сараптамалық пікірімен бөліскен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы Ерлан Қарин осылай деп айтты.
Белгілі саясаттанушы Мемлекет басшысы бұған дейінгі Жолдауларындағы сияқты саяси реформалар тақырыбына жеке үлкен тарау арнағанын алға тартты.
Шын мәнінде, ол саяси реформалардың жаңа, төртінші топтамасын ұсынды.
Депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер мен жастарға берілетін 30 пайыздық квотаны міндетті түрде ұстану туралы норманы заң жүзінде бекіту міндеті қойылды. Бұл норма бұрын тек партиялық тізімге ғана қатысты еді. Енді аталған квота депутаттық мандатты бөлу кезінде де сақталатын болады, - деп атап өтті Президенттің көмекшісі.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы партиялардың сайлау тізімінде квота берілетін азаматтардың санатын кеңейтуді ұсынып отыр. Квотаға мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да қосу қажеттігін айтты. Сондай-ақ Президент ауылдық жердегі азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тетіктерін әзірлеуді, әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси рөлін барынша қолдауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Адам құқығын қорғау мәселелерін де Президент жеке басымдық ретінде бөлек атап өтті. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысында қылмыстық процесті одан әрі жетілдіруге, полицияның сервистік моделінің ауқымын кеңейтуге, құқық қорғаушылардың құқығын қорғауға, балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге, синтетикалық есірткінің таралуына тосқауыл қоюға баса назар аударуы керек, - деді ол.
Сондай-ақ Президент екі жыл ішінде саяси реформалардың төртінші пакетін ұсынып отыр.
Президент өзінің Жолдауында айтқан барлық бастаманы және стратегиялық міндетті жүзеге асыру үшін мемлекеттік аппарат пен қоғам бірлесе жұмылуы қажет екенін атап өтті. Сондықтан, қоғамдық диалог барлық деңгейде өрбитін болады, - дейді Қарин.