Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қандай айыптар тағылған?

5 Қаңтар 2023, 11:07
1526
Бөлісу:
Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қандай айыптар тағылған?
Фото: halyq-uni.kz

Бас прокурор Берік Асылов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына нақты қандай айыптар тағылып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Бас Прокурор атағандай, қаңтар оқиғасында Қазақстандағы жағдай өте күрделі болған.

Арнайы жасалған сценарий бойынша қоғамдағы татулықты әдейі шайқағаны қазір түсінікті болды. Ол кезде көпшілік теңсіздікке наразы болды және әділеттілікті аңсады. Тек бір сылтау қажет еді. Ол – газ бағасының өсуі болды. Ереуілді басқа қалалар да қолдады, барлығы газды ұмытып, радикалды талаптар қоя бастады. Осының барлығы трагедияға, адам өліміне әкеліп соқты. Біз басқарылатын хаос кезінде еліміздің жоғарғы басшылығын ауыстыруға бағытталған операция тыңғылықты жоспарланған деп айта аламыз. Шын мәнінде, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасалды, - деп түсіндірді Берік Асылов.

Бас Прокуратура басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қатысты мемлекетке опасыздық жасау және басқа да аса ауыр қылмыстар туралы іс «аса құпия» режимінде тергеліп жатқанын атап өтті.

Материалдарды жариялауға шектеу қойылған. Өйткені оларда мемлекеттік құпиялар бар. Істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер бар. Оларды жариялау ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Қылмыстық іс қазір сотта қаралып жатыр. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Садықұлов: 

- мемлекетке опасыздық жасау;

- билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер;

- лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша сотқа берілді.

Тағы бір бұрынғы орынбасары Ерғожин:

- билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер;

- лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша айыпталып жатыр», - деді ол.

Сондай-ақ ҰҚК-нің бұрынғы орынбасары Осиповке және ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшыларына  өкiлеттiктерді асыра пайдалану айыбы тағылып отыр.

Басқа ақпаратты аша алмаймын. Қастандықтың нақты егжей-тегжейін айтуға құқығым жоқ. 2021 жыл бойы жасырын түрде радикалды шара қолдану үшін орындаушыларды дайындау жүргізілгенін ғана айта аламын. Орындаушылардың қатарында ұйымдасқан қылмыстық топтар болған. Олар адамдарды жинап, қаруландырған, рация және көлік сатып алған. Тергеу анықтағандай, осы бүлдіргі әрекеттердің басында күш құрылымдарының жекелеген өкілдері тұрға, - деп сөзін түйіндеді Бас прокурор.

Өткен аптада Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қаңтар оқиғасына қатысты халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға Бас прокуратура, тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардың басшылары Мәжіліске келіп жауап беруін талап еткен болатын. 

Бүгін күштік құрылымдар Мәжіліс төріне жиналды. Сонымен қатар ғимарат фойесінде қаңтар оқиғасы кезінде тәркіленген қару-жарақтар мен күштік құрылымдардың құрал-жабдықтары қойылған көрме өтіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы