Кәрім Бақриденов: Қазақ радиосының тілшісі болғаным өмірімді құтқарып қалды

Кәрім Бақриденов: Қазақ радиосының тілшісі болғаным өмірімді құтқарып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ радиосының 100 жылдығына орай белгілі журналист, Қазақ радиосының Ардагері, «Қазақ журналистикасының қайраткері», радионың Атырау облысындағы меншікті тілшісі болған, журналист Кәрім Бақриденовпен сұқбаттасқан едік.

- Кәрім аға, журналистік жолыңыз қалай басталды? Радиоға қалай тап болдыңыз?

- Мен қарапайым балықшының баласымын. Әкем Бақриден балық колхозының белсенді комунисі болып, сол Аманкелді атындағы колхоздың құрылуына ат салысқан, оның нығаюына еңбегі сіңген белсенді балықшы. «Белсенді коммунист» деуімнің себебі, осы колхоз ұйымдасқанда әкем, бала-шағаны асырап отырған жалғыз бұзаулы сиырын алғашқы болып колхозға жетектеп апарып, колхоздың мүшесі болған екен. Содан бастап, колхозға мүше боламын деушілер де бір-бір сиырларын колхозға кіреміз деп жетектеп апарыпты. Шыншыл да адал, алғыр да еңбекқор әкем, ең үздік балықшы ретінде алғашқы коммунист атаныпты. Елге өзінің еңбегімен де атқарған ісімен де үлгілі коммунист болғаны үшін әкем колхоздың алғашқы ұйымдастырушысы, белсендісі атаныпты. Өз қатарының бәрін соғысқа алғанда әкемді ең озат та тәжірибелі балықшы ретінде бронмен алып қалып, колхаздан майдан шебіне балық өнімдерін дайындайтын арнайы звеносына жетекші қылыпты. Соның арқасында соғыс жылдарында екі ағам мен апайым дүниеге келсе мен соғыс бітіп, ауылдар соғыстан кейінгі жоқшылықтан қиналып жатқан ауыр жалдарда өмірге келіппін.

Әкемнің 4 жыл бойы үй көрмей, демалыссыз жанқиарлықпен жасаған жұмысы оның денсаулығына әсер етпей қоймады. Мен 13 жасқа толғанда әкем өмірден озды. Анам да теңізде әкемнің қасында 20 жылдай балықшы болып еңбек етті, сол ауыр жұмыстан ол да ауырулы болды.

Мен 1966 жылы мектепті бітіріп, екі жыл қатарынан ҚазМУдың журналистика факультетіне оқуға түсе алмай, екі жыл балықшы, мұнайшы болып жұмыс істеп, әскер қатарына аттандым. Ер кезегі үшке дейін деп, әскерден кейін тағы да бағымды сынауға арнайы дайындалумен болдым. Әскерден оралсымен Алматыға келіп, үшінші рет бағымды сынадым. Бұған Әскер қатарында жүргенде екі жыл бойы ауылымнан кітаптар алдырып, сәл уақытым болса дайындалып (әскерде мен командирдің көмекшісі яғни писарь болдым, сондықтан да уақытым мол болды) жүретінмін, арасында әскери округың Бас штабынан шығатын әскери газетке өз бөлімшемдегі болған барлық жаңалықты жазып, мақала шығарып тұрдым. Мұның да көп көмегі тиді. Сөйтіп 1970 жылы ҚазМУ-ге оқуға түсіп кеттім.

Оқуға түстім де, бірден Радио және Телеарна саласының маманы болуға бейімделе бастадым. 1972 жылдан бастап бізді Қазақ радиосына әкеліп, оның жұмысын таныстырды. Сол кезде мен сондағы ағалармен танысып, жақындасып, олардың жұмыс барыстарын танып-біліп, репортерлерін сұрап алып, азын-шоғын сұхбаттар жазуға машықтана бастадым. Бұл ісім радиодағы ағаларыма ұнап қалды. Біраздан соң олар маған арнайы тапсырма беріп жұмсайтынды шығарды. Олар өздерінің қолы ұзарғанына риза болса, мен үйренгеніме және азғантай болса да қаламақы алғаныма риза болдым.

Бұл салаға үйірсек болуымның тағы да бір сыры бар еді. Мектептен кейін екі жыл оқуға түсе алмай жүрген кезімде, қала балаларымен танысып, олармен бірге радио арқылы ешкімнің рұқсатсыз (ол кезде мұны радиохулиган деуші еді) эфирге шығып, өзіміз қатарлы қаланың басқа жағында тұратын балалармен сөйлесіп, танысып, әртүрлі өлеңдерді эфирге шығаратынбыз. Осылайша бес-алты айдай осындай рұқсатсыз эфирге шығумен айналысып жүрдік. Артынан бізді әскери байланыс саласының қызметкерлері ұстап, магнитафон, микрафон, дауыс күшейткіш, басқа да дүниелерімізді тартып алды. Өзімізге қатаң ескерту жасады. Сол кезде менің радиоға деген әжептәуір әуестігім пайда болған еді. Сөйтіп мен бозбала күнімнен радиода сөйлеп, микрафон алдында өзімді еркін ұстауға үйренгем.

Кәрім Бақриденов: Қазақ радиосының тілшісі болғаным өмірімді құтқарып қалды
- 7 келілік диктафонды көтеріп жүріп, қаншама тұлғадан сұқбат алып, қаншама еңбек адамының пікірін алғаныңыз анық. Қонаевтың, Әбішевтің, Назарбаевтың, Кеңес одағының батырлары мен еліміздің даңқты ұшқыштарын сөйлеткеніңіз анық. Сол бір ақпарат қазанында қайнаған сәттерді еске түсіріп көрсек...

- Иә, ол кездерді еске алсам таңданамын. Қалай ғана сонша қиындыққа шыдағанбыз, көнбістігімізді айтсаңшы. Неге дейсіз ғой? Күндіз-түні, сенбі-жексебісіз жұмыс істеппіз. Жастықпен бәрі де біліне бермепті, тек әйтеуір телефон шыр етсе болды Алматыдан кезекті жедел тапсырма беріледі, оның да тез орындалуын қаттап айтыңқырайды, тапсырманы ала салып, жедел орындауға ұша жөнелесің. Ондайда сайма-сай тұрған көлігің болса не шара, облыс басшылары өздері мініп, әбден шаршаған көлікті береді, оны қалай да жасатып лекерге келтіресің, сосын барам деген жерге жетсең олжа ғой, талай рет жете алмай жол азабын көргеніміз естен кетер ме? Сондай өлім мен өмірдің арпалысынан әлденеше аман шыққанымды еске алсам, амалсыз күрсінемін. Айдалада шөп тасыған К-700 тракторымен де, жанармай тасыған сасыған салдырлақ «Бензевоз» немесе «Су тасушы», тіпті «Монша», «Тех помощ» аталатын машинамен де, қой тиеген ашық машинаның шуашын иіскеп, немесе тоқтаған жерде қызбай қалатын ескі автоклуб пен автолавканың жолаушысы болып та жеткен жағдайларым қаншама десеңізші. Соның бәрінде иығымда 7 келілік диктафоным жүреді, тағы да оның артық 6 батарейкасы бар, тоққа жалғайтын құралдарның (выпрямитель) өзі бір келідей болады, қағаз-қалам, оны салдырлаған көлікке отырғанда кәдуілгі сәбиіңдей қойныңа қысып, немесе тізеңе қойып тас қылып ұстап, тапжылмай отырасың. (Өйткені ол жерге түссе сынады, сынса жұмысың тоқтайды) Сөйтіп, барам деген жеріңе аман жетсең болды, жолда көрген азабыңның бәрін ұмытып, негізгі шаруаңа кірісе бересің.

Әр жұма сайын төрт-бес шалғай ауданның ауылдарын аралағаныңның өзі неге тұрады. Ал артынып-тартынып, жиып-теріп келген материалдарымды өзім машинкаға басып, дауысты өзім көшіріп, өзім монтаждап, онан соң қызметтік машинамды өзім айдап, әуежайдан Алматыға ұшатын жолаушылар арқылы жөнелтіп, оны Қазақ Радиосындағы тапсырма берген адамыңа хабарлап, әлгі жолаушы танысыңның кім екенін, қай жерге тоқтайтынын нақты хабарлап, олар кездесіп, материалыңды алғаннан кейін барып, мойыннан бір жүк түскендей болатын. Сосын материалыңның эфирге шыққанынша редакциядағы қабылдаған редакторыңа тынымсыз телефон шалып, «басшылардың қолынан өтті ме, нешеде эфирге шығады?», деп үсті-үстіне сұраумен боласың. Нақ шығатын уақыты белгілі болғанда, оның шығатынын кейіпкеріңе айтып, онан соң мекеме басшысына, парткомына хабарлайсың. Сосын ол эфирден берілгенде оны тыңдап болып ғана, бір «Уh» дейсің.

Міне бір материылдың эфирге шыққанынша қанша еңбек сіңіретініміз енді түсінікті болған болар. Қазақ радиосының облыстардағы меншікті тілшісінің ол кездегі жанкешті еңбегін осыдан-ақ байқауға болады. Сөйтіп мен өзім тілші, машина жүргізуші, машинка басушы, монтаждаушы оператор, оны жедел почтамен жөнелтуші, болып зыр жүгірумен болыппын ғой яғни дөңгелекпен тынымсыз шабатын кідімгі ақтиындай болып жүргенім қайдан естен кетсін.

Ал екінші қиындық бұл – облысымызға күн санап келіп-кетіп жатқан әртүрлі деңгейдегі басшылар мен қонақтар, оларды тауып, олармен қайткенде де жүздесіп, бір-ер сұрағымды қойып, сұхбат алып қалу. Қиындық дейтін себебім, біріншіден – ондай лауазымды адамдарға облыс басшылары бізді маңайлатпауға тырысады. Неге десеңіз «ол кісінің уақыты жоқ, әр минөтіне дейін жоспарланған» - деген сылтау. Екіншіден – біз ол кісіге қандай да болмасын бір кемшіліктер жайлы мәлімет беріп қоюымыз мүмкін деп ойлай ма екен, үшіншіден – ол кісінің қауіпсіздігі яғни оларға облыс басшыларынан басқа адам жақындамауы керек. Бұған ол адамның оққағарлары мен жергілікті милициялардың бізді дұрыс түсінбеушіліктерін қос. Біз – тілшілер, олардың жұмыстарына кесірін тигізетін немесе қауіпті адамдар сияқты болып көрінеміз. Осы үш қиындықты жеңудің жолын тапсаң, ойлаған мақсатың орындалады. Бір қызығы сондай лауазымды басшылардың көбі дерлік сұхбат беруге бірден келісе кетеді. Өйткені оның бұл сапары, мен арқылы яғни Қазақ радиосының тілшісі арқылы ғана республика жұртшылығына жария болатынын оған түсіндіреміз ғой. Сөйтіп ол адамның еліне, халқына тағы бір игілікті іс жасағаны жайлы мен арқылы хабарланады. Өзі жайында жақсы сөз айтып, осынау игілікті істі, ел құлағына жеткізгенді, сөйтіп ел аузына іліккенді кім жек көреді дейсіз. Осы орайда мысал ретінде бір жайтты айта кетейін.

Облысымызға бірде СССР-дың денсаулық министрі Евгений Чазов келді. Түске дейін обкомның бірінші хатшысының кабинетінде үлкен басшылар өздері кездесу өткізді. Ол кезде мен жабық есікті күзетумен болдым. Сонда естіп білгенімдей түстен кейін обкомның Саяси ағарту үйінде облыстық актив жиналысы болады екен. Енді ерте келіп сол жерде жиналыс баталмас бұрын жарты минөтке болса да сөйлетіп алу үшін репортерімді сақадай сай әзірлеп, басшылар кіретін есіктің алдында жүрдім. Ойым, жиналыс басталмас бұрын жазып алсам, жиналыс біткенге дейін Қазақ радиосының соңғы хабар редакциясына телефон арқылы беріп, кешкі жаңалықта Республика жұртшылығына жария ету. Басшылардың корғаштауымен, бұл жолы да мені ол кісіге жақындатпады. Амалсыздан жиналысқа қатыстым. Ойым енді жиналыстағы сөйлеген сөздерін жазып алып, соңғы хабардан басқа да бір үлкен хабар дайындау. Жиналыста ол кісі кеңінен сөйлеп, халыққа денсаулықты сақтау, әсіресе аурудың алдын алу, аурудың ағзаға дендемей тұрған кезінде емделуді бастау, егер емделем десе халықтың Мәскеуге келіп, кез-келген білікті дәрігердің қабылдауында болуына, жатып емделуі керек болса, қандай да болмасын емдеу орталықтарының қабылдауға есіктері ашық екенін айтқаны, тұрғындары сүйсінтіп тастады. Министр әсіресе өз саласын яғни кардиология жағын кеңінен қамтып айтты. Өйткені Атырауда жүрек ауруы мен онкология, туберкулез аурулары дендеп тұрғанынан ол кісі хабардар екенін байқатты.

Тағы бір халықтың риза болғаны, министр өзіне сұрақ қоятындар болса, жауап беретінін айтты. Мұнан соң жиналыстағылар көптеген сұрақ қойып, нақты жауаптар алды. Тіпті Мәскеудегі ғылыми зерттеу институттарына барам деушілерді, өзінің көмекшісіне жаздырып отырды және келсе өзі қадағалайтынын айтты. Мен осының барлығын ол кісінің қасына қойылған микрафоным арқылы жазып алдым да, мына кісіні кең түрде жазып алсам ғой үлкен хабар жазар едім-деп іштей армандап тұрдым. Жиналыс бітуге айналғанда мен аппаратымды алып, сақынаның артына қарай кеттім де, ол кісілердің шығатын есігіне жақындап тұрдым. Шыққанда ол кісінің алдында ешкім болмады, облыс басшылары мені қақпайлауға үлгертпей өзімді таныстырдым да бір минөтін маған қиюды қиыла сұрадым. Ол кісі сол сәтінде келісе кетті де, «қандай проблема»,-деп өздері келе жатқан банкет беретін бөлмеге мені ерте жөнелді. Артында келе жатқан облыс басшыларына бұрылып, «мына тілші бір минөт сөйлесем деді» - деп, есікті жапқанда екеуміз оңаша қалдық.

Банкет залынаң ортасына орналасқан үлкен үстелде құстың сүтінен басқаның бәрі бар екенін көзім шалды. Ол кісі өзі айтып есікті жауып алғасын, ешқандай басшы бата алмайтынын сезіп қуынып қалдым. Дайын тұрған аппаратымды қосып, әуелі келген сапарын сұрадым, онан соңғы сұрақтарым кардиология міселесіне ауысты. Бұл тақырыпты ол кісі шемішкеше шағатынына әлгінде көзім жеткен, арасында қойған бағыттаушы сұрақтарыма да кеңінен жауап берді. Есіктің сыртындағы адамдардан мен қысылғанмен, ол кісі асығар емес, соны пайдаланып екеуміз 5-6 минөттей сөйлесіп тастадық.

Министрдің қарапайым, өте кішіпейіл адам екенін, мені тіпті өзінің қабылдап тұрған науқасындай көріп, маған бәрін жанын сала түсіндіріп тұрғанына риза болғандығым сонша, болдық дегеніне қарамастан, «соңғы сұрағым, ыңғайсыздау болса кешіріңіз» – деп, тағы бір сұрақ қойдым. «Жүрегі ауыратын адамдарға аз-мұз арақ ішуге бола ма?» - дедім. Ол кісі сол сәтінде; «Бола ма деген не сөз, аздап ішіп жүрген пайдалы. Кез-келген у аз мөлшерде қабылдасаң, ем-болады» - деп орысша мақал айтты. Мен таңдана күлдім, ол кісі мені сендіре алдым ба дегендей қосыла күлді. «Тек 50 грамнан асырмай, тамақ алдында іші тұру пайдалы. Тек сол мөлшерден асырмау керек», - деп шегелеп айтты. Сөйтіп ол кісіге рахметімді жаудырып, қоштастым.

Міне облыс басшыларының «ол кісінің еш уақыты жоқ» – деп мені маңайлатпай жүрген кісісі, мен қолқа салғанда, бірден келісіп, менімен асықпай сөйлесіп, маған, Қазақ радиосының тыңдармандарына көп мағлұмат бергені есімде қалды. Ол кісінің келгені, облыс жұртшылығымен кездесіп, сан түрлі сұрақтарға жауап бергені, Қазақ радиосының кешкі хабарында бүкіл Республика тыңдармандарына жария болды.

Мен ол кісінің соңғы айтқан сөзін, Қазақ радиосының «Денсаулық» редакциясына кеңінен жасап берген үлкен хабарымда қаз қалпында жіберген едім, артынан соным үшін сөз естідім. Бұл партия заманында «арақты насихаттауға жататынын» маған қатаң ескертті. Менің денсаулық министрімен кездесіп Республика халқына соңғы хабарға жедел жаңалықты жария еткенім мен «Денсаулық» редакциясына жасап берген үлкен, халыққа өте пайдалы хабарым туралы алғыс алмасам да, бір сөзім үшін ескерту алдым. Міне айта берсем, осындай қызықтарым көп-ақ.

Қалыпты өмірде орталықтан шалғайлау жатқан біздің өңірге, анда-санда ғана келетін басшылар жағы, мен еңбек еткен 1979-1999 жылдар арасында, күн ара, тіпті күн сайын келетін кезең болды. Өйткені бұл жылдар өңірімізде өндірістің жедел өркендеген, жиі-жиі мұнай фонтандары мен газ бұрқақтары атқылап, жаңа кен орындары бірінен кейін бірі ашылып, пайдалануға беріліп жатқан кезең болды. Осыған орай Одақтың мұнай, газ, геология, мұнай өңдеу мен химия өндірісінің басшылары, арасына күн салмай Атырауымызға ат басын бұратын еді. Ал Тәуелсіздіктің ақ таңы атып, елімізге нарық қадам басқан жылдары алыс-жақын шет елдерден Министрлер ғана емес, мүйіздері қарағайдай, алпауыт Компаниялар мен Дүниежүзін ауызына қаратқан Корпорациялардың, біз бұрын көрмек түгілі естімеген басшылары келе бастады. Сол елдерден келген Басышлар мен басқа да алпауыттардың Атырауыма келіп жүргізген келіссөздерінің барлығына дерлік қатынасып, олардың аузынан сөз алып қалғаным, бүгінгідей-ақ есімде. Әрине олардың бәрінің бірдей тілін білмесем де, аудармашы арқылы еркін тілдесіп, етімнен ет кесіп алып бара жатқандай яғни еліме жаным ашып, оларға кейде елімнің, халқымның атынан деп қисық та қырсық сұрақтар қойғанымды да ұмытқам жоқ. Өйтпегенде ше, көп жылдар бойы өз еліміздің игілігіне жарап келген, немесе өз халқымның қолымен жасалған алып құрылыстар мен зауыттар өзгенің қолында кетіп бара жатса не шара?

Сол жылдар ішінде Атырау өңіріне арнайы ат басын тіреген талай құрметті де жайсаң жандардың жанында болып, еліміздің, жеріміздің эканомикасымен танысу мақсатында, облысымызды аралағанда үнемі қастарында жүріп, қандай да болмасын жылт еткен жаңалықты жеделдете жазып, сол сәтінде республика эфиріне жария еткенім елдің көңілінен шығып, көпке мәлім болып жататын. Әр келген қонақтың не мақсатпен келгенін, ал аттанар алдында, олардың аяулы Атырауымда болғанында қалыптасқан ойларын білгім келіп, айтар аз ғана болса да ой-пікірлерін алып қалуға тырысып, бір-ер минөт уақыттарын бөлуін сұрай жүріп, Қазақ радиосының микрафонын ұсынып, өлкеміз жайында айтқан ақжарма сөздерін үнемі таспаға түсіріп алып қалатынмын.

Кәрім Бақриденов: Қазақ радиосының тілшісі болғаным өмірімді құтқарып қалды

Олардың сапында Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев, Қазақстан Министрлер Кеңесінің Төрағасы Б.Әшімов, басқа да бірнеше министр, СССР Министрлер Кабинетінің Төрағасы Н.Рыжков, кейін Черномырдин, СССР Денсаулық сақтау Министрі Е.Чазов, СССР Мұнай Өнеркәсібі Министрі, Геология, Құрылыс, Ауылшаруашылығы және Балық өнеркәсібі министрлері (аты-жөндері есімде сақталмапты) Ұшқыш-космонавтар Леонов, Руковишников, Совет Одағының батырлары Т.Бигелдинов, Қ.Қайсенов, Қ.Смағұлов т.б. Қазақстан Республикасының Примьер Министрлері Н.Балғынбаев, И.Тасмағанбетов, Мұнай-газ Министрі Б.Ізмұханбетов, Мәдениет Министрі Е.Рақмадиев, компазиторлар Ғ.Жұбанова, Н.Тлендиев, Қазақстан Телерадио корпорациясының әр кезеңдегі төрағалары Х.Хасенов, К.Смаилов, Ғ.Шалахметов, Ш.Мұртаза, С.Әшімбаев, Қазақстанның халық жазушылары Ә.Сәрсенбаев, Ә.Нұрпеисов, Ә.Кекілбаев, халық ақындары Х.Ерғалиев, К.Салықов, Ф.Оңғарсынова және тағы басқа да көптеген белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері бар.

- Радиожурналистика газет пен телеарнаға қарағанда үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Радиожурналистің жауапкершілігі жайлы айтсаңыз?

- Ия, айтуың орынды. Радиожурналис дегенің газеттің де телевидениенің де тілшілерінен көп айырмашылығы бар. Ең бастысы радио тілшісі өзі жазатын, одан дауыс алатын адамына қайткенде де барып, көріп, кездесіп жазады. Өйткені оның аузынан ол сөз алуы, оны сөйлетуі керек. Ал оның сөзі сенің, көптің яғни халықтың көңілінен шығуы үшін онымен әуелі жүздесіп, оның сеніміне кіріп, жүрегіне еніп, жағдайын сұрап, шүйіркелесіп алып барып, қалай, қай бағытта, нені айтып, нені айтпауы жайында бағыт-бағдар бересің. Ең бастысы ол – оның айтқанын ешкім өзгерте алмайтынын түсінуі керек, яғни жауапкершілікті сезінуге тиіс. Сосын радио тілшісінің айырмашылығы сол – жаңалық хабар болса оны осы сәтінде халықтың құлағына жеткізу, ең болмағанда әйтеуір бүгін болғанын бүгін елге есіттіру керек. Радиода кеше болды, екі-үш күн бұрын немесе жақында болды деген сөздер көп айтылмайды, айтылса да ол жаңалықта айтылмайды.

Міне сондықтан да берілген тапсырманы жедел орындау үшін, баратын адамымызға, жазатын жерімізге біз аттың жалында, түйенің қомында дегендей қайтсек те жетуге, барып жазып қайтуға тырыстық. Кейбір шаруашылыққа әлденеше рет барудың реті келетін. Сонда таныс болып, біліс болып қалған адамдар; «Осы сен от алуға келгендей ылғи асығасың да жүресің, сенің бір асықпай жүретін күнің бола ма?» - деп, күлетін кездері болған.

Осы орайда бір мысал айта кетейін. 1996 жылы ғой деймін, 6 наурыз еді. Түстен кейін басшыларым шұғыл орындалуы тиіс тапсырма берді. «Келесі үш күн демалыс. Сондықтан ертеңнен қалмай редакцияға беріп үлгеруің керек» - деп шегелеп айтты. Ол материал Аналар мерекесіне орай эфирге шығатын арнайы хабарға енуі керек екен. Бұл Қазақстандағы ең көп Батыр Ана тұратын ең шағын ауыл – Индер ауданының бір шалғай ауылына барып, ауыл тұрмысын жазып, сол аналарды сөйлету. Қарсылық білдіру, сылтау айту деген ол кезде атымен жоқ. Аталған ауыл, облыс орталығынан 160 шақырымдай жерде. Мұнда негізінен егіншілер тұратынын білетін едім. Бірақ, 30-35 үйден ғана тұртын кішкене ауылда 25 Батыр Ана тұратынын білмейді екем. Редакция қызметкерлері оны Министрліктен сұрап анықтапты.

Тапсырма алсымен бөгелуге уақыт жоқ, кешке дейін жарық кезде жетіп алайын, сосын түнделетіп үйге қайтармын деп, асығыс жолға шықтым. Өткен жылы ғана берген қызметтік ЗАЗ-40 автомашинам жаңа болғасын, соның жүрісіне сеніп, өзім айдап асығыс жолға шығып кеттім. 2 сағаттан аса уақытта совхоз орталығына жетіп-ақ келгем, жұмыс аяқталған кез болғасын кеңседе партком да, директор да жоқ екен. Оларды тауып маған жол көрсетіп, ертіп апаратын адаммен егіншілер ауылына шыққанша, тағы бір-екі сағат уақыт өтті. Жол басшыма партком хатшысы көзімше тапсырма берді. Мен оны кешкі шайды ішкізбестен ертіп шықтым. Ол егіншілер бригадасының басшысы екен. Ауыл осы жерден 20 шақырымдай дала жолымен баратын жер екенін айтты. Жолда қалың тоғай, оның арасы тіпті де қараңғы, оның үстіне үлкен машиналар жүріп жолды тереңдетіп тастаған, жолдан шықсаң жер езіліп жатыр, батып қалу қаупі бар. Сондықтан кузовы қаусап тұрған Газ-52 машинасын ерте шыққанбыз. Жүрісіміз өнбей келеді. Бір-екі жерде батып, жол басшымның үлкен машинасымен сүйреуге тура келді. Сөйтіп ауылға жеткенше ауыл тұрмысы жайында бригадирден көп нәрсені сұрап қанықтым. «Мына үлкен белден асып түскенде ауыл да көрінеді» - деп, бригадир менің ойымды оқығандай, қуантып қойды. Сағат тілі түнгі оннан асыпты. Айтулы белден де тайғанақтап, азар көтеріліп, асып түстік. Алдыма, жан-жағыма қараймын келіп, ешқандай ауыл, еш жарық жоқ. Бригадирге қарасам, «Міне, келіп қалдық. Бұларда сағат 10-да жарық сөнеді. Сосын ауыл көрінбей тұр ғой» - деп жайбарақат отыр. Мен «жарықсыз қалай жұмыс жасар екенбіз», деп тықыршып келем. Сәлден соң машина жарығы үйлерді анық көрсетті. Ешбір аулада жарық жоқ, ауыл түгел ұйқыға кеткендей. Бірен-саран үйдің терезесінен ғана білінер-білінбес білте шамның жарығы байқалады. Біз келіп тоқтаған үй бригадирдің кеңсесі екен. Кілтін өзі ашып, білте шамды жағып, үстел ортасына қойды. Бізбен келген машинаның жүргізушісіне «сен барып, пәленше-түгеншелерді ертіп кел, тездеп келсін айт» - деп жұмсады. Мен репортерімді дайындап, сығырайған шамның жанында, салым суға кетіп отырмын. Ойымда, «ұйқыдан оятып, жылы төсектен тұрғызып алған адамдар сөйлей алар ма екен?» - деген күдікті уайым тұрды. Сағат 11-ден кетті.

«Түн ортасында дүрліктіріп жүрген кімсіңдер?» - деп сөйлеп кіріп келеді ек-үш әйел. Бригадир: «Жәйлаңдар, Алматыдан келген тілші отыр», -деп сыбырлайды. «Е тілші болса күндіз келмей ме, түнде келгені несі?» - деп жатыр екіншісі. Мен естіп, қысылып отырмын. Олардікі де жөн. Сонымен үш Батыр Анамен танысып, әгімелесе бастадым. Екеуінде 11 ден, ал үшіншісінде 13 бала бар екен. Бәрі де совхозда егінші. Бала бақша, мектеп деген атымен жоқ. Бұлар жұмысқа кеткенде естияр балалары бірін-бірі қарап қалады екен.

Біз келіп отырған «қызыл бұрыш» болды, бар мәдени ошақ осы. Осында газет-журналдар мен азын-шоғын кітаптар тұр. Балалары совхоз орталығындағы ағайын, таныстарының үйінде жатып оқитынға ұқсайды. Мақтаныш қылып айтатын нәрсе шамалы. Сонда да не айтуды түсіндіріп біраз отырдым да репортерімді қосып, микрафонымды оларға ұсынғанымда, біреуі мен сөйлеп білмеймін, кетем деп ұшып түрегелді. Қалған екеуі де қасымызда бағып отырған бригадирден қаймықты ма оған бір, маған бір қарап, әлгінде өзім айт деген сөздерімді ұмытып қалдық деп сөйлемей қойды. Сосын мен үшеуін отырғызып сұрақ беріп жаза бастадым. Екеуі оны-мұныны айтқан болды, ал үшіншісіне қағазға жазып беріп, азар дегенде оқытып алдым. Ауылдағы басқа аналар жайында, жалпы егіншілердің көрсеткіштері, еңбек табыстары жайында бригадирді сөйлеттім. Сонымен сағат түнгі екіге таяғанда қайтудың қамына кірістім. «Осы ауылдан шай ішіп кетіңіз, бір үйге барайық» - деп, бригадир қолқа салды. «Ертең түске дейін осы хабарды жазып, монтаждап, Алматыға жеткізуім керек еді» - деп, рахметімді жаудырып жолға шықтым.

Алдымда 200 шақырым жол, жүргізуші өзім жалғызбын. Көзге ұйқы тығылып, шаршау да бар. Сағат тілі 6-ға таяғанда қалаға табан тіредім. Екі сағат көз шырымын алып, Радио үйіндегі кеңсеме келіп, наурыздың 7-сі күні сағат күндізгі 12-ден аса телефон жүйесіне қосылған үнтаспам арқылы хабарды Алматыға беріп үлгердім. Соны жан ұшыра дайындап жатқанның өзінде, редакциядан сағат сайын соғып асықтырумен болды.

Менің түнімен жалғыз жүріп, жанкешті еңбекпен сонша жол жүріп тапсырманы орындағаным, ас-сусыз жүргенім, қанша қиындық көргенім ешкімге де аян емес еді. Онымен санасып, оны бағалап жатқан адам да болмайтын. Міне сол кездегі Радионың облыстардағы меншікті тілшісінің жауапкершілігі деген осы.

- Орталықтан жырақ, тіпті шалғай өңір. Оның үстіне бірнеше сағаттық айырмашылық та бар. Ақпарат кешігіп жетпей ме?

- Дұрыс сұрақ. Бір қиындығымыз осы – біз орталықтан ең алыс облыспыз яғни жердің шалғайлығы, сағаттың айырмашылығы болатын. Жаңалық хабарымызды негізінен ұшақпен жөнелтетін болғандықтан қаладан өзі шалғай орналасқан әуежайға күніне 2-3 рет баруға тура келетін. Ол кезде Астанамыз Алматы бізден шалғай болғасын ұшақ та күніне бір рет кейде екі күнде бір қатынайтын. Олардық ұшу кестесі, қай күні қандай кассир, қай күні қандай диспечер немесе смена бастығы жұмыс істейтіні, тіпті ұшқыштар мен жолсеріктер де әбден таныс болып кеткен еді. Кассадан құжат жасап үлгермесем, ұшқышқа, жолсерікке немесе жолаушыға да ұстатып жібере салушы едім. Кейінгі жылдары телефон байланысы жақсара бастағанда мен, республикада алғашқылардың бірі болып телефонға магнитафонды тіпті репортерді де жалғап тікелей Алматыдағы студияға жіберуді меңгердім. Кейін тіпті тікелей эфирге репортаж жазуды да жүзеге асыра бастадым. Бұл ретте облыстық байланыс басқармасының бастығымен таныстығым көп көмектесті. Олар маған Алматыға кез-келген уақытта телефон арқылы хабар жіберуге деп жеке бір линины үнтаспама байлап берген-ді. Бұл менің жедел жаңалықты сол сәтінде жеткізуіме көп көмектесті.

Ал сағат айырмашылығы да талай қиындық туғызды. Түніміен отырып ертеңгі эфирге шығатын мақаланы жазып кеш жатсаң да, Қазақ радиосындағы әріптестерім таңмен телефон шалып оятып алатын еді. Оларда бір сағат ілгері екендігі, сенің кеш жатқандығыңмен олар санасып жатпайды. Жәй тілшіден бастап бөлім бастығы, басшының орынбасары да басшылар мен режисерлер де бізге қожа, айтты болды орындауымыз керек. Ұйқым қалды деп күндіз ұйықтау деген түсімізге де кірмейтін. Оның үстіне отбасың, бес балаң, олардың проблемалары қосылатыны тағы бар. Бір жақсысы ол кезде қазіргідей баланы мектепке тасу деген болған жоқ. Өздері кетіп, өздері келіп жатады. Міне осындай қиындықтар бастан өтті ғой. Қазір ол туралы жастарға айтсаң ертегі сияқты қабылдайды.

- Сіз радиода істеп жүрген жылдарыдағы тарихи оқиғалар жайлы тоқталсаңыз және оны радио-эфирінен беру қалай жүзеге асып еді?

- Тарихи оқиға дегенде Еліміздің Тәуелсіздігін алу жолындағы алғашқы қадам, 1986 жылғы оқиғаны айтуға болар. Бұл оқиғаның біз басы-қасында болғанымыз жоқ, біз алыстағы Атырауда болдық. Көзбен көріп, ішінде болмағасын ол жайында тәптіштеп айта алмаймыз. Енді Қайта құру, Нарық экономикасы, Жекешелендіру деген науқандарды да сол кездің ерекше уақиғаларына жатқызатын болсақ, олардағы асыра сілтеулер мен көзжұмбайлықтардың бәрін көрдік. Келіспейтін келісімдер мен шешімдерге өз қарсылығымызды, құптамайтындығымызды ашық жазып та жүрдік. Бірақ одан болған өзгерістерді анық көре алмадық. Сенің ойың дұрыс екен деп басымыздан сипаған басшыларды да көре алмадық. Өйткені жергілікті басшыларды да жоғарыдан тоқпақтап, зорлап жасатып отырғанын олар үнемі айтып, мойындап отыратын. Соның бір-екі дәлелін айта кетуіме болады.

Күн сайын әлде бір мекемені немесе колхоз-совхозды немесе завод-фабриканы не жекешелендіріп немесе таратып жатқан кез болатын. Бірде сол кездегі облысы басшысының конференц залында журналистер мен ауылшаруашылығы басшыларның жедел жиналысы болатынын, оны облыс басшысының өзі өткізетінін хабарлағасын уақытында жинала қалдық. Залда адамдар лық толы. Ең алдыңғы қатарда ғана бірнеше бос орын бар екен. Соның біріне барып жайғастым. Ойым тіземе қойып отыратын репортерыммен облыс басшысының, басқа да сөйлеушілердің сөзін жазып отыру.

Жиналысты басшының өзі ашып, қазіргі нарық заманының тәртібі бойынша жекешелендіруді жеделдетуіміз керек екен, әйтпегенде біздің облыс ол жағынан кенжелеп келе жатыр екенбіз, енді тездетпесек яғни колхоз-совхозды түгел таратып, жақын күндерде жекешелендіріп болмасақ бас кеткелі тұрғанын қысқаша мәлімдеді. Бұрын да естіп жүрген нәрсеміз ғой, бірақ осындай тез арада еш дайындықсыз тарата салады деген ойымызға да келмепті. Басшының айтқандары құлағымызға түрпідей тиіп жатты. Қысқасы мыңдаған бас төрт түлік малдың бәрін не халық сатып алуы керек, не пайларына алуы керек немесе тездеп ет комбинаттарына өткізіп болуы керек екен. Жиналғандар жандарындағыларға қарап, айтарға сөз таппай отырды. Бірінші басшыға кім, не айта алсын?! Оның үстіне ол кісі қарсы дауды тыңдайтын түрі байқалмайды, өзі орталықтан таяқ жеп келгендігін жиі-жиі ескертіп қояды. Бәрін айтып болғасын. «ал сұрақтарың бар ма, болса қойыңдар, мемлекетіміздің қазіргі саясаты осы, оны сіздер мен біздер жедел орындауымыз керек, елдеріңізге барсымен кірісіңдер және оның күн сайынғы орындалуын хабарлап отырыңдар, мына отырған тілшілер сіздер осы айтқанымды баспасөз, радио, телевидениеден хабарлап, халыққа осыны дұрыстап түсіндіріңдер, тұрақты жазыңдар»,-деді.

Жиналғандар түгелдей аң-таң. Түсініксіз нәрсе көп болғанымен, басшыға бір нәрсе айтса «үкіметтің саясатына қарсысың ба?»-деп, сөз естуі мүмкін екенін олар түгел түсініп отыр. Бірақ байқаймын барлығының да ойларында жауапсыз қалған сан сұрақ тұрғанын сезіліп тұр. Жиналыстағылардың барлығы да осы, облыстың бірінші басшысының сөзіне қарсы дау айтатындай, сұрақ қоятындай жағдайда емес еді. Түсінбедім десе отырған тақтан тайдыратындай-ақ көрінеді. Залдағы аз ғана үнсіздікті бұзып, мен сұрағым бар деп қол көтердім. Отырғандар сілтідей тына қалды. Басшы маған қатқыл қабақпен қарап алды да: «Қой сұрағыңды», - деді. Мен республиканың тілшісі болғандықтан ба, облыстың, республиканың да талай басшыларына сұрағымды батыл қойып үйренгенмін. Сұрағымды әріден бастап, қоюға кірістім.

«Мен қарапайым колхозшының баласымын. Әкем балық колхозын өз қолымен құрған адамдардың бірі. Кезінде әкем өзінің шеттей бала-шағасын асырап отырған бір бұзаулы сиырын колхоз құруға деп жетектеп әкеліп, содан колхоз ұйымдасқан екен. Сол колхозда қазір сиыр фермасы бар. Үкіметке 60 жылдан астам уақыт колхоз ет пен сүт өткізіп, үкіметтің әкономикасының нығаюына белгілі дәрежеде үлес қосты. Енді соның бәрі әркімнің яғни ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі керек пе? Елдегі малдың бәрін таратып, сойып құртқанда Ел немен күн көреді? Етті, сүтті қайдан алады? Қаланы асырап отырған осы колхоз-совхоздардың 60 жылдан бергі жиналған малы емес пе? – деп сөзімді доғардым. Отрағандар дұрыс айтады дегендей, гуілдесіп кетті.

«Тынышталыңдар. Дұрыс сұрақ. Бірақ мен манадан бері не айтып отырмын? Сендер көзі ашық деген тілшілер түсінбегенде, халық қайдан түсінеді? Колхоз-совхоз дегендерді таратамыз. Малды қаржысы барлар сатып алып, шағын шаруа қожалықтарын құрады, сіздер мен бізді енді солар асырайды, етпен, сүтпен солар қамтамасыз ететін болады. Ал үкіметтің сатылған малының қаржысы мемлекеттіміздің нығаюына жұмсалатын арнайы қорына түседі. Үкімет сол қаржымен алыс-жақын шет елдерден свежий ет-сүт әкеліп, дүкендерге толтырып қояды. Содан керектеріңше сатып алып тұрасыңдар яғни бұрынғыдай соғым сойып немесе тоғазытқыштарыңды етке толтырып отырмай, дүкеннен керектеріңше 1-2 келіден немесе 5-10 келіден сатып алып отырасыңдар. Малды бағып, бәлен жыл асырап бейнеттенбей-ақ осылай ет жеп, сүт ішіп отырғандарың оңай емес пе? Міне үкіметіміз осының бәрін ойластырып отыр яғни шет елдегідей боламыз. Керек тамақтың бәрі дүкендерде толып тұрады» - деп, тоқтады басшы.

Маған қаратып айтқан қыруар ауыр сөздерге мен ыңғайсызданып қалдым. Жиналыстағылар да бұған сенер-сенбесін білмей аздап тықыршығандары болмаса, демдерін іштеріне тартып отыр. Қарсы дау айтуға шара жоқ, айтпаса түсініксіздеу жері көп. Міне осылай сол жылдары колхоз-совхоздердың тұқымын құртты. Жеме-жемге келгенде аяқ астынан пайға деп тегін таратылған малдың көбі көзімізше қырылып қалды. Себебі алушылардың оны асырап-сақтайтын қора-қопсысы, жем-шөбі, бағып-қағушы адамдары болмады, алушылар болмағасын кей шаруашылықтар сол кездегі колхоз-совхоздарды басқарып отырған директорлардың меншігіне айнала салды.

- Сол радиода жүрген кездегі есте қалар ерекше естелігіңіз болса айтып берсеңіз...

- Радио саласында 35 жылдан астам жұмыс істеген екенмін. Оның 20 жылы Қазақ радиосының Атырау облысындағы меншікті тілшісі болдым. Сол жылдар ішінде талай қызық та, шыжық та жайларды бастан өткердік ғой. Соның бір-екеуін айтайын. 

Қозылар арасында қамалған тілші 

1982 жылы облыс орталығынан ең алыс жатқан малды өңір Қызыл-қоға ауданы ЦК КПСС-тің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды деген хабар келді. Соны аудан орталығында болатын үлкен жиналыста Облыстық атқару комитетінің басшысы мен ауылшаруашылығы Басқармасының басшылары тапсыруға жүргелі жатқанын естіп, бірге барғым келетінін айттым. Олар қарсы болмады. Ақпан айының соңғы күндерінің бірі. Қыс әлі де айылын жимай түрған кез, оның үстіне бұл аудан Ақтөбе облсымен шектесетін, ең салқын, қары қалың аудан. Сондықтан машиналары жылы, жаңа болса да басшылар тікұшақпен баруды ұйғарыпты. Екі сағаттай ұшып, аудан орталығына қондық. Мәдениет үйінде Ту тапсырылды, кешкісін аудан басшысының үйінде үлкен басшыларға қонақасы берілді. Ертесіне таңертеңгі шәйден кейін аудан басшыларының машиналарымен бірнеше шопан қыстақтарын аралауға шықтық. Қар қалың, біз баратын шопандарға жол аршылған екен. Бірінші болып «Ұшқын» комсомол-жастар бригадасына келдік. Аға шопан қарсы алып, қораларды аралатты. Қойлар жаппай төлдеуді бастаған екен. Қорада қойға шөп салып, жаңа туған қозыларды жылы қораларға орналастырып жүрген ылғи өрімдей қыздарды көрдік. Басшылармен ере жүріп мен олардың аға шопанмен, бригада мүшелерімен сөйлескен сөздерін жазып жүрмін. Бір кезде жас төлдердің яғни қозылардың жылы бөлмесіне бас сұқтық. Шулаған қозылар есік ашқанда жамырай шуласып бізге қарай лап қойды. Мен микрафонымда соларға бағыттап дауыстарын қызық көріп жазып тұрмын. Мұндай дауыс бізге төлдеп жатқан жерден репортаж жазғанда аса қажет, оны біз фон ретінде пайдаланамыз да, «міне біз қозылардың ішінде тұрмыз» - деп баяндаймыз. Сол үшін мына шулаған қозылардың дауысын олардың ішінде тұрып 3-4 минөт бойы жазып алайын деп, шопанға: «Мен осында бола тұрам, 3-4 минөттен соң ашарсыз» - деп, жамыраған дауысты жайбарақат тұрып жаза бердім. Шопан өзі жабылмайтын сықырлауық есікті сырттан жауып, ілмекті іле салыпты. Мен жазып болып, есікке келсем сыртынан салынған ілмек ашылатын емес. Итеремін, жұлқылаймын, болмағасын ручкамды тығып ілмекті ашпақ болам, ашылатын емес. Төбеден салбырап түрған жуандау қамысты алып әуреленем, жоқ есік ашылатын емес. Қозылардың дауысы құлақ тұндырады. Айқайлап та көрдім, жан баласы еститін емес. «Ау кім бар жақын жерде» - деп қаттырақ та айқайладым. Ешкім көрінбейді. Қамыс қораның арасындағы саңылаудан сығалаймын, ешкім жоқ. Аузыма қолымды салып ысқырдым да. 200-дей қозының шуылы құлақ тұндырса, біраз тұрғасын байқалды жас қозылардың қоңырсыған иісі қолқа жарып барады. 15-20 минөттей болды. 2000 дай қойды бағып отырған үлкен бригаданың қора-қопсысы көп екенін әлгінде байқағам, оның бәрін аралап болғанша мені қамаудан құтқаратын адам бола қоймас деп тұрмын. Оның үстіне облыс басшылары тағы да бірнеше шопан қыстағын аралаймыз, асығыспыз деген еді, олар мені ұмытып қалдырып кетпес пе екен деген де ой келді.

Амалсыздан аяққа оратылған қозылардың арасында әрлі-берлі жүре бастадым. Қозылар болса аш па деймін, менің балағымды жалап, тіземе шапшып, баснып барады. Тағы бір 5-10 минөт өткенде, екі қозыны қолтығына қысып бір қыз келе қалды. Қуанып кеттім. Қыз шошып кетті, мынау қайдан кірген адам-дегендей таңдана қарайды. Жағдайымды айтып жатырмын. Қорадан шыға салып, тұтқыннан босаған адамдай қора-қораның ішімен жүгіріп келемін. Шығатын есікті таппай жүрсем, тағы бір қыз қойларға шөп салып жүр екен, есік қайда, жол көрсетші деп жатырмын, ол шығар есікке ертіп келе жатыр. Осы кезде екі машинаның жанына жиналып тұрған басшыларға келдім. Мені сөйлетпестен облисполком басшысы: «Шырағым-ау қайда жүрсін, жолымыздан қалдырдың ғой, бір сағат болды сені күтіп тұрғанымызға, сен жүрсің қыз айналдырып, бұл жастарды қойсайшы, қыз бар жерде осылай жоғалып кетеді», - деп талай сөзді айтып тастады. Мен болсам: «Мені қозылардың қорасына сыртымнан кілттеп кетіпті, содан шыға алмай тұрмын, манадан»-деп ақталып жатырмын. «Өй сөзің құрысын, соған да біреу сене ме, толған қызды көріп, басың айналған ғой. Бұл тілшілермен жүрсең осы, то запис жасаймын деп бөгейді, то қыз айналдырып бөгейді» - деп ызғарлы үнмен маған зекіп, машинаға отырып алды. Мен қанша ақталғанмен, басшының қосшылары әрине оның сөзіне сенгедей болды.

Сөйтіп қозының дауысын жазам деп, қыруар сөз естігенім бар. Бірақ сол жазып алған қозының дауысын, қыстақтан жазған әр репортажыма пайдаланып, «живой репортаж» жазып келген болып бірнеше жыл редакцияның ризашылығына бөлендім. 

Қазақ радиосының тілшісі болғаным өмірімді құтқарып қалды 

Келесі бір қызық оқиға өзімнің жаным сүйетін сүйікті ісім, серілігім - аңшылықта жүргенде болды. Жұмыстан сәл қолым босаса аң-құс-балық аулауға, қала сыртына шығып кететін әдетім бар. Сондай бір қыстың қытымыр кезінде жолға шықтық. Су жаңа «Пикап» машинамыз дала жолымен жүретін болғасын артымызға екі-үш қап шебенька салып алғанбыз, бұл машина соқпасын деген амалымыз. Далада қарға бата қалсақ керек-ау деген есеппен күректер мен арқан (трос), әртүрлі ағаштар да салынған. Соған қоса бір бума газет тігіндісі де қолыма ілінгесін оны да сала салғанмын. Ондағы ойым тоңып-шаршап далада қалатын жағдай болса, от жақсақ тамыздық ретінде пайдалану еді.

Қазақтың қыс аяқталар кезіндегі яғни 17-25 ақпан аралығында болатын «Бөрі сырғақ» амалы кешеден бері борандатып тұрған. Бұл күндері қасқырлар топтасып, ұйығады. Мақсатымыз малшы ауылдардың қора-қопсысын торыған, ұйыққан аш қасқырларды ату. Бұл күндерді біз де жыл сайын арнайы дайындалып күтеміз. Талай рет осындай «Бөрі сырғақ» боранында аңға шығып, талай көкжалды қанжығамызға байлағанымыз бар-тын. Бұл жолы аңшылардың ішіндегі оңтайға келгенді ататын өзім, Халел бажам мамандығы жүргізуші болмаса да машинаны өте шебер жүргізетіндіктен көлік айдаушы, қалған екеуі артта отырып, жарық шамдарымен, оң жақтан, сол жақтан қасқыр іздеуші. Олардың жарығы қасқыр көзіне түссе болды, Халел солардың артына түседі де менің оңтайыма әкеліп береді.

Сөйтіп Махамбет ауданының «Көздіқара» маңын және Исатай ауданының қырлорын шолып жүрміз. Бұл жерлердегі қыстақтардың арасы алыс, біз соны торуылдаймыз. Бір кезде сайға түсіп едік ауылдың шамындай жарқыраған көгілдір сәулелерді шалып қалдық. Жылдамдықты тездетіп жетіп-ақ келіп едік, әлгі қасқырлар жан-жаққа бытырай қашты. Біреуінің соңына түстік, ол түлкі бұлтаққа салып келеді. Бірде сайға түссе, бірде қабаққа көтеріледі. Сайға түскенде біз де қиналып барып шығып кетеміз, ол маңайлатар емес. Бір мезетте төбе басындағы бейіттер көзге шалынды. Қасқыр соның арасына кіріп, бой тасалады. Бейіт ішіне машина кіре алмайды, жаяу жүріп аралау өлі аруақтарды сыйламағандық болар деп, біз қорымды екі-үш рет айналып шықтық, ештеңе көзге шалынбады. Сөйтіп одан айырылып қалдық та, қалғандарын іздеуге кеттік.

Әлгі жерге келсек, ірі малдың өлексесі жатыр екен, бұлар соны жәукемдеп жатқан болды. Бұл маңды шолып көп жүріп қалдық. Жанармайымыз азайғанын көріп жақын ауылдағы жанармай бекетіне келіп, қысқы дизел отынын сұрадық. Бар деген соң қуана-қуана құйып алып, жолымызды жалғастырдық. Алыстан көрінген малшы ауылдың сығырайған шамын бетке алып келе жатқанда жыңғыл арасынан тоғыз қасқыр кезікті. Әлгілерден айырылып қалған ызамызбен қуып келеміз. Салғаннан біреуін атып алдық та келесісін іздедік. Бұл кезде түн ортасы ауған шақ еді, аяз қатты желмен қатая түсіпті. Қалғандарын іздеп көп жүріп қалдық. Із қарайтын шама жоқ, қарлы боран ізді сол сәтінде жауып тастауда. Бір кезде машинамыз іркіп-іркіп жүрмей қалды. Аң-таңбыз. Сөндіріп қайта қыздырамыз, бәрі-бір жүретін түрі жоқ. Қызады да сөніп қалады. Енді есімізге түсті, әлгінде құйғанымыз қысқы емес жазғы жанармай болды. Үлкен кісі ретінде менің ақылым, газет, тряпкаларды жағып бензин бакты жылыту. Екі жігіт астына жатты да желмен алыса жүріп соны жасады, машина бірер шақырым жүреді де өшіп қалады. Солайша 4-5 шақырым жүрдік. Газет, тряпка таусылды. Амалымыз құрыды. Сағат 5-тің кезі. Боран күшейе түскендей. Жылуы жоқ машинаның іші желсіз демесең сырттағы салқындықтан кем емес. Тоңа бастадық. Машинаны жауып, әлгінде өзіміз жанынан өткен айдаладағы жалғыз қыстақты іздеп шығуды ұйғардық. Оның жанында тұрған «Белерус» тракторын көзім шалған. Ол бір 6-7 шықырымдай жерде сияқты. Аброй болғанда ыққа қарай, жел артымыздан итеріп жеңіл бүлкілмен желіп келеміз. Қойын-қонышымызға жел кіріп, күннің жағдайсыз екенін анық сезіне бастадық.

Таң алдында әлгі үйді азар тауып келдік. Үй иелері таңғы тәтті ұйқыда болса керек, тым-тырыс. Шабалақтаған иттерді қақпайлап, есікке келдік. «Кәреке, сен үлкен кісісің ғой, сен барып сөйлесші, әйтпесе қорқып кетер» - деп жігіттер мені жұмсады. Есікті соғып тұрмын, дыбыс жоқ. Біраздан соң барып, ішкі есік ашылып; «Бұл кім, таң атпай жүрген кімсің?» - деген өктем дауыс естілді. Барымша түсіндіріп жатырмын, тоңып қалғанымызды, жан сақтап тек жылынамыз, басқа шаруамыз жоқ, көмек етші, айналайын, – деп жалынып жатырмын. Менің айтқандармды тым-тырыс тыңдап тұрған ол: «Кімсің өзі, аты-жөніңді айтшы?» - дегені. Мен, «Мені танымайсың ғой, Айналайын, есік ашсаңшы, сосын танысамыз ғой» - дедім, орта жастағы жігіттің дауысын есстіп «Айналайындап». «Жоқ атыңды, фамилияңды айтшы?» - деді ол тағы да. Сасқаннан оның айтқанын жасайын деп: «Карим Бақриденов деген ағаңмын» - дедім. «Сен радиодан сөйлейтін Карим Бақриденовсың ба?» - деп салды. «Иә, иә. Қазақ радиосының тілшісі Карим Бақриденовпын» - деген дауысым қалай шыққанын да байқамай қалдым. Сол сәтінде есік айқара ашылып, ұзын бойлы, қара торы алып жігіт: «Ассалаумұғалейкум, Карим аға!» - деді маған қолын созып. Қараймын танымадым, бұрын көрмеген жігітім. Сасқаннан оның қолын екі қолыммен қысып жатырмын. «Қасымда жолдастарым бар еді» - дедім, үйдің ықтынында тұрған жігіттерімді шақырып. Ол да: «Е кірсін, кірсін. Төрлеңдер - деп жатыр. – Аға қайдан жүрсіз, мына боранда?» –деп маған ол да бетіме бажырая қарады. Осыны естіген жігіттер де аң-таң. «Кәреке танысыңыз ба?» - деп бәрі маған таңдана қарайды. Мен білмейім деп иығымды қиқаң еткізем. Жылы үйге келгесін, түгел шешініп, жеңілденіп, жөн сұрасуға кірістік.

- Інім мені таныйсың ба? Мен сені есіме түсіре алмай отырмын - дедім оған барлай қарап.

- Сіз Карим Бақриденов емессіз бе? – деп, ол да маған зейін қоя қарады.

- Иә – дедім.

- Мен осы «Бақсай» совхозында көмекші шопан болдым. Сіздің Қазақ радиосынан күн сайын Атырауымыз жайында беріліп тұратын жаңалықтарыңызды, «Ұшқыннан», «Шалқардан» жастарға арнап берілетін күшті әңгімелеріңізді бала күннен бастап «VЭP» деген транзистріммен жата-жастана тыңдайтын едім. Қой жайып жүргенде аттың үстінде, немесе көк шөпке жантая кетіп сіздің айтқандарыңызды талай рет сүйсіне тыңдағанмын. Сонда бұл кісімен бір кездесіп, сөйлессем ғой деп армандаушы едім - деп, ол бар сырын жайып салды.

Танысып болсымен ол түрегеліп келесі бөлмеге шықты да келіншегіне:

- Шәй қайнат, ас сал, алыстан жақсы ағам келді - деп жатыр.

- Жоқ, айналайын, әлі таң атқан жоқ қой, келінді, балаларды оятып мазалама. Біз біраз жылынып алып жүреміз - деп, болған жағдайды толық айтып бердім.

Машинаның жанармайы қатып, жүре алмай тұрғанымызды естіген ол;

- Ой кеше ғана бір бөшке қысқы жанармай әкеліп қойғам, анау сыртта тұрған тракторыма, содан аздап құйып берейін - дегені.

Сонымен сәл уақытта шыж ете қалған шәйнек те тез жайыла қалған дастарханға буы бұрқырап келе қалды. Шәй үстінде осы маңайда болған аға шопандар мен осы ферманың мал дәрігері, зоотехнигі мен басқа да мал мамандарын есіме түсіріп, оларды сұрай бастадым. Себебі кезінде озат атанған осы «Бақсай» совхозына мен жиі келіп, көп аралаған едім. Ол анау бар, анау өмірден өтті-деп жауап бере отырып;

- Ой, аға, біздің ферманың адамдарын түгелге жуық біледі екенсіз ғой, - деп тіпті риза болды.

Екеуміз ескі таныстардай көп әңгіме айттық. Қысқасы ол шәйдан кейін, үйде тұрған алып аккумоляторын көтеріп шығып, тракторына от алдырды да, бізді шағын кабинасына сыйғызып, машинамызға алып келді. Пояльный лампасымен бакты жылытып, өзімен әкелген екі бос канистріне біздегі бар жанармайды құйып алып, өзі әкелген бір канистрдегі қысқы отынды құйды. Аздан соң машинамыз от алып, көңіліміз жайланып қалды.

Бұл кезде күн көзі біраз көтеріліп қалса да, қарлы бораннан аспан әлі де ашыла алмай дала бұлыңғырланып тұрған. Біз түндегі қасқырларды көрген жерлерімізді тағы бір шолуға ататанып кеттік. Малшы жігітке алмаймын дегеніне қарамай, біраз ақшасын беріп, ризаладық. Міне ай далада, адасып жүріп жолықтырған жалғыз үйіміздің иесі, жас күнінде Қазақ радиосын тыңдағанынан, біз қанша қайырымдылық көрдік. Менің Қазақ радиосында істегеніме мақтаныш сезімім артты. Жанымдағы жігіттер болса, сол күні де, тіпті кейін де: «Карим аға, сізбен жүрсек далада қалмайды екенбіз ғой. Жеті түнде шырт ұйқыдан оянған адам да Сіздің дауысыңызды естіп, тани кетеді» - деп күлісіп жүретін болды. Бұл менің емес кезінде жастардың жанын баураған «Ұшқын», «Шалқар», «Ауыл өмірі» редакцияларының жалынды да жағымды хабарларының әсері болар деймін. Қазақ радиосы жасай берсін! Айта берсем Қазақ радиосы жайлы жағымды естеліктер менде әлі де көп-ақ. 

Бас редактордан беделді тілші 

Бірде тағы бір осындай қызық жағдай болды. Ол Елімізде Қайта құру кезеңі басталып, жедел жүргізіліп жатқан 1986 жылдың мамыр айы болатын. Әр ауданда мерекелер өткізілетін стадиондар салынып жатты. Баспасөз күнінің қарсаңында ол кездегі Теңіз (қазір Құрманғазы) ауданының орталығында жедел салынып біткен стадион пайдалануға беріліп, сонда алғашқы облыстық мереке тойланбақшы еді. Өзге ауданның өкілдері, қалаға жиналды да, қаладан Атырау-Астарахан бағытындағы поезбен барлық адам жүруге тиіс болды. Ішінде аудандық, қалалық, облыстық, республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілері де бармыз.

Аудан орталығына 250-300 дей адамды обкомның сол кездегі үшінші хатшысы Мәркен Шәйжүнісов бастап барды. Келген қонақтарды қонақ үйлер мен мектептерге, жатақханаларға орналастырды. Келесі күні жаңа салынып біткен стадионда салауатты өмір салтын, қазақи барлық салттар мен дәстүрлерді кеңінен насихаттаған шеру өтті. Артынан үлкен концерт берілді. Онан соң қонақтарға қонағасы берілді де, кешкісін поезға отыру үшін вокзалға келдік. Билет кассасында кезек көп екен, бірнеше касса жұмыс істеп тұр. Үлкен деген аға журналистерді, Бас редакторларды алдымызға өткізіп, кезекте тұрмыз. «Социалистік Қазақстанның» меншікті тілшісі жасы үлкендеу ағамыз Қазихан Қабделов, купеге алдым деп бізге билетін көрсетіп, кете барды. Одан кейін облыстық екі газеттің Бас редакторлары барды кассаға. Оларға купеге билет жоқ деп, плацкарттан орын берді. Мүйіздері қорағайдай екі Бас редактордың: «Бізге де купеге бер» - дегеніне кассир қыз құлақ аспады. Олардан кейін тұрған мен енді, купеден алуға дәмемді үзіп тұрғанмын. Бір кезде кассир қыз: «Тілші бар ма, құжатыңызды беріңізші» - деп дауыстады. Мен жұмыс куәлігімді ұсына қойдым. Маған да купеден орын берді. Осыны көрген Бас редакторлар кассаға қайта оралып, «бізге неге купеге орын бермедің, орын бар екен ғой», - деп, реніш білдіріп жатты. Кассир: «Ол Қазақ радиосының тілшісі ғой» - дегені. Естіп тұрғандардың бәрі де мырс етіп күлгендері болмаса, айтарға сөз таппады. «Ал біз кімбіз сонда?» - деді, екі Бас редактор қосарлана сөйлеп. Кассир: «Сіздер тілші емессіздер ғой, куәліктеріңізде олай жазылмаған» - деп, кассир қарсы дау айтып жатыр. Сөйтсек кассирдің түсінігі бойынша Тілші аса құрметті адам да, Бас редакторлар ондай құрметке ие емес, қарапайым мамандық иесі екен. Сөйтіп қарапайым Қазақ радиосының тілшісінің халық арасында қаншалықты құрметті, беделді екеніне өзім де көз жеткізіп, өзгелер де таңданғаны бар. Бұл әрине бүкіл Қазақстанға күндіз-түні тынбай жаңалық есіттіріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүрген Қазақ радиосының, менің радиомның беделі деп мақтанышпен айта аламын. 

Байжанбаевты бәрі біледі 

Тағы бір жолы орталықтан алыс ауданның бірі Индер ауданының «Правда» совхозында шопан қыстақтарын аралап, шопандармен сөйлесіп, олардың қысқы жағдайларымен танысып жүргенмін. Облысқа, республикаға аты кеңінен таныс, ерен еңбегі үшін бірнеше орден мен медальдің иегері, «Жалын» комсомол-жастар бригадасының тәлімгері, Қырым Біләлов деген аға шопанмен қой қорасның ішінде сөйлесіп, дауысын жазып тұрғанмын. Өзінің шаруа жайындағы әңгімсін аяқтап, ол кісі маған сұрақ қоя бастады.

- Қай жердің радиосының тілшісі боласың, Атыраудың ба?

- Жоқ, Алматының, Қазақ радиосының тілшісімін - деп, тәптіштеп түсіндіріп жатырмын.

- Ә білемін. Біз үнемі транзистрден тыңдап жүреміз. Е онда Әнуар Байжанбаевтың қарауында істейді екенсің ғой - деп, ол кісінің дауысын жиі естіп, сүйсіне тыңдайтындығын білдіріп жатыр. Мен қарсы ештеңе айта алмай жымиып күлдім де:

- Иә, иә - деп басымды шұлғып, келісе кеттім.

Қазақ елінің Левитаны атанған, өзіміз Қазақ радиосының қара шаңырағында жүргенде күніне бірнеше рет көріп, жүздесіп жүрген Әнуар ағамызды алыс-шалғайдағы, мал қамымен жүрген еңбек адамдарның жақсы білетініне дән риза болдым. Республикаға аттары кеңінен таныс жазушы-журналистер Қасым Хасенов, Камал Смаилов, Ғадылбек Шалахметов, Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаевтар Қазақ радиосын басқарса да елдің аузында Әнуар Байжанбаевтың есімі жатталып қалуы қандай жарасымды деп ойлаймын.

- Кәрім аға, тамаша әңгімеңіз үшін көп рахмет!

Бөлісу: