Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Қазақстанда карантин талабын күшейту немесе жеңілдетуге байланысты болжам 3 жағдайға сүйене отырып жасалатынын жеткізді.
Бұл жағымсыз, шынайы және позитив болжамдарға негізделіп жасалады. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі мен Үкімет жағымсыз болжамға сүйеніп отыр. Ол ұзақ, қысқа мерзімге байланысты жасалатындықтан кемшін тұстары өте жоғары болуы мүмкін. Сондықтан, Денсаулық сақтау министрлігі қысқа мерзімге негізделген, яғни 10-15 күнге негізделген болжамға сүйенеді, - деді ол.
ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында өткен онлайн баспасөз конференциясы кезінде Бағдат Қожахметов карантин талаптарының күшеюі немесе жеңілдеуі адамдардың әрекетіне байланысты екенін жеткізді.
Тамыз айында карантин талаптары жеңілдеді. Сондықтан, бірқатар кәсіпорын жұмысын қайта жолға қоюға мүмкіндік алды. Карантин талаптарының күшеюі немесе жеңілдеуі адамдардың іс-әрекетіне байланысты. Біз еліміздегі санитар дәрігерлердің талабын қалтқысыз орындауымыз қажет. Ең алдымен, маска тағып, арақашықтықты сақтау шарт. Екіншіден, адам көп шоғырланатын жерлерден алшақ жүрген абзал. Яғни, карантин нормаларының күшеюі немесе жеңілдеуі біздің қалай әрекет ететінімізге тікелей байланысты, - деп түйіндеді ол.