Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де өткен брифингте Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова халықты карантин талаптарын сақтауға шақырды.
Күннің жылынуы мен карантиннен шаршағандық жауапсыздыққа себеп болмауы керек. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әрбіріңізден карантин шарттарын қатаң сақтауды сұраймыз, - деді ол.
Бас санитарлық дәрігер айтқандай, карантин режимі бұзылса, коронавирусқа шалдыққандардың саны күрт көбейіп кетеді.
Карантин шараларын қатаң ұстансақ қана індеттен құтыламыз. Аса қажеттілік болмаса, ешқайда шықпай, үйде отырыңыздар. Бұл шараның бәрі сіздердің денсаулықтарыңыз үшін қабылданып жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына бей-жай қарамаңыздар, - деп Сархат Бейсенова халықты карантин талабын сақтауға шақырды.
Еске сала кетейік, бүгін Нұр-Сұлтанның бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты.
Қаулыға сәйкес IV тоқсанда 9, 11 (12) сынып оқушыларын қоспағанда, елорданың барлық оқушысы қашықтықтан оқыту форматына көшеді.
СОСО, сауда үйлерінің, сауда орталықтарының жұмысын күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтай отырып, бір келушіге 4 м2 есебінен толымдылығын сақтаған кезде жұмыс кестесін жұмыс күндері сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін және демалыс күндері жұмысына тыйым салумен ұйымдастыру (оларда орналасқан дәріханалардан, сондай-ақ азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тауарларды сататын минимаркеттерден, супермаркеттерден және гипермаркеттерден, сондай-ақ олардың қызметіне осы қаулы бойынша олардың орналасуына қарамастан рұқсат етілген объектілерді қоспағанда). Бұл ретте көрсетілген объектілерде және олардың аумақтарында орналасқан аттракциондардың, балалардың ойын алаңдарының, мұзды және роликті сырғанақтардың, ойын орталықтарының жұмысына қатаң тыйым салынады.
Одан бөлек фудкорттардың жұмысы штаттық режимде тек тамақты жеткізуге және шығаруға рұқсат етіледі. Ал акциялардың, жәрмеңкелердің, шоурумдардың, ұтыс ойындарының әртүрлі түрлерін өткізуге тыйым салынады.
Ал қоғамдық автобустар жұмысы жексенбі күні тоқтатылады.
Жаңа қаулы 2021 жылғы 30 наурызда күшіне енеді.