Дәрігерлер карантинде жатқан науқасқа шұғыл ота жасады

19 Сәуір 2020, 17:36
1626
Бөлісу:
Дәрігерлер карантинде жатқан науқасқа шұғыл ота жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласы Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының (қазіргі провизорлық орталық) дәрігерлері карантинде жатқан науқасты тексеру кезінде одан асқынған аппендицитті анықтап, шұғыл ота жасады.

Бұ туралы аурухананың Facebook-тегі ресми парақшасында хабарланды.

Уақытша орталыққа түскенге дейін бірнеше күн қатарынан науқастың қызуы көтерілген. Коронавирус белгілері анықталуы мүмкін деп сақтанған аурухана дәрігерлері оны үнемі бақылауда ұстаған. Алайда, сараптама теріс нәтиже көрсетті. Науқасты тексеру кезінде одан асқынған аппендицит анықталды. Егер оны тез арада алып тастамаса, пациент сепсистен қайтыс болуы мүмкін екенін түсінген хирургтер "жедел ота жасау керек" деген шешім қабылдады, - делінген Facebook-тегі хабарламада.

Науқастың коронавируске жасалған тест нәтижесі теріс болғанына қарамастан, ол карантинде қалды. Демек, пациент әлі де қауіпті дегенді білдіреді.

Операция бөлмесінде аурухана хирургі Нұрхат Есенбеков, оның көмекшісі гинеколог Гүлмира Орынова, анестезиолог Марат Сәтбеков және барлық медбикеге обаға қарсы костюм киюіне тура келген.

Біз мұндай жағдайда ешқашан жұмыс істеп көрмедік, өзімізді ыстық моншада жүргендей сезіндік. Маскалар терлеп кетті, көру, тыныс алу қиын болды. Көмекшім есінен танып қалуға шақ қалды. Себебі, операция екі сағатқа жуық уақытқа созылды, - дейді Нұрхат Есенбеков.

Нұрхат Есенбековтің хирург болып қызмет етіп жүргеніне 9 жыл болды. Бұл дәрігердің тәжірибесіндегі ең қиын ота болғанын айтты. Бірақ бәрі ойдағыдай аяқталды, қазір науқас біртіндеп қалпына келе бастаған. Хирургтің айтуынша, ол отбасын бір айдан бері көрмеген.

Мен біздің аурухана ұйымдастырған қонақүйде тұрамын, балалармен және әйеліммен whatsapp арқылы сөйлесемін. Жұбайым инфекционист-дәрігер, сондықтан ол бәрін түсінеді, үйде балалармен қалды, ал мен жұмыс істеймін. Қазір ешкімге оңай емес, ең бастысы, қиындыққа қарсы тұра білсек, бұл дертті де жеңеміз, - дейді ол.
Өзгелердің жаңалығы